17:10
Абайтануға айқындама

ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ

Керегедей кең Шыңғыстың сай-саласынан Ертіс дариясына қарай аққан сулар сегіз өзенді құрайды. Қаһарлы Шыңғыс хан Орта Азия (ескіше – Сартауыл) жорығына шыққанда алдымен осы Шфңғыс тауына келіп, әскері Қарауыл өзені бойында жатыпты. Сонда «он екі рудан он екі кісі... үлкен биіктің басында, ақ киізге Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді» (Абай). Отырар қаласынан басталған Сартауыл жорығына 250 мың сарбаз қатысыпты. Әр сарбаз бір емес, екі аттан еншілеген дейді. Әлемді тізе бүктірген хан Шыңғыс осы тауды әлденеше жыл қыстады, 500 мың атты жаратты деген ескі сөз тегіннен-тегін емес, оның шоқы, жота бөктері қыстай қара жатады. Бөктерлер қатты жел жұлып әкете алматйын кәдуілгі көде, мық жусан мен тырбықай бетегеге бай. Сондықтан таудың қойнауы тебінді жылқы тұра тұрсын, қойдың да құты. Қар жатпайтын себебі, әрқашанда Шыңғыстың қиыршық тасты ұшыратын қатты желі оңынан соғып тұрады. Шыңғыстау – төрт түлік малға жайлы қоныс. Археологиялық қазбалар оның ежелгі мекен екенін көрсетті. Хан Шыңғыстан басталған хандық заманды қоя тұрғанда, ежелгі сақ және қимақ-қыпшақ (ІХ-Х ғ.ғ.) дәуірлеріне қатысты ескерткіштер көптеп табылды.

Енді қарт Шыңғыстың күншығысы – Семей жағына көз салайықшы. Таудың бауырындағы ықтасынды шалқар, малға да, жанға да пана сайын дала «бауыр» деп аталған. Бауыр Шыңғыстың табанынан сонау Көкен тауынан күшікбай асуына дейін жалғасқан Арқалық жотасына шекті созылады. «Абай жолы» эпопеясының бастапқы бетінің бірінде: «Жазықсыз сары биік, көкшіл қоныс, ақ көделі әдемі өлке мұнарланады... үзілмей, қатаймай, бір қалыппен желпіп соққан әдемі салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра толқып, су бетіндей жыбыр қағып шалқып жатқан алкүрең көде мен селеу далалары... дала емес – теңіздері қандай!» - деуімен Мұхаң (М.Әуезов) қаламы осы бауырды суреттеген ғой. Бауыр тұтас теңіздей деген теңеудің айғағы: Абай-Шәкерім кесенесі алыстан кеме сияқтанады. Аралары қашық болған соң ба, балақ таулар мен төбе, шоқылар көзе көп іліне бермейді. Абай: «Жер жүзін безендірген Тәңірім шебер» дегендей, әр тұстағы тау, төбе, шоқылар, айдыны жалтыраған бірер көлдер бауырды безендіруге, оны өсімдіктер және жан-жануарлар әлемімен байыта тусуге жаралғандай әсерге бөлейді.

Құбыладан соққан қара желе Шыңғыстың сай-саласынан қуаты азайып, «әдемі салқын қоңыр жел» болып, өбектеп жетеді бауырға. Тобықтылар «Бауыр» деген бұл даланың өзге жазықтардан тағы бір ерекшелігі – Ащысу өзенінің суы кең жайылып күллі алқап қалың қорымға айналады. Семейге қатынайтын жол мен ащысу қиылысар тұс ұры-қары паналайтын мүттәйім (қауіпті) жер саналған («Абай жолында» осы арада оқудан қайтқан Абайды жорға Жұмабай қорқытпақ болады).

Мамыр айының басы – ел жайлауға шығуға қамданатын кез. Ырғызбай руы Шыңғыс тауының сырты – Бақанас деген кең жайлау, мол су, көкорай шалғынға бет түзейтін. «Бұл жер атақты Барлыбай өзені сарқырап ағып жатқан мөлдір су, екі жағы жазық ат бауырынан келетін көк шалғын, байлаған құлын көрінбейтін бие бау, кереге жайғызбайтын қалың көк бетеге. Өзенді жағалай қонған он шақты ауыл, ортасында күмбездей аппақ болып тұрған алты қанат үйлер, шет жағында мал қотанына арналған қоңырқай төрт қанат үйлер, кешке жақын өзенне су ішіп, өріске қарай шұрқырап, кісінесіп қаптап келе жатқан мыңғырған ақтылы қой, қоңырлатып дауысын созып, әнге салып боздаған көп түйе», - деп сипаттап береді сол заманның куәгері Әрхам ақсақал. Абайдың тап осы жерді, осы көріністі тамашалап тұрып шығарған:

Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда.

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда, -

деп басталатын өлеңін әр толқын ұрпақ сүйсіне оқып, жатқа біледі.

Кең қоныс Бақанас жайлауында үш айдай шалқыған ел тамыз айы туғанда бауырдағы күзеуге қарай қайта көшіп, құдықтарына қонады. «Үш айда жайлауда шалғын мен бетегеге жайылып, ащы жерді аңсаған мал осы бауырға келгенде, - дейді Әрхам, - құрт көргенде аузынан су ағатын қышқыл сағынған адамдай құмартып, құшырлана жеп, мейірі қанады. Бұл даланы Бауыр деседі». Бауырдағы күзеуде жұртшылық «Ерте барсам, жерімді жеп қоям» деп, қара суық түскенше отырған үйлерін қи-тезекпен жылытып. Қар ұшқындаған «боқырау» шақта Жидебай сияқты қыстауларына қайтып оралатын.

Бауырдың орта тұсы шөбі қалың шабындық, кіл шилі көкмайса алқаптар, ол жерлерді ел «Қорық» деп атаған. Айта кетері, бүгінгі таңда Абай заманындағы табиғат өзінің керемет келбетін сақтап қалды деуге қиын. Өкінішке қарай, өткен ғасырда болған өзен-сулардың тартылуы, экологиялық апаттар Бауырдың суретіне айта қаларлықтай нұқсан келтіруде.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 158 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: