19:28
Абайтануға айқындама

АҚЫННЫҢ ШЫҚҚАН ТЕГІ

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының ататегі – Орта жүздегі Тобықты руының көшін бастаған тарихи тұлғалар. Бесінші атасы Олжай, оның үш ұлы: Айдос, Жандос (лақап аты – Жігітек), Қайдос. Абайдың төртінші атасы Айдостың төрт ұлы болған. Олардың шешесі Айпара есімді бәйбіше айтқан мына сөз ел есінде қалыпты:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торы айғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,

Сірә да, оңбас Торғайым.

Айдостың төрт ұлы Тобықты елі Ақтабан шұбырындыдан кейін Сырдан Арқаға қарай шығып, жайлы қоныс іздегенде туыпты. Сол себепті төртеуі де жолдағы өзен-сулардың атымен аталған. Абайдың арғы атасы Ырғызбай – шешесінің «шынжыр балақ, шұбар төс» дегенін ақтаған кесек тұлға. Ырғызбайдың бәйбішесі Ермек – Абақ керей Ер Жәнібектің қарындасы (ағасының қызы). Досы Ырғызбайдың мәрттігіне разы Ер Жәнібек оған қарындасын қалыңсыз берген деседі. Әзелде Құнанбай бастатқан Ырғызбай ұрпақтары керей жұртын «нағашым» деп қадір тұтыпты.

Өкінішке қарай, Ермек анамыз ескерусіз қалды қазір. Көп жылдар Жидебайдағы Абай үйінің шырақшысы болған Ниязбек алдажаров ақсақал өзінің естелігінде: «Ермек Есіргемісқызы Доғалаң тауының күншығыс бауырында Есіргеміс деген үлкен дөң бар, соның басында жерленген», - деп дерек береді. Ал өлкетанушы Бекен Исабаев: «Шеткі дөңде ескі қора орны (Дүйсетай қорасы), тас бейіт тұр. Сол тас бейіт – Ырғызбайдың бәйбішесі Ермек Есіргеміс қызының бейіті» деп нақтылай түседі. Олай болса, мүлде жоғалмай тұрып, тас бейітке кімдікі екені туралы мәлімет жазып, белгі қою – бүгінгі ұрпаққа қарызды міндет.

Шежіре сөзімізді жалғайық. Ырғызбайдың бәйбішесі Ермекпен Өскенбай туады. Абайдың атасы Өскенбай – тобықтыныңң атақты биі Кеңгірбайдан соң билік тізгінін ұстаған адам. Жігітек баласы Кеңгірбай қартайған шағында ақ батасын беріп, өз орнына Өскенбайды би қояды. Өскенбай селт етпейтін маңғаз, ақкөңіл, ағайынға қадірлі жомарт адам болған. Өсекеңнің бәйбішесі кісі ренжітпейтін, жұмсақ мінезді Зерені (руы – найманның матай бұтағы) Абай «кәрі әже» деп атаған.

Әкесі Құнанбай (1804-1885) аға сұлтан, қоғам қайраткері болды. Ол аға сұлтан лауазымына сайланған 1850-1852 жылдар Қазақстанда хандық жүйе жойылып, орнына аға сұлтандық енгізілген тарихи кезең еді. Құнекең – «Абай жолы» эпопеясынан мәлім кесек кейіпкер, қара тілге шешен, тумысынан ақыл-парасат дарыған қия жартастай мықты тұлға. Құнанбай – өзі сүрген ортада, үлкен тартыстар үстінде өсіп жетілген кісі. Ел аузында оның діндарлығы мен мырзалығы, алысты болжаған ақылдылығы көп айтылады.

Құнанбайды ұрпағы «тәте» десе, өзге жұрт оған «мырза» деп ат қояды, жоқ-жітікке, ағайын-туысқа көп қарайласқаны себепті. Мекке сапарынан кейін «қажы» атанған. Құнанбай өзі балуан әрі сымбатты балғын жігіт болған шағында көкшешек шығып, өлім аузынан қалады. Сол шешектен сол көзі кетеді. «Түйені соқыр десең де, Құнанбайға тиеді» деген сөз содан қалған. Саяхатшы поляк Адольф Янушкевичтің күнделігінде Құнанбай – халық қамқоры, сол үшін жұрты оны «пайғамбардай көреді» дегені бар. Бұл оның Құнекеңнің қасында жүріп, көзі көрген соң айтқаны.

«Құнанбайдың бұдан соңғы ел есінде қалған бір ісі – орыс ұлығының бұйрығы бойынша Кенесарыны қуғаны, - деп жазады М.Әуезов. – Старшина күнінде Кенесарыны қуа шыққан орыс отрядымен бірге қазақтан кісі алып, қоса қуысқан... Сол жолда Құнанбай қолмен келе жатқан қазақтарды жиып алып, құрқұдықтың маңында кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесары қолының бір батырын қуып, найзаламақшы болған, соны Құнанбай сабапты».

Құнекеңнің мінезінің суықтығы, қаттылығы жайлы сөздер де көп кездеседі. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген белгілі естелігінде Абай жасы ұлғайған шағында: «Әкесі қажының қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан бәһрә алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды», - деп жазады. Бірақ Абайдың әкесін қоғам қайраткері ретінде аса жоғары бағалағаны тағы анық.

«Арғы атасы қажы еді» өлеңінде:

Ол сыпатты қазақтан

Дүниеге ешкім келмепті, -

десе, сол баласы Әбдірахман өлімінен соң шығарған келесі жырында:

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Ескендір, Темір, Шыңғыстай

Мұсылманда атақты,

Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты, -

деп асқақтатады. Перзентінің әкеге деген құрметін бұдан асырып айту мүмкін емес сияқты.

«Әкеге тартып ұл туар», «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз. Абайда болған ақыл-парасат, елім-жұртым деп Едігедей ел қамын жеген халықшылдығы мен қайраткерлігі әкеден жұққан. Абайдың анасы Ұлжанның руы қаракесек, оның Бертіс, Шаншар бұтағынан. Шаншар тұқымы шетінен қушыкеш, әзілқой келеді. Соның бірі Тонтай қудың өлерінде «Жазыла-жазыла қожа, молдалардан ұят болды, енді өлмесем болмас...» дегені екінің бірі білетін мәтел боп кеткен. Міне, Ұлжан – Тонтайдың інісі тұрпанның қызы. Сол себепті Абайда бар сыншылдық, ащы мысқылмен түйрегіштігі, сықақпен, әзілмен жауаптасуы нағашы жұртынан дарыған делінеді.

Ұлжан сабырлы, пейілі кең, сонымен қатар барша Шаншар тұқымдары сияқты тілге жүйрік, әжуа, шымшыма сөздің шебері болған. Ұлжаннан Тәкежан (Тәңірберді), Абай, Ысқақ, Оспан деген төрт ұл туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» дейтіні сол.

Абайдың ататегіне жасалған шолуды қазақтың классик жазушысы әрі көрнекті ғалымы Мұхтар Мағауиннің айтқанымен сабақтайық: «Құнекеңнің алтыншы атасы – Сары деген кісі Есім ханның заманында қол бастаған батыр болған. Атақты Қатаған Тұрсын ханның Қоңырбике деген қызын алған. Қоңырбикеден Кішік туған, онан барып Абай тарайды. Осы тұрғыдан алатын болсақ, Құнекеңе – тура әз Жәнібек хан, онан әрі қарай Орыс хан, онан әрі Жошы хан, онан әрі тура Шыңғыс ханның қатысы бар болып шығады».

Тұжыра айтқанда, Абай асыл тұқымнан, өз сөзінше «ата тегі – Орта жүздің ұлығы, ана тегі – өзен судың тұнығы» болған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 168 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: