22:36
Абайтануға айқындама

БАЙЫПТЫ БАЛА

Абай жасынан аса момын, байыпты бала боп, көп ойнай бермейді екен. «Сап, сап, көңілім, сап көңілім» деп өзіне-өзі тоқтау салатын қабілет абайда ерте байқалса керек, оны алғаш танушы болған адамдар «мінезі атасы Өскенбайға тартқан» десіпті. Ақылды кісі (бала, мейлі үлкен адам болсын) әдетте ұсақ-түйекке көңіл бөле бермейді. Сондықтан жай өмірде пысық, ширақ емес, аңқау, болбырлау болады. Ысқақ, оспанға қарағанда Абай да солай көрінген ғой. Бірақ сөзге құлақ салып, естігенін құйып алатын зейінділігін байқап жүрген әкесі Құнанбай бірде тұстастары балаларын тілге тиек еткенде Абайға қарап: «Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші!» - деген екен.

Құнанбайдың шешендігі сөзді мәтел, мақалмен тұздықтап, ойын дөп жеткізуімен шыққан екен.

Құл мен қожа майданда теңеледі,

Жас пен кәрі білімде теңеледі,

Бай мен кедей жомарттықта теңеледі,

Жақсы мен жаман өлгенде теңеледі.

Құнанбай айтты дейтін тақпақ сөздің бір парасы осы.

Бірде бала Абай түс көріп, түсінде Мауқай деген нағашысы есіктен кіре:

Алшекем шақырады кел деп мұнда,

Ер Қазыбек қолдай көр деп қысылғанда, -

деп өлеңдетіпті, сонда Абай:

Орта жүзге үлгі айтқан менің әкем,

Сан наданды бұғаттап қылған молда, -

деп, өз дауысынан шошып оянған екен!

Шешесі Ұлжан шанышпа тілді болған. Орайы келгенде төңірегіндегі кісілерге әзіл-қалжыңды айта береді екен, бұл әдетті Абайға да бала күнінен еккен екен.

Кім екен деп келіп ем түйе қуған,

Қатын ғой күлдәрімен белін буған.

Төркінінің бергені жауыр айғыр,

Бауырыңды ұрайын бірге туған.

Бұл бала Абай айтқан төрт жол кекесін. Бақсақ, онан Тонтай қудың жиені менмұндалайды. Ақынның балалық шағының куәсі бұл шумақты мұхаң ел аузынан жазып алған. Ең алғаш қара өлеңнің уызын Абай өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөже, Шортанбайлардан татты.

Тамырсыз ағаш, дәстүрсіз халық болмайды. Ұшы-қиырсыз кең байтақты мекендеген қазақтың тілі, діні, салт-дәстүрінің мәрмәр тастай тұтастығы мен далалық салт-дәстүр мен тәрбиенің кіндігі – имандылық, яғни үлкенді сыйлау, бауырмалдық пен кішіпейілділік болуы ХІХ ғасырда орыс, еуропа зерттеушілерін «бұл қалай?» дегізіп таңдай қақтырды.

«Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» демекші, бата алу – ежелгі дәстүріміздің бірі. «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы «Қайтқанда» атты тарауында шәкірт Абайдың ұстазы Ахмет Ризадан бата алу рәсімі суреттелген. «Бұлар хазіреттің қорасына кіріп, асау құнанды ат қораға байлағанда, хазірет өзі көріп, сыйлық екенін іші біліп, үн қатпаған болатын. кейін үйге кіргенде Жұмабай Құнанбайдан сәлем айтты да:

«Мына баласына – өзіңіздің шәкіртіңізге фатихасын сұра деп еді», - деген.

Хазірет: «Бәрәкәллә, бәрәкәллә... бирахматика я әр-рахмани-ирахимин», - деп отырып, Абайға қол жайып бата берген-ді».

Сол эпопеяда бозбала Абайдың Қарқаралыға аттанар сәтін Мұхаң қаламы былайша жеткізеді: «Абай ең алдымен кәрі әжесімен қоштасып:

«Қош, әже!» - деп кеп, екі қолымен әжесінің кішкене кәрі қолын қысты. Әжесі Абайдың маңдайынан иіскеп тұрып:

«Әруақ қолдасын, жолың болсын, Абайжаным!» - деді. Өзгелермен алыстан ғана «қош, қош» десіп, Абай атына қарай жүре берді».

Құнанбай Мекке сапарына аттанарында тұрмыстағы артық кеткен жерлері үшін Ұлжаннан кешірім сұрайды. Өз кезегінде Ұлжан Құнанбайға әйелдің жақсылығы да, жамандығы да күйеуінен екенін және әйел деген енесін емген құлын сияқты күйеуінің тәрбиесімен өсетіндігін айтады. Міне, Абай осындай салт, өнегелерді көріп, біліп өсті.

Романда қазақтың «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» дегеніндей, үлкенді сыйлау мен ағайын арасындағы татулықты бекітетін салт-дәстүрлері мейлінше мол.

Жеткізбегіміз, Абай бойына қазақтың бай мәдениеті дәстүрлі ұлттық және отбасылық тәрбие арқылы жұғысты болды деген ой-пайым. Абайдай асылды тәрбиелеген мейірімді, жұмсақ мінезді Зере – әжелердің, сабырлы, парасатты Ұлжан – аналардың үлгісі болуы заңды.

Абайдың бал дәурен балалық шағы өткен әйгілі Жидебай мен көк үйірім Көлқайнар көлі, қорығы – бауырдың тап жүрек тұсында орналасқан. Ол – әжесі Зере мен анасы Ұлжанның ауылы. 30 жылдай уақыт өткенде, жасы ұлғайған Абай Жидебайды өзіне қоныс қылып, көптеген тамаша шығармаларын осы мекенде дүниеге әкелді. Жидебай қазақ поэзиясының Меккесі аталды. Шөбі шүйгін, суы мол, малға жайлы Жидебай Шыңғыстауға жақын орналасқан, жайлауға қиналмай жетуге қолайлы қоныс.

Зере әжеміз 1873 жылы 88 жасында қайтыс болған. Бойына ізгілік дәнін еккен бірден-бір аяулы жан – әжесі қайтқанда 28 жастағы Абай қатты қайғырып, қабырғасы қайыса аза тұтты деседі. Бұл мезетті Мұхаң эпопеяның «Қияда» атты тарауында былайша жеткіздеі: «Абай Зерені қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, Құран аударуға кіріседі. Анасының әруағына арнайтын дағдылы құран-хатымды молдаға оқытпай, өзі оқитын болды. ...Құранның кейбір парасының үстіне ұзақ оытырп қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды. Онысы әжесінің адамшылық, аналық қасиеттерін жоқтау еді. Өз ішіндегі адал алғысын бағыштау да дұғалық тілек есепті көрінетін».

Жидебай топырағын басқан әр адам біледі, қыстауға таяу зиратта Зере, Ұлжан, Құдайберді (Шәкәрімнің әкесі) және Құнанбай әулетіне сыйлы адам болған Ғабитхан молда жатыр. Құдайберді 37 жасында қайтыс болғанда Зере әже: «Менің алғашқы сүйген немерем еді. Барып тұруыма жеңіл болсын» деп сүйегін қыстауға жақын жерге қойдырған екен. Кейін өзі дүние салаларда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адамдар Құдайбердіні де еске алсын», - депті (мұны жақсы әженің даналығы демей көріңіз). Зеренің тәрбиесін көп көрген Ұлжан анамыз дәмі таусыларда: «Келін ененің топырағынан, енемнің жанына жерлеңдер», - депті. «Абай жолы» арқылы исі қазаққа мәшһүр үш тұлғаның бейіттері қатар жатуының тарихы осы.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

  

Просмотров: 166 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: