10:43
Абай айнасы – рухани кемелдену

ТӨМЕНГІ САТЫ

Жетілу жолында адамдардың төменгі сатыдан шыға алмауының себебі өз нәпсілерінің құлына айналудан екенін ұлы ғұлама ойшылдар түсіндіріп кеткені қашан. Нәпсі деген ұғымға адамның барлық сезім мүшелерінің ықпалы жатады. Нәпсіқұмарлық деп жақсы тамақ ішу, көзбен көру, құлақпен есту, мұрынмен иіскеу, жыныс қатынастары тәрізді сезім мұқтаждарын мөлшерден тыс қажетсініп, солардың ықпалымен орынсыз іс-әрекеттерге ұмтылуды айтамыз. Осының салдарынан адам салауатты өмір сүре алмайды.

Төменгі сатыдағы адамның өмірі іршіліктің рақатын да көре алмай, ешқандай мәнін де түсіне алмай қасіретпен өтеді. Оның себебі нәпсіқұмар адам қанағатсыз, тойымсыз, мансапқор, өзін де, өзгені де сыйлай алмайтын тоғышар келеді. Мұның өзі адамды одан сайын ашқарақ, озбыр етеді. Сондықтан олар үнемі өздеріне тиесілі несібеден артық алуға ұмтылады. Бұл қасиет оны түрлі жарамсыз істер істеуге итермелейді. Сөйтіп ол қарымта заңы бойынша өзінің жүрек айнасын уақыт өткен сайын кірлетіп қанағатынан айырылады. Ал қанағатсыз адам нысапсыз, ешқашан тоймайтын болғандықтан, оның маңдайына дәулетке жеткенін сезіну бақыты жазылмаған. Сондықтан дүниеқоңыздық ішкі тыныштығын алып, өзін әрдайым ыстық табанфң үстінде жүргендей сезіндіреді.

Сөйтіп адамның жүрек айнасы былғанып, ол құлдырау жолына түседі. Адамның мұндай күйге ұшырау себебін ойшыл былай деп көрсетеді:

Танымассың, көрмессің,

Қаптаған соң көзді шел.

(«Сәулең болса кеудеңде», 1888 ж.)

Бұл арада Абай «көз» деп адамның айналадағы тұрпайы әлемді көретін көзін ғана емес, рухани әлемді сезіп-білетін жүрек көзін, көкірек көзін айтып отыр. «Шел қаптады» деген сөз – адамның жүрек көзін шел қаптауы. Шел қаптаған жан тәнді басқара алмағандықтан адамның сезімдері былғанады. Көкірек көзін шел қаптаған адам фәни өмірдің қызығы мен нәпсінің құрсауында болып, өмірдің биік мақсатын да дұрыс түсіне алмайды.

Не ғылым жоқ, немесе еңбек те жоқ,

Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай, -

(«Тала сөз бұдан бұрын көп айтқанмын», 1895 ж.)

деп маңдайының соры бес елі бейшараларға жаны ашып, оларды дұрыс жолға салуға ұмтылады. Оларды адасқан адаммен салыстыруға болады. Егер адасқан адам өзінің адасқанын білсе, ол одан шығатын жол табуға ұмтылар еді. Ал жол табуға ұмтылып, ізденіске түскен адам өмірдің жөнін таба алады. Сондықтан бұл туралы Абай «Адасқанның алды жөн, артық соқпақ» дейді. Осыны жақсы түсінген ойшыл елдің «көзін қойып, көңілін ашпақ» болды. Ол халықты имандылыққа шақырып, өмірдің түпкі мәнін, оған жету жолын көрсетеді.

Сәулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл, -

деп жаны ұйқыдағы адамдарды оятуға ұмтылады. Бірақ көкірек көзі жабық адамдардың рухани дүниені қабылдауы өте қиын. Сондайларды көріп қынжылған ақын былай дейді:

Егер сәулең болмаса,

Мейлің тіріл, мейлің өл.

(«Сәулең болса кеудеңде», 1888 ж.)

Абай өлеңдерінің басым көпшілігі кемелденудің осы төменгі деңгейінде тұрған адамдардың көккірек көзін ашып, барынша көмектесуге арналған.

Ұлы данышпан Руми бейберекет, қалай болса солай өмір сүретін төменгі сатыдағы адамдардың барлық білгендерінің түйелер мен бұқалар тұратын қораға ғана пайдасы бар дейді. Бұл арадағы «қора» деген сөз фәни әлемді білдіреді, ал «түйелер мен ұқалар» - фәни өмірдегі адамдар. Олар – жартылай адам, жартылай мал. Руми көрсеткендей, олардың адамдық табиғаты хайуандық табиғатпен үздіксіз күресте болады. Исламның ұлы ғұламасы төменгі сатыдан көеріле алмай жүргендерге өмірдің жоғарғы мақсаты тұрғысынан осындай баға береді.

Мұндай көзқарас Абайда да бар. Ол өзінің «Сегіз аяқ» өлеңінде былай деп жазады:

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ

Күлкішіл кердең наданның.

Оларға жаны ашып, қапа болған ақын былай жалғастырады:

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде.

(«Сегіз аяқ», 1888 ж.)

Ретсіз, бейберекет өмір сүретін адамдар өмірлерін бір қалыпқа салатын реттегіш тәртіптерді ұстанбайтын болғандықтан, өздеріне тән міндеттерід де дұрыс орындамайды. Сөйтіп отбасында әке, шеше, бала, ал қоғамда әр адам өз қызметіне байланысты міндеттерді толық атқармайды. Ал бұл жеке адамның да, бүкіл қоғамның да дамуына орасан зор зиянын тигізеді. Рухани деңгейі төмн болғандықтан, олар нені істеп, нені қою керек екенін білмейді. Бұларда ішкі, сыртқы тазалық та, әдепті мінез де, шындық та жоқ.

Олар тек қана өз қара басының қамын ойлап, өз құлқынын тойдыруды мақсат ететіндіктен адамгершілік талаптарды да жиі аяққа басады. Аз істеп, көп алуға ұмтылғандықтан жалқаулыққа салынады. Абай өзінің үшінші қара сөзінде оларды былайша суреттейді: «һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». Даму деңгейі төменгі сатыда тұрған адамдардың қасиеттерін бұдан шебер суреттеудің өзі мүмкін болмас, сірә. «Бойы бұлғаң» өлеңінде осы тектес адамдарды көргеннен-ақ «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп жаны шошитынын білдіреді. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 309 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: