14:45
Абай айнасы – рухани кемелдену

ЖАН ИЕЛЕРІНІҢ ДӘРЕЖЕЛЕРІ МЕН ЖЕТІЛУ ЖОЛДАРЫ

Әлбетте, Абай ілімі мен денсаулық сақтау ғылымында сәйкестіктер бар. Абай ілімін пайдалану денсаулық сақтау ғылымының дұрыс жүйесін табуға мүмкіндік береді.

Адам өмірі бүкіл ғарыш тіршілігімен үйлесімді болғанда ғана оның денсаулығы мықты болмақ. Яғни, мықты денсаулық Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген қағидасын толық мәнінде орындағанда ғана болмақ.

Бүкіл болмыстың мақсаты Алла тағаланы қанағаттандыру екені айтылды. Алла тағала таза рух болғандықтан, ол жоғары қанағатты тек қана рухани әлемде ғана алады. Сондықтан жоғары қанағат алу үшін Ол материалдық және рухани қуаттың арасындағы жан иелерін Өзіне – рухани әлемге қайтарып алғысы келеді, сол үшін табиғатты жаратты. Жан иелері табиғатты Абай көрсеткен түпкі мақсатқа жету үшін пайдалануы керек, сөйтіп фәниден бақиға озғанда Түп Иеге қайтады. Бірақ бұл жол – өте алыс және өте ұзақ.

Абайдың және басқа да ғұламалардың ойлары бойынша, осы ұзақ жолда адам деңгейінің шешуші орны бар. Себебі адам болып жаратылған жан иесі ғана ерекше ақыл-еске және басқа жан иелерінде жоқ ерікке ие болады. Бұл адам баласына өмірдің түпкі мақсатын түсінуге және берілген ерікті дұрыс пайдалана отырып соған жетуге мүмкіндік береді.

Абай былай дейді:

...Малда да бар жан мен тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

(«Жүректе қайрат болмаса», 1898 ж.)

«Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса» деген жолдағы ақыл мен сезімді адамға берілетін ерекше ақыл, сезім деп түсінеміз. Әйтпесе хайуанаттарда да өздеріне тән ақыл мен сезім бары белгілі. Бұл өлең жолдарымен ойшыл адам мен хайуанаттардың ақыл-сезім айырмашылықтарын көрсетеді.

Адамзат шексіз-шетсіз, ұлан-байтақ әлемнің бір кішкентай ғана бөлігін құраса да, жан иесі Түп Иеге қайту жолында көптеген белестерден өтеді. Бұл белестерді Абай исламның ұлы ғұламалары тәрізді үш сатыға бөледі. Абай жетілу жолында бір сатыдан екінші сатыға, бір деңгейден екінші деңгейге көтерілу үшін екі шарт керек екенін көрсетеді: біріншісі, адамның оған көтерілу үшін қалауы, екіншісі, ол қалауға жету үшін жасалған мүмкіндік.

Біріншісі – ең төменгі саты. Бұл сатыдағылар өздерінің нәпсілерінің толық ықпалында. Оларды Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде «жарым адам» деп атайды. Өмірді тек қана өз тәндері арқылы сезінгендіктен оларда өзімшілдік қасиет басым. Сондықтан өз нәпсілерін қанағаттандыру жолында олар бейберекет мардымсыз өмір кешеді.

Өмір белестерінен қашан, қалай өтетіні адамның тағдырына байланысты. Абай отыз сегізінші қара сөзінде адамның тағдыры алдымен оның туған отбасы мен қоршаған ортасына байланысты екенін айтады. Егер ол бейберекет, ретсіз өмір сүретін бақытсыз отбасында дүниеге келетін болса, онда оның алған тәрбиесі де соған сәйкес болып, ол кемелденудің төменгі бірінші сатысысынан ұзап кете алмайды. Абай өзінің «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», «Туғызған ата-ана жоқ», «Құр айғай бақырған» сияқты көптеген өлеңдері мен 2 – 6-қара сөздерінде осындай адамдардың қасиетін білдіреді. Ойшыл малдан басқа білері, мал табудан басқа қарекеті жоқ, ғылым-білім үйренсем деген мақсаты да жоқ, қайырымсыз, өтірік айтып, өсек-аяңды күйттейтін мұндай жандардың малдан айырмашылығы жоқ деп есептейді:

Өздерің де ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың.

Ғылым да жоқ, ми да жоқ,

Даладағы аңдарсың.

(«Өзгеге, көңілім, тоярсың», 1890 ж.)

Сөйтіп абай мұндайларды дамудың төменгі деңгейіне қойып, оларды даладағы аңдарға теңейді. Олар келесі сатыға көтерілуі үшін ең әуелі өздерінің хайуанаттардан айырмашылығы туралы ойланып, түсініп, енді адам қалпында өмір сүру үшін қалауы болу керек, ал оған жету мүмкінділігі – имандылық қабылдау. Имандылық өмірді бір қалыпқа салу үшін түрлі реттегіш тәртіптер береді. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 325 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: