11:24
Абай айнасы – рухани кемелдену

ІС-ӘРЕКЕТ

Әлбетте, адамның қандай іс-әрекет жасап, оны қалай орындауы әркімнің қалауына байланысты. Ал қалаудың мәні жанның тазалығына тәуелді. Жан өзінің қалауын тән арқылы орындайды. Тәннің әрекетін адамның ой-өрісі, яғни нәзік дене болып табылатын өзіндік қасиеті (хауас сәлимі) басқарады. Адамның қалауы бірден орындалмауы мүмкін. Оған кейде көп уақыт керек болады. Себеп-салдар заңдылығы бойынша қалау нәзік денелерде сақталып, пісіп жетілгенде ғана орындалады. Оның қалауы, физикалық денесімен істеген әрекеттерінің нәтижелері нәзік денелерде жазыла береді. Ештеңе де жоғалмайды, артық ештеңе де жазылмайды. Бірақ кезінде оның барлығы орындалады. Бұл адамның тағдырын құрайды. «Сен асыққан екен деп, Алла әмірін өзгертпес» деген мысқылымен Абай Алла тағаланың адам тағдырына тікелей араласпайтынын, ал тағдыр себеп-салдар заңдылығы бойынша құралатынын көрсетеді. Сонымен бірге бұл заңдылықты Алла тағала жасағандықтан, оны Алла тағаланың Өзі орындайды деуге де болады. Бұны Абай былай деп білдіреді:

Тағдыр етсе Алласы,

Шарасы жоқ пәндесі...

...Тағдыр етсе Алла,

Не көрмейді пәнде, -

(«Қор боды жаным», 1888 ж.)

деп ақын адамның барлық өмірі Алла тағаланың жасаған тағдырына (жазмышына) байланысты екенән білдіреді. Бірақ сол жазмыш заңдылығын білген адам өз өмірінің қожасы болмақ. Бұл әр адамның өз бақытын өзі жасайтынын көрсетеді.

Адам дүкенге барып, кітап сатып алды делік. Ол оны неге істеді? Себебі оның сол кітапты сатып алу туралы бір кездерде ниет-қалауы болған. Ал оның сезім мүшелері, ақыл-есі алдын ала берілген бағдарлама бойынша адамның сол қалауын орындауға мұрсат берді. Осыдан қалаудың маңызды орны анықталады. Бұл туралы Абай отыз сегізінші сөзінде ескертеді. Адамның іс-әрекеті, тағдыры өзінің қалауына байланысты, яғни адамның жүрегінің тазалығына тәуелді. Көкірегі тазару барысында оның кеудесіндегі сәуле ашылып, қалауы да өзгереді. Бұның өзі адамның кемелденуі ең алдымен адамның өз қалауына байланысты екенін көрсетеді. Адам қалауы болып, өзі талпынып ұмтылмаса, қандай істе де оған көмекетсу өте қиын. Ондай адамдарға айтылған сөздің пайдасы да шамалы болады. Ондай адамдарға айтылған сөздің пайдасы да шамалы болады. «Сөз ұғарлық адам жоқ» деп Абай налитыны да осыдан.

Зерделесек, табиғаттың жалпы себеп-салдар заңдылығы қоғам мен адам өмірінде де бұлжымай орындалады. Оны Абай айқын түсіндірген. Адал еңбек, иманды өмір сүрмей, тек өз құрсағының қамымен ұрлық, қулық жасап, арамдықты ғана ойлайтын адамдар ол дүниеде де, бұл дүниеде де жақсылық көрмек емес. Себебі – «не ексең, соны орасың». Әлем өмірінің үлкен тірегінің бірі болып табылатын әділеттілік заңдылығы осыған негізделеді. Әділеттілікке негізделген себеп-салдар заңдылығын Абай былай білдіреді:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,

Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек.

(«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», 1896 ж.)

Шөлмектің мың күн сынбау себебі – әлі уақытының келмеуі. Уақыты келгенде ол міндетті түрде сынады. Бұл кездейсоқ емес, бәрінің де себебі бар. Оның себебі – өткен өмірдегі арамдық. Арамдықтан жамандық міндетті түрде туындайды. Абай табиғаттың бұлжымас заңын төрт жол өлеңмен анық түсіндірген. «Ендігі жұрттың сөзі ұрлық-қарлық», соның салдарынан «Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық» деп налиды.

Табиғат заңы бойынша қараулықпен тапқан мал адамға пайда әкелмейді. Бұл туралы ақын былай дейді:

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар.

(«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?», 1895 ж.)

Адам жанының тазаруы не болмаса оны кір басуы ол өмір сүретін ортаға, қарым-қатынас жасайтын адамдардың қасиеттеріне, ұлттың, мемлекеттің саяси-әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Бұл отбасылық, рулық, ұлттық, мемлекеттік, әрі кетсе бүкіл адамзаттық тағдырлар тудырады. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тағдыры мен оның өмір сүру жағдайдалары адамдардың іс-әрекетінен туындайды.

          Табиғаттың заңдылықтарын түсінбей, өз нәпсісінің ықпалымен ешқандай жауапкершіліксіз бейберекет өмір сүретіндерге табиғат заңдылығының қалай әсер ететіні туралы Абай былай дейді:

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға.

 

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі кесел асқанға.

Өйткен адам жолығар,

Кешікпей-ақ тосқанға.

(«Мен боламын демеңдер», кейін табылған өлеңдерден)

Бұл дүниеде себеп-салдар заңынан құтылудың қиын екенін ақын былайша білдіреді:

Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,

Дүние істеп өз жұмысын жатқан шығар.

Елемесең, елетер, бір танытар,

Қайда айдаса, барасың, - кім тартынар?

(«Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», 1902 ж.)

Сонымен, келешек өмірің өзіңнің өткен және қазіргі өміріңе байланысты дейді. Егер адамның істеген жақсылықтары көп болса, жоғары әлемге барып, онда ұзақ уақыт ләззатты өмір кешеді. Адамның мақсаты бұл материалдық әлемнің зардабынан толық құтылу. Ол үшін не істеу керек? Бұған жауапты данышпан ойшыл өз шығармаларында анық береді. Ол – таза рухани жолға түсу. Құдай жолына «малың түгілі басыңды байлау». Абайдың нұсқайтын жолы осы. Бұл бүкіл адамзатқа ортақ жол.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,

Ылайла ылай оймен тұнығыңды, -

Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,

Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

(«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», 1897 ж.)

Абай осы бір шумақ өлеңінде адамды рухани тазалыққа үндейді, қылығыңды малға, пайдаға сатпа, ой, ниет-мақсатың таза болсын, әйтпесе келеңсіз тіршілік дүниедегі қызығыңды ұрлай береді деп оны адамгершілік, гуманизм жолына сілтейді.

Сонымен, іс-әрекеттің екі түрі болады. Біріншісі – адамның барлық әрекетті өз нәпсісі үшін жасап, осы фәни өмірге байлана беруі. Ал екіншісі – іс-әрекетті Алла тағалаға арнап, бұл фәни өмірдің зардабынан арыла бастауы. Оларды таңдауда Алла тағала әркімге ерік берген. Мәселе сол ерікті дұрыс пайдалануда.

Абай адамның келешек өмірінің мәнді болуы оның іс-әрекетіне байланысты екенін және іс-әрекеттің заңдылықтарын біле отырып, адам өзінің тағдырын өзгерте алатынын көрсетеді. Абай осылай адамды бақытты өмір сүруге үйретеді.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 344 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: