16:52
Абай айнасы - рухани кемелдену

ТАБИҒАТТЫҢ ТҰРПАЙЫ ЖӘНЕ НӘЗІК ЭЛЕМЕНТТЕРІ

Адамды жетілдіруде, бала тәрбинде, оның психологиясын дұрыс қалыптастыруда Абайдың берген білімі шешуші орын алады. Ол адам жаны, нәзік және физикалық болмыстарының өзара байланыстарын «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінде былай деп береді:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

 

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстірттер.

Қартыңның ойы шар тартқан

Әдеті жеңіп күңгірттер.

 

Тән сүйгенін бермесе,

Жан шыдамас жаны ашып.

Бере берсең бер десе,

Үміт етер таласып.

(«Жүректе қайрат болмас», 1898 ж.)

Адам өлгеннен кейін мүлдем жоғалып кетпейді. Абай «мен» мен «менікінің» айырылғанын, «өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес» деп тегін айтқан жоқ. Оның сырын қазақ халқы ежелден білген. Адам тәнін тастаған соң өзінің нәзік болмысымен басқа әлемге – нәзік әлемге өтеді. Ол қоғам өмірінен де із-тозсыз мүлдем жоғалып кетпейтіні белгілі. Ұлы адамдардың артында жасаған игілікті істері, жазып қалдырған ойлары нәзік болмыс ретінде ұзақ уақыт сақталады. Бұл туралы ойын Абай жұртқа әйгілі өлең сөздерімен білдіреді:

Өлді дейге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

(«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», 1895 ж.)

Осы арада «рух» деген түсінік туралы айта кету керек. Рух сөзі нәзік болмысты білдіреді. Яғни «рух» - жанның нәзік болмыспен қапталған сипаты. «Ақыл мен жан – мен өзім» деп Абай көпшілік жұрт өздерін жан ғана емес, ақылға да балағандықтан, ақылды да «мен» деп қосып отыр.

Халықта «ата-бабаның рухы», ұлы адам туралы «пәленшенің рухы», «халық рухы», «рухын көтеру», «жақсы рухта тәрбиелеу» деген сөздер бар. Бұлардың барлығы адамның психикалық ерекшеліктеріне, яғни нәзік болмысқа бағытталған сөздер. Айталық, «рухани музыка», «рухани байлық» сияқты сөздер адамның нәзік болмысын жетілдіріп, тәрбиелеуге байланысты жағдайларда қолданылады. Түптеп келгенде, жанда да дене болады. Бірақ ол дене таза рухани болғандықтан, материалды емес. Халықтың «рух» деген сөзді нәзік болмысқа қолдануы жанның рухани денесі нәзік денені қалыптастыратындықтан болса керек. «Рух» сөзінің бүгінгі қолданысында жанның дәл өзіне қатысы шамалы. Біз Абай шығармашылығын зереттегенде «рухани» деген сөздің нәзік болмысқа ғана емес, ең әуелі рухани жанға қатысты мәнін қолданып, ал адамның рухына байланысты жерлерде, бүгінгі ғылымда қабылданған дәстүр бойынша, «нәзік болмыс» немесе «нәзік дене» деген териндерді қолданамыз.

Адамның нәзік болмысы хайуанаттардікімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары жетілгендігін Абай жетінші қара сөзінде былай деп білдіреді: «Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан».

Адам өзінің нәзік болмысын еңбек, талпынып іздену арқылы жетілдіре алады. Бұл мүмкіндік адамның хайуанаттардан тағы бір артықшылығын көрсетеді. Абай жетінші қара сөзінде ақыл, сезім арқылы дүние сырын толық білмесе, «ол жан адам жаны болмай, хайуа жаны болады» деп жетілудің маңызын көрсетеді.

Абайдың «мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан» деген ұғымы халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрпында берік орын алған. Айталық, адам қайтыс болғаннан кейін оны о дүниеге шығарып салу рәсімі халықта мұқият орындалады. Себебі бұл фәни өмірден өткен адам артында қалғандармен байланысын үзбейді және ондағы оның өмірі артында қалғандардың оған деген ықыласына байланысты болады.

Жан тәннен айырылғаннан кейін (өлгеннен кейін) жалаңаш қалмайды. Жан өзінің нәзік денелерін біртіндеп тастайды. Нақтырақ айтсақ, адамның жатқан қабірінде тек қана тән қалады, жан нәзік денелерімен одан түгелдей бөлініп кетеді. Әрбір нәзік дененің біртіндеп тасталатын уақыты болады. Яғни жан иесі әлі бірнеше рет «өледі». Сол кездерде артында қалған туыстары құрбандық беру арқылы есіне алып отырады. Сондықтан қазақтар да, орыстар да, тибеттіктер де ұлтына, дініне қарамастан дүниеден өткен адамның қайтқан күнінде, жетісінде, қырқында, жылында жиналып, еске алып, ізгі тілегін білдіреді. Бұны қазақ тілінде «жерлеу», «жетісін беру», «қырқын беру», «жылын беру» деп атайды. Бұл кезде жанның нәзік денелері өзіне арналған нәзік тағамдармен (айтылған жақсы ниетпен) қоректенеді. Бұны қалай түсінуге болады? Адам қайтқаннан кейін оны есіне алып айтылған сөздер, ойлаған ойлар, сағыныш сезімдері нәзік әлемдерде жүрген қайтыс болған адамға қорек болады. Себебі оның нәзік денелері сезім, ой, қалаулардан құралады ғой. Бұның өзі нәзік әлемдегі қайтқан адамға жақсы болу үшін оның батасын беріп, ізгі ниетпен қатым түсіріп, барлық рәсімдерді дұрыс өткізу керек екенін көрсетеді.

Рухани әлемге көтерілу үшін материалдық әлемдер әсерінен толық арылып, адамның «жалған эгосы» жойылып, «нағыз эгоға» айналуы керек. Адам өзінің жан екенін толық сезінген кезде ғана материалдық әлем ықпалынан арылып, рухани әлемге өте алады. Толық білім, рақат пен ләззаттың бәрі сол мәңгілік рухани әлемде. Бұған жету үшін Абай әрбір пендені таза ниет, үлкен ынта-жігер, талап пен рухани кемелденуге үйретеді.

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 335 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: