13:05
Абай айнасы - рухани кемелдену

ТАБИҒАТТЫҢ ТҰРПАЙЫ ЖӘНЕ НӘЗІК ЭЛЕМЕНТТЕРІ

Абай ілімі бойынша материалдық әлемдегі жан иелерінің денелері адам сезімдері қабылдайтын тұрпайы және сезімдерінен тыс жатқан нәзік элементтерден тұрады. Жан иелеріне материалдық әлемдегі барлық ғаламшар жүйелері мен оларды мекендейтін минерал, өсімдіктер, жануарлар, адамдар, сонымен бірге жоғары әлемдегі рухтар жатады. Олардың денелерін құрайтын элементтер тәндер құрамында, сонымен бірге одан да тыс та болады. Айталық, көлдегі су балықтың денесінде де бар, сонымен бірге оның сыртында да бар. Осылай материалдық әлем түрлі тұрпайы және нәзік элементтерден құралады. Материяның өзгергіш қасиеті болғандықтан, бүкіл әлем өзгеріп, жоғалып отырады. Бірақ кезінде қайтадан пайда болады. Осылай бүкіл әлем айналыста болады.   

Абай Алла тағаланың хикметін сезінуге шақырады. Ол хикметті тірі жан денелерінің күрделілігінен де көруге болады.

Абай адамның нәзік болмысын тануға бағыт береді. Ол қырық үшінші қара сөзінде былай дейді:

«Адам ұғылы екі нәрсебірлән: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили[i], қайсысы кәсиби[ii] - оны білмек керек». Бұл сөздерде, бірінші – тән мен жанның орталарында тағы бір нәрсе бар екенін, екінші – олардың қайсысы туа бітетінін, ал қайсысы еңбекпен табылатынын білеміз.

Абай ілімі бойынша бүкіл әлемді Алла тағала жаратқан. Ол материалдық әлемді рухани әлем арқылы басқарады. Материалдық әлем материалдық дене тәрізді тұрпайы және нәзік әлем болыпекіге бөлінеді. Рухани әлем нәзік әлем арқылы төменгі материалдық әлемді басқарады. Сөйтіп бүкіл материалдық әлем, яғни макрокосм жалпыға ортақ заңдылықпен өмір сүріп жатады. Макрокосмдағы әрбір жан иелері микрокосм құрағандықтан, олардағы өзгерістер де материалдық әлемге ортақ жалпы заңдылықтарға бағынады. Бұл туралы Абай Сократ хакім сөзімен жиырма жетінші қара сөзінде барлық тіршілік иелерінің әуелі жан екенін, сонан кейін материалдық әлемде олар нәзік және тұрпайы болмыс алатынын білдіреді.

Абай адамның адам атануы үшін оған ақыл және ғылым (рухани білім) керек екенін айтады. Олардың табылуы үшін тән саулығы және хауас сәлим керек екен. Хауас мәселесі Абай мұрасының өте маңызды және күрделі тұстарының бірі.

Абай табиғат пен жан иелерінің өзара байланысын суреттегенде 7, 27, 38, 43, 45 – қара сөздерінде араб сөзінен алынған «хауас» (түйсік, сезім), «хауас сәлим» (өзіндікдұрыс қасиет, өзіне тән мінез-құлық), «хауаси хамса заһири» (сыртқы бес сезім) деген сөздерді қолданады. Бұлар нәзік болмысты білдіретін ұғымдар.

Адамның нәзік денесінің (хауас сәлимінің) ең төменгі элементі – оның сезімдері. «Хауаси хамса зәһири» (сыртқы бес сезім) жан иелерінің сыртқы дүниеден хабар алатын бес сезім мүшесі. Бұл туралы Абай қырық үшінші қара сөзінде былай дейді: «Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тімен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады». Бұл бес мүшені (көз, құлақ, тіл, дененің терісі, мұрын) ислам теологтары сыртқы бес сезімге жатқызады. Бұлардан басқа ішкі бес сезім бар. Олар сезімді қабылдау мүмкіндігі болып табылады. Ішкі сезімдердің қарым-қатынасын психология ғылымы зерттейді. Адам психологиясын Абай он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, отыз сегізінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, т.б. қара сөздерінде берген. Ішкі сезімдер сыртқы сезімдерден келген хабарды қабылдап, орталыққа – миға жібереді. Ал олардан түскен хабарды аыл қорытып, шешім қабылдайды. Сондықтан ақыл туралы Абай: «Ақыл – мизан (таразы), өлшеу қыл» дейді. Ол он жетінші қара сөзінде ақылдың қызметін былай деп түсіндіреді:

«Ақыл айтыпты: Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің (ғылымның) сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен,...». Әрі қарай Абай ғылымының сөзімен ақылдың қасиетін былай деп береді:

« - Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де – сүйенгені, сенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті».

Ішкі сезімдер туралы Абай он тоғызыншы қара сөзінде былай дейді: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды танидыдағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады». Бұл сөздерден ішкі бес сезімнің сыртқы сезімдер берген хабарды қабылдау мүмкіндігі бар екенін көреміз. Сыртқы бес сезімдерден, яғни хабар беретін құралдардан, алынған ақпарат-хабар ақыл-ой арқылы сараланады. Сондықтан ішкі сезімдерге ақыл-ес, жүректің қабылдау қабілеті жатады. Жан иелерінің ішкі сезімдері неғұрлым жетілген болса, түскен хабарды өзгеріссіз, шын мәнінде қабылдай алады. (жалғасы бар)  

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Еріксіз болатын тілек.

[ii] Еңбекпен табылған нәрсе.

Просмотров: 354 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: