19:42
Абай айнасы - рухани кемелдену

ТАБИҒАТ

Жан, сонымен бірге, рухани әлем мәңгілік, ләззатқа және білімге толы дедік. Материя және материалдық әлем қасиеттері, керісінше, уақытша, қасірет пен надандыққа толы.

Данышпан материалдық әлемнің уақытша екенін былай суреттейді:

Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,

Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.

Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,

Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.

(«Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен», 1899 ж.)

Абай осылай өлмейтіндей болып, өмірді «сапырып» жүргендерді ажал келіп бас салып, жанды ұрлағандағы сәтті ойлауға шақырады. Ал бұл өмірдің бір сәтін де ешқандай байлық беріп кейін қарай қайтара алмайсың. Ал барлық көрген қызығың, қуанышың сонымен бірге келмеске кетті. Өмірдің осындай жалғандығын ақын былай деп суреттейді:

Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Һәмишә[i] өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек...

 

...Күн жиылып ай болды, он екі ай – жыл,

Жыл жиылып, қартайтып қылғаны – бұл.

Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл.

(«Сағаттың шықылдағы емес ермек», 1896 ж.)

Абай осылай сағаттың шықылдағының өзі өмірдің аса маңызды мәнін білдіретінін, ол үнемі өмірдің (һәмишә) өткіншілігін еске салғандай екенін айтады. Ал бір минут өткен уақыттың өзі адамның өткен өмірі тәрізді – ол қайтып келмейді. Осылай данышпан бұл жалған (фәни) өмірдің шын сипатын танып, одан безіп, енді «Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл» деп нағыз мәңгілік (бақи) өмірден тірек іздегендей болады.

«Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде Абай:

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер.

Жарлық берді ол сіздерге сөзді ұғарға, -

деп Жоғары Рух пен фәни өмірдегі адамзаттың айырмашылығын көрсетіп, терең мәнді философиялық ой түйеді. Ол мәңгіліктің негізгі қазығы Аллада жатқанын білдіреді.

Фәни өмірдің жалғандығын (иллюзия) данышпан өзінің И.А.Крыловтан аударған мына өлеңінде былай деп суреттейді:

Мен көрдім дүние деген иттің к...тін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін.

(«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», 1898 ж.)

Табиғаттың бір бөлігі болғандықтан, адамның денесі де күнде өзгеріп, бұл өмірдің бір қалыпты тұрмайтынын көрсетеді. Абай көңілді бұдан басқаға аударып, жанға сая беретін жол ұсынады:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!

(«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы», 1899 ж.)

Міне осылай, ойлы адамға болымсыз өткен өз өмірі бұл фәи әлемнің бір қалыпта тұра алмайтынын көрсететінін, сондықтан «адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде онан басқа» деп рухани жолдан басқа дұрыс жол жоқ екендігін мегзейді.

Материалдық әлемде барлық жан иелері өзгеріп жатады. Ол әуелі пайда болады, сонан соң өседі, жетіледі, ұрпақ қалдырады, қартаяды, ақырында өледі, сонан соң қайтадан пайда болып табиғаттың алты өзгерісінен тағы өтеді. Осылайша табиғат үздіксіз айналысқа түсіп, ауысып отырады.

Фәни әлемде жан иелері дүниенің қызығын көріп қана қоймайды, сонымен бірге, олар өз әрекеттерінің нәтижесіне байланысты бұл әлемнің қасіретін де тартады. Бұл туралы Абай былай дейді:

Тоты құс түсті көбелек,

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек өлмек, сиремек.

 

Адамзатқа не керек:

Сүймек, сезбек, кейімек,

Харекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

 

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

(«Тоты құс түсті көбелек», 1902 ж.)

Данышпан Абай фәни өмірдің көрінісін өзінің осы өлеңінде толық берен. Сезімдерінің құлы болып жүрген адамды тоты құс түсті көбелекке балай отырып, оның өмірін көрсетеді. Ол бұл өмірде қанша жанталасып «жақсы» өмірге ұмтылғанымен, қартайып өлім келгенде бәйшешек тәрізді солып, күйрейді. Адамзаттың барлық іс-әрекеті, сөйлеген сөзі ақылмен болу керек. Бірақ заман ықпалы үлкен. Оны билейтіндер жоғары жетілген адамдар ғана. Ал жаман адам күйлеген мал құсап заман ықпалына түскендіктен, замана оны билеп, өз зардабын тарттырады.

Өзгергіш болғандықтан материалдық әлем алдамшы, адам жанына мәңгілік рақат әкелмейді. Жанның негізі рухани болғандықтан, бұл материалдық фәни өмір оны қанағаттандыра алмайды. Фәни өмірдің өткінші және қасіретті екенін Абай былай деп жырлайды:

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жақсы-жаман көргенің,

Ойлай берсең, у екен.

(«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», 1892 ж.)

Фәни өмірдегі зардап жан иелеріне үш түрлі жолмен келеді. Олардың біріншісі, адамның өзінің жіберген қателіктерінен (себебі адамның кемшіліктері көп); екіншісі, басқа жан иелерінің көрсеткен зардабы (адамдардың арасындағы болатын қайшылықтар); үшіншісі, табиғат күштерінің зардабы (жер сілкінісі, су тасқыны, күннің ыстық-суығы, сол сияқты тағы басқа апаттар). Дүниедегі жан иелерінің қасіретінің барлық себептері осылар. Табиғатты басқармақ болған жан иелері осылайшы оның ықпалына түседі. Себебі тән материалды болғандықтан, табиғат заңдылығының ықпалынан шыға алмайды. Өмір зардаптары адамды біртіндеп тазартады. Тазару барысында өзінің жан екенін сезініп, Алла тағалаға құлшылық ету жолына түсіп, қайтадан рухани әлемге оралу мүмкіндігін алады. Өз міндетін табиғат осылай атқарады.

Ал бұл өмірдің надандыққа толы екені жөнінде данышпанның өлеңдері мен қара сөздерінде жеткілікті айтылатыны белгілі. Бірінші қара сөзінде ол былай дейді:

«Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзі де қайранмын». Бұл сөздерден материалдық әлемнің адамды қажытатынын және жалықтыратынын, ал ондағы іс-әрекеттің баянсызын байлаусызын, сонымен бірге олардың қоршылық екенін көреміз. Сондықтан ойлы адам бұл фәни өмірде жиі тығырыққа тіреліп отырады. Бұл материалдық әлемнің қысқаша анықтамасы.

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Ылғи, үнемі

Просмотров: 323 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: