10:11
Абай айнасы - рухани кемелдену

ТАБИҒАТ

 Әлбетте, Абсолюттік ақиқаттың тағы бір негізі – табиғат. Кең ауқымда қарастырғанда, табиғат аясына қоршаған орта ғана емес, сонымен бірге бүкіл материалдық әлем жатады. Ал жан иелерінің материалдық тәні болғандықтан, олар да, оның ішінде адам да материалдық әлемнің бір бөлігі. Бүкіл әлемді Абсолюттің Өзі басқарады, сондықтан оның рухани негізі бар, яғни оның да тіршілігі бар.

Табиғат дегеніміз не? Оның жан иелерінің өмірінде қандай рөлі бар? Қандай да болсын жұмысты орындау үшін құрал керек екені белгілі. Табиғат дегеніміз жан иелеріне өздерінің түрлі мақсаттарын орындау үшін берілген құрал. Ол құрал физикалық тәннен және ой-өріс, сана-сезім тәрізді оның психикасын білдіретін нәзік болмыстан тұрады. Жоғары жетілген адамдар ләззатты Алла тағаланың шапағатынан алып, өмірдің түпкі мақсатына – Түп Иеге қайту үшін тіршілік етеді, денесін Құдайға құлшылық жолында пайдаланса, ал өздерін тән түрінде ғана сезініп, ләззатты өз сезімдері арқылы алғысы келетін адамдар тек қана тәндерінің мүддесі үшін өмір сүреді. Сондықтан оларды жан емес, тәндері басқарады. Сөйтіп олар материалдық әлемнің заңдылығымен өмір сүреді. Ал рухани жетілген адамдарды, керісінше, жаны басқарып, рухани әлемнің заңдылығымен өмір сүреді.

Сонымен, материалдық әлем тіршілігі дегеніміз – жандардың өздерінің қалауы бойынша тән алуы және олардың бір-бірімен өзара байланысы екен. Болмыс тіршілігі – түрлі жан иелерінің бірі-бірімен қарым-қатынастарының көрінісі. Себебі материалдық әлемде әрбір жан иесі өзін қанағаттандыруға ұмтылады, соған байланысты тән алады. Өзінің өткендегі қалауы мен іс-әрекетіне байланысты материалдық дене алып, бұл өмірде түрлі жағдайларға түсіп, қуаныш пен қайғыны көріп өмір сүріп жатыр.

Бірақ Абай бабамыз көрсеткен адам өмірінің мақсаты басқа. Ол – Құдайға құлшылық арқылы Түп Иеге қайту. Әркімге табиғат соған сәйкес тән берген. Әлем – түрлі жан иелерінің іс-әрекет жасайтын ортасы, тәні – сол мақсат үшін қолданатын құралы. Материалдық әлемде табиғат болмаса іс-әрекеттің болуы да мүмкін емес. Табиғат осы үшін керек.

Жер бетіндегі барлық тіршіліктің тығыз байланысын Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде былай суреттейді: «Ғақлия[i] дәлелім Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан онан басқа бірінен-бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандарды пайдаланатұғын ғақылды инсанды[ii] жаратыпты».

Әлемде әрбір жан иесінің өз орны бар. Бірақ, адам олардың арасындағы ең жетілгені болғандықтан, Жаратушының адам баласына деген мейірімі ерекше. Бұл туралы Абай әрі қарай былай деп жазады: «Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, һәм олардан махшарда[iii] сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан.

Адам баласынан махшарда сұрау беретұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт, һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гүзәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді ьамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуінің ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? ...Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін... ара балын, балауызын, құрт жібегін – һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде, бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық».

Абайдың бұл сөздерінен өмірдің үлкен мәнін көруге болады. Жан иесі хайуандар махшарда сұрау бермейді (о дүниеде істеген істері үшін жауап бермейді), себебі олар өздерінің табиғи сезімімен (интуициясымен) әрекет жасайды. Сондықтан олар табиғат заңдылықтарын бұзбайды. Олардың жетілуі табиғаттың эволюция заңдылығымен жүреді. Бірақ оларда өмірдің мақсаты туралы ойлайтын мүмкіндік жоқ.

Адамдардың хайуандардан айырмашылығы – оларға өздерінің өмір мақсаттарын түсінетіндей ерекше ақыл-ес берілген. Сонымен бірге оларда өздерінің қалауынша қолданатын ерік бар. Адам баласының өз еркін дұрыс қолдану арқылы фәни өмірден құтылу мүмкіндігі бар. Ал хайуанаттарда ол жоқ. Егер адам өзіне берілген еркіндікті дұрыс қолдана алмаса, күнәлі істері үшін махшарда жауап береді. Сондықтан Абай бұл өмірді дұрыс мақсатпен өткізу керектігін айтады.

Адам мен хайуанның айырмашылығын Абай жетінші қара сөзінде былай деп анықтай түседі:

«Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгел түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде Құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны». Әрі қарай данышпан адамның бала кезінде барлығын сұрап, білуге құштар болатынын, бірақ өскеннен кейін оның барлығы ұмытылып, көңілі суитынын айтады. Сонымен жан адамды жас кезінде билеп, оны білімге құштарландырады. Ал өсе келе онң жаны фәни өмірдің залалдарымен былғана береді. Бұл тәннің ықпалын өсіріп, жанның ықпалын төмендетеді. Тән жанға бой бермей, адам тек қана тәннің құмарына беріледі. Сөйтіп оның жаны рухани азықтан тапшылық көрген соң, адам азғындау жолына түседі. Түрлі күнәларға батуы мүмкін. Ондай жағдайда махшарда ол аадмдардан сұрау алынып, түрлі жазалардан өту арқылы күнәларынан тазарып, өзіне үлкен сабақ алады.

Сондықтан адам баласынан махшарда сұрау алатұғынында әрі әділет, әрі махаббат бар дейді Абай. Әділеттің болатыны – қуаныш пен қайғыны әркімнің өз іс-әрекетінің нәтижесіне байланысты алатындығында, ал махаббаттың болатыны – бұның барлығы әрбір жан иесін әрі қарай жетілдіру үшін Алла тағаланың мейірімділікпен берген мүмкіншілігі. Ислам дүниетанымына толық сәйкес келетін Абайдың осы көзқарасы бойынша Алла тағала адамның еркіне шек қоймайды. Бірақ махшарда жақсы істері үшін мадақтап, жаман істері үшін оны жазалайды.

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

[i] Оймен, ақылмен.

[ii] Адам, адам баласы.

[iii] Діни ұғым бойынша заман ақырда адам баласының күнәсі тексерілетін орын

Просмотров: 368 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: