23:05
Абай айнасы - рухани кемелдену

ЖАРАТУШЫНЫҢ ӘЛЕМДІК КӨРІНІСІ

Жаратушының бірегей сипаты, яғни аспектісі – Оның әлемдік көрінісі. Бұл тұжырым Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде келтірілген «Алла бір» және «... ғалам Алла тағаланың ішінде» деген сөздерінен шығады.

Әлемді Жаратушы жаратады. Жаратушы барлығын қамтитын Абсолют болғандықтан, бүкіл болмыста Онан басқа ешкім де, ештеңе де жоқ. Ендеше әлемді жарату үшін оның элементтерінің барлығын Жаратушы Өзінен бөліп шығаруы керек, яғни бүкіл әлем көрінісі Одан шығатын энергия болып табылады. Бұны қарапайым түрде былай түсінуге болады. Қандай жан иесі болса да өзінен энергия бөлетіні белгілі. Айталық, адам баласының денесінен жылу, тер ретінде су, дем алғанда ауа, тағы да басқа заттар бөлініп тұратыны белгілі. Сол сияқты ең жоғарғы жан – Жаратушыдан да бөлінетін заттар бар. Бұны Оның энергиялары деуге болады.

Жаратушының энергияларын көріп біз Оның Өзін көріп-білуімізге болады. Бұған көзімізді жеткізу үшін мысал ретінде Оны Күнмен салыстырайық. Күннен жылу және жарық бөлінеді. Бұлар – Күн энергиялары. Күн барлық ғаламшарларға өзінің қуатын беріп, соның арқасында бүкіл ғарыш тіршілік етіп отыр. Жер бетіндегі өсімдіктер, олармен қоректенетін хайуанаттар мен адамзаттың Күнсіз өмір сүруі мүмкін болмас еді. Сол сияқты бүкіл ғарыштың өмірі де сол Күн нұрының нәтижесі. Ендеше бүкіл ғарыш Күн қуатының нәтижесі болса, оны Күннің энергиясы деуімізге болады. Ал бүкіл әлем Жаратушыдан шықты және Соның қуатымен өмір сүріп жатыр. Ендеше бүкіл әлемді Оның энергиясы, яғни Оның нұры деуімізге болады. Бүкіл болмыс көрінісі – Жаратушының энергиясы, Оның нұры. Материалдық әлемде Күннің сәулесі жеке элементтерден (корпускулдардан) құралады. Оларды зерттеп тану арқылы біз Күннің өзін тануымызға болады. Тағы бір мысал – жанған от. От жылу мен жарық арқылы сипатталады. Біз оттың осы энергияларын көріп, оның өзін білеміз. Яғни шыққан қуатты тану арқылы оның шыққан көзін тануымызға болады. Сол сияқты жаратқандарын тану арқылы Жаратушының Өзін, яғни энергиясын тану арқылы энергия көзін тануымызға болады. Абсолюттің Өзінің нұрынан айырмашылығ жоқ. Алла тағала бір. Осылай Жаратушының нұрын тану арқылы Оның Өзін танимыз, бүкіл әлемді көріп-біліп Оның Өзін көреміз. Бұл – Жаратушының әлемдік көрініс.

Осылайша бүкіл әлем бір Жаратушының нұрынан жаралған. Сондықтан ол кемелді. Қоршаған табиғаттың қандай үйлесімді, әдемі, көркем екенін көріп біз Жаратушының құдіреттілігін танимыз. Осынша күрделі әлем құбылыстарын жаратып, оларды мүлтіксіз орындалатындай етіп басқаруынан Оның шексіз мейірімділігін, әділеттілігін, қамқорлығын танимыз. Осылайша бізде Оған деген сүйіспеншілік пайда болады. Әлемді тану арқылы адамның Алла тағалаға деген сүйіспеншілігі артады. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының «Мен Алла тағаланың жаратқандарын көріп, Оның Өзін көремін» деген сөздері осыны білдіреді. Бұл туралы Абайдың өзі де «Ғұмыр өзі – Хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ» деп өмірдің өзі Алланың бір көрінісі екенін білдіреді.

Өзгергіш өткінші өмірді Алла тағаламен байланыстырып, оның әрбір көрінісінен Оның кереметтей хикметтерін тануға ұмытылып отыру керек. Сонда махаббатымыз толыса береді. Бұл туралы ойшыл былай дейді:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?!

(«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы», 1899 ж.)

Абай лсы толғанысымен өмір қызығының не екенін әркім-ақ сезетіндей етіп, анық айтып отыр емес пе? Адамның бәрін бауырым деп сүйіп, қоршаған болмыстың әрбір көрінісін Жаратушымен байланыстырып отыратын болсақ, сонда өмірдің өзі Алланы тану сабағына айналады. Алланы танысақ Оған деген сүйіспеншілігіміз оянады. Сөйтіп, бұл өмірдің құрсауынан құтылып, Абай көрсеткен адам өмірінің мақсаты – Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады.

Сонымен, Алла тағаланың үш сипатын (аспектісін! Қарастырып өттік. Олар – Оның тұлғалық, жүректегі және әлемдік көріністері. Бұлар – Алла тағаланы тану деңгейлері. Ең жоғарғысы Оның тұлғалығын, сонан кейін жүректегі және әлемдік көріністерін тану. Бұны мынадай әңгіме арқылы көрсетуге болады:

Бірде ұстаз адам өзінің үш шәкіртіне: «Адамдар қазіргі заманда пойыз деген бір ғаламатты ойлап шығарыпты. Сендер соның не екенін біліп келіңдер», - деп тапсырма берген екен. Бірінші шәкірт вокзалға барып, алыстан келе жатқан пойыздың жарығын көріп, асығып ұстазына келіп: «Пойыз деген жарық», - депті. Екінші шәкірт пойыздың вокзалға келуін тосып, оның өзін, үлкен дөңгелектерін, будақтаған түтінін көріп, ұстазына келіп: «Пойыз деген жарық шығаратын және үлкен дөңгелегі, будақтаған түтіні бар арба екен», - депті. Ал үшінші шәкірт осының барлығын көріп және вагондардың ішіне кіріп, ондағы адамдарды көріп, олармен танысып, ұстазына келіп: «Пойыз деген өзінен жарық шығаратын, будақтаған түтіні, үлкен дөңгелектері бар адам тасуға арналған көлік екен», - депті. Сонымен, бірінші шәкірт пойыз дегеніміз одан шығып тұрған жарық, екіншісі – оның жарығы мен сыртқы порымы, үшіншісі – одан шыққан жарық, сыртқы порымы, сонымен бірге оның ішіндегі адамдар екенін біліп келді. Ал енді осы үш шәкірттің қайсысы толық хабар әкелді? Әрине, үшінші шәкірт. Сол сияқты Алланың тұлғалық аспектісін білген адам Оның жүректегі және әлемдік сипатын да біледі. Сондықтан Алланың тұлғалық аспектісі Оның ең жоғарғы және толық сипаты. Алланың Өзі бір болғанымен, Оның сипаттары көп.

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 356 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: