12:15
Абай айнасы - рухани кемелдену

ЖАРАТУШЫ ҒАЛАМНЫҢ ІШІНДЕ

Әлбетте, Алла тағала адамның өмірін оның жүрегі арқылы басқарады. Адам жүрегіндегі Алла тағала Өзінің мейірімділігімен адамға үнемі ақыл беріп, әрекетін дұрыс жолға бағыттап отырады. Ол – адамның ең жақын досы. Бірақ жан иесі осы досының ақылына көп құлақ аса бермейді. Оның жүрек көзін шел басқандықтан, ол жүрегіндегі Жоғары Рухтың өнегесін сезбейді, не болмаса нәпсінің ықпалына беріліп, өзінің болымсыз еркін дұрыс пайдаланбай, теріс қылықтар жасайды. Сөйтіп ол қателіктерге ұрынып, себеп-салдар (қарымта) заңы бойынша оның зардабын көреді. Халықта мұны «ұят» деп атайды. Сондықтан Абай отыз сегізінші қара сөзінде «...кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген» деп ескертеді. Яғни ұяты бар адамды Алла тағала оның сезімдері арқылы психологиялық зардап шектіреді. Ал сана-сезімі әлі төмен, имансыз, ұяты жоқ болып, нәзік сезімдері арқылы әсер ете білмесе, ондай адамдарды физикалық дене арқылы зардап шектіреді. Айталық, түрлі апаттарға түсуі, дене мүшелерінен айырылып мүгедек болуы тәрізді еріксіз қиналдыратын түрлі зардаптар болуы мүмкін. Осылай адам баласы өмірдің тәттісі мен ащысын кезек татуы арқылы біртіндеп өмір заңдылықтарын сезіне отырып, түбінде осылардың бір себебі барын түсіне бастайды. Сөйтіп ол себептердің себебі Алла тағалаға бас иеді. Бұл да жүректегі Жоғары Рухтың бір мейірімділігі.

Жүректегі Рух адамның барлық әрекетін басқарады. Оның рұқсатынсыз ешбір жан иесі қабағын да қаға алмайды. Сонымен бірге Ол ешкімнің өзіне берілген еркіне шек қоймайды. Сондықтан әркімнің өзінің қалауынша әрекет етуге ырқы бар. Осылай бүкіл әлемнің өмірі бір ортадан басқарылып, барлық жан иелерінің қарым-қатынасы, қуаныш-қайғысы, болып жатқан өзгерістердің барлығы белгілі бір заңдылықпен мінсіз орындалып жатады. Ал бұл заңдылықты білмеген адамдарға бүкіл әлем бейберекет шырғалаңы көп, тек қана зардап орны болып көрінеді. Ондай адамның өмірі шынында да өзі түсінгендей зардапты болады. Одан құтылу үшін рухани білім алу керек.

Алла тағала адамға қандай алыс болса, екінші жағынан, Ол жүректе болғандықтан сондай жақын. Абай Кіші Жан да, Жоғары Жан да жүректе орналасқанын айтады. Олар үнемі байланыста. Сондықтан Алла тағала адамның барлық қалау-ниетін, ой-өрісін біледі. Онан ештеңені жасыруға болмайды, ол – негізгі куәгер. Сонымен бірге Ол ештеңені де ұмытпайды. Қоғам өмірінде жасаған қылмыс үшін түрлі заңсыз әдістермен кейде жазадан құтылып кетуге мүмкіндік болғанмен, бірақ Құдай алдында ол жазадан еш уақытта құтыла алмайды. Ол жазасын уақыты келгенде түбінде бір алады. Бұл туралы Абай түсіндіріп кеткен. Алладан еш нәрсені жасыруға болмайтын болғандықтан, иманды адамдар ешкімді алдамайтын таза көңілді болуға ұмтылады.

Осыны түсінбегендер өзінің жүрегінің өміріне кейде құлақ аспай, өмірдің түрлі «жылтырағына» алданып, Құдайға қарсы (ұятына қарсы) көп әрекеттер жасайды. Ол соның нәтижесінде қарымта заңы бойынша оның зардабын тартып отырады. Бірақ ол оның себебін түсінбейді, сондықтан одан сабақ ала алмайды.

Ал енді Алла тағала әрбір жан иесінің жүрегінде және ғаламның әрбір бөлшегінде болатын болса, онда Оның көп болып бөлінгені ме? Абай ілімі бұл сұраққа, «әрине жоқ, бөлінбейді» деп жауап береді. Себебі Абай «Алла бір» деп жазады ғой. Ендеше бұл қайшылықты қалай түсінеміз?

Алла тағаланың «бір» екенін күнмен салыстырып түсінуге болады. Талтүсте күн адамның төбесі тұсында тұрады. Егер радиусы мыңдаған шақырым жердегі адамдардан: «Күн қайда?» - деп сұрайтын болсақ, әркім өз тілінде: «Күн міне», - деп төбесі тұсында тұрған Күнді көрсетеді. Бірақ Күнді көрсеткен әркім оны өз тілінде түрліше атап, бірнеше жерден көрсетсе де Күн көп емес, Күн біреу. Бірақ ол бөлінгендей көрінеді. Сол сияқты Алла тағала әркімнің жүрегінде болып бөлінгендей көрінсе де, Ол бөлінбейтін тұтас. Күн біреу болса да барлық жан иелеріне өзінің сәулесін шашады, сол сияқты Алла тағала біреу болса да, бүкіл әлемге шапағатын шашып, оған өмір береді. Ол уақыттың ықпалымен барлығын жаратады және уақыттың ықпалымен барлығын кезінде жойып отырады.

Әлемнің барлық бөлшегіндегі Алла тағаланың тұтас «бір» болуы – бүкіл әлемнің тұтастығының кепілі. Ол тұтас болса – әлем де тұтас. Алла тағаланың жасаған түрлі әлем бөлшектерінің бір-біріне тартылу және итеру қасиеттері бүкіл материалдық әлемнің түрлі заңдылықтарын тудырады. Сөйтіп әлем бөліктері бірігіп, өзара байланысып, түрлі қарым-қатынаста болады. Осының арқасында бүкіл материалдық әлем адамның санасы түгел қамти алмайтын түрлі құпия заңдылықтарымен, кереметтей күрделі құрылыс ретінде тұтасып, бір Иенің басқаруымен мүлтіксіз өмір сүріп жатыр.

Абайдың «Алла тағала ғаламның ішінде» деген сөзінің маңызы осындай.     

 
 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 381 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: