11:02
Жаңа оқу жылы қарсаңында

Оқудың жаңа маусымы табалдырығында

ТАНЫМДЫҚ ОҚЫТУ ХАҚЫНДА

Оқыту үрдісі оқушылардың сана-сезімдерін дамытуға бағытталғандықтан, өзінің ішкі объективтік заңына сай өтетіні даусыз. Өйткені, оқушылардың тиісті жадығатты игеруі таным үрдісіне негізделеді. Ал таным үрдісі өзінің диалектикалық заңдылықтары бойынша өтеді.

Ақиқатында, оқыту – үш жақты үрдіс. Онда бір жағынан, оқушылар һәм олардың таным әрекеттері, екінші жағынан, игерілуге тиісті материал болса, үшінші жағынан, осы үрдісті ұйымдастырып басқаратын мұғалімнің бағдарлы іс-әрекеті бар. Тиісті жадығатты мұғалімнің ұйымдастырып басқаруымен өздерінің таным әрекеттері арқылы игеріп меңгеретін оқушылар. Демек, оқушылар оқыту үрдісінің басты субъектісі болып табылады. Сондықтан олардың өзіндік таным әрекеттері шешуші рөл атқарады. Сол себепті қойылған мәселені осы тұрғыдан, яғни оқушылардың өзіндік таным әрекеттері тұрғысынан мынандай бірізділікпен қарастыруға әбден болады: оқушылардың таным әрекеттері мен оның құрамды элементтері; оқыту қатынастары һәм оның құрылымы; оқыту қатынастарының оқушылардың таным әрекеттерінің даму деңгейіне сәйкестілігі; оқыту қатынастарының оқушылардың таным әрекеттерінің сипатына сәйкестігі; оқыту үрдісіндегі оқушылардың сана-сезімдерінің дамуының қайнар көзі мен қозғалысы; оқыту үрдісінің негізгі заңы.

Таным әрекеттерінің иесі – оқушылар. Олар өздеріне қажетті адамзат қоғамының таным үрдісінің нәтижесінде игеріліп жинақталған білім мен іскерлік дағдылардың, тәжірибелердің анықталған белгілі бір мөлшерін меңгеріп, іс жүзінде қолдана білу үшін әрекеттенеді. Сол себептен оқушылар таным әрекетінің басты элементі болып табылады. Тиісті жадығатты меңгеру үшін оқушылардың таным әрекеттері игерілетін жадығатқа әртүрлі жазу, сызу, өлшеу құралдарымен қоса приборлар, аспаптар, макеттер мен көрнекі құралдар, яғни оқу құралдары арқылы жеткізіледі. Демек, оқу құралдары оқушылардың таным әрекеттерінің құрамды элементтері де. Оқу құралдарының көмегімен жеткізілген оқушылардың таным әрекеттері тиісті жадығатқа, яки материалға, қосылғанда ғана олар оны игеруге мүмкіндік алады. Бұл бағытта, біріншіден, игерілуге тиісті жадығаттың көлемі, реті, құрылымы һәм оның байланыс амалы таным үрдісінің құрылымына, сатыларына, формалары мен тәсілдеріне сәйкес болуы керек. Екіншіден, игерілуге тиісті жадығаттың тілі таза да анық, қысқа да нұсқа, оқушылардың жас ерекшеліктері менен болмысына сай болуы керек. Үшіншіден, олардың ұлттық жан дүниесіне, яғни психологиясына, үйлесетіндей болуы тиіс. Төртіншіден, оқушылардың игерілетін жадығатқа қатынасы, яғни олардың таным әрекеттерінің тәсілі игерілуге тиісті жадығатқа тән һәм оның байланыс амалы ретінде анықталуы қажет.

Оқыту үрдісінде оқушылардың таным әрекеттері аталған шарттарға сай келетін игерілетін жадығатқа қосылуы үшін олардың қолданатын тәсілдері оған тән таным әрекеттерінің тәсілін оқушылардың өз бетінше алдын ала анықтап алу мүмкіндігі аз. Сондықтан мұғалім өзі меңгерген оқушылар игерілуге тиісті жадығаттың ішкі байланыс амалы болып табылатын оқыту әдісін алдын ала анықтан, сол арқылы оқушылардың таным әрекеттерінің тиісті жадығатпен қосылуын ұйымдастырып басқарады. Басқаша айтқанда, қажетті оқу құралдары мен оқыту әдісін қолдана отырып оқушылардың таным әрекеттерін игерілуге тиісті жадығатпен қосылуын қамтамасыз ететін – мұғалім. Демек, ұстаздың осындай бағдарлы іс-әрекеті оқушылардың таным әрекеттерінің құрамына кіреді де, оның білінбес бір элементі болып табылады.

Әрине, оқыту үрдісін іс жүзінде ұйымдастырып басқару үшін оқулықтар мен оқу құралдарынан басқа дәрісханалар, зертханалар, яғни қажетті оқыту жабдықтары қажет. Оқу құралдары мен оқыту жабдықтары қосылып оқыту құрал-жабдықтарын құрайды. Сонымен оқушылардың таным әрекеттерінің құрамы мынадай элементтерден: оқушылардан, олардың қолданатын тәсілдерінен, оқыту құрал-жабдықтарынан, игерілетін жадығаттан һәм мұғалімнің бағдарлы іс-әрекетінен тұрады. Бірақ оқушылардың таным әрекеттерінің құрамына кіретін осы элементтердің оқыту үрдісіндегі атқаратын рөлдері бірдей емес. Өйткені, мұғалім оқыту әдісі мен құрал-жабдықтар арқылы тиісті жадығатқа тән білім мен іскерлік дағдыларды оқушылардың таным әрекеттерінсіз оларға «бере» алмайды. Себебі, аталған элементтерді іс жүзінде қолдана отырып тиісті жадығатты саналы түрде игеріп меңгеретін таным әрекеттерінің иелері – оқушылар. Демек, оқушылар таным әрекеттерінің негізгі элементі ретінде шешушірөл атқарады. Әрбір жеке элементтердің атқаратын рөлдері олардың таным әрекетіндегі іс бөлісіне сәйкес анықталады. Сонымен мұғалімнің оқыту әдісі, бір жағынан, игерілетін жадығатқа тән оның ішкі байланыс амалы болса, екінші жағынан, оқушылардың таным әрекеттерінің тәсілі де. Демек, мұғалім оқыту құрал-жабдықтарын қолдана отырып оқыту әдісі арқылы оқушылардың таным әрекеттерін құрайтын жеке элементтердің іс бөлісіне сәйкес, яки атқаратын рөліне қарай, анықталатын тұрақты байланысын қамтамасыз етеді де, оның құрамын түзеді. Сөйтіп, мұғалім оқушылардың таным әрекеттерінің элементтерінің құрамын түзетін оқыту әдісі арқылы тиісті формаларда оқыту үрдісін ұйымдастырып басқарады. Жоғарыда таным әрекеттерінің жеке элементтеріне қатысты пайымдалған тұжырымдарды негізге алсақ, мынандай қорытындыға клеуге болады. Оқушылардың таным әрекеттері дегеніміз – олардың игерілетін жадығатқа бағытталған әсерін жеткізіп қосатын элементтердің ішкі іс бөлісінің біртұтас жүйесі.  

әзірлеген

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1336 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: