12:06
Спорттық табыстар

Жарыстар жемісі

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАҒЫ ТҰҒЫРЛЫ ТАБЫСТАР

Қазақта дара туылып, дара атанған һәм бас ақын саналатын Құнанбайұлы Абайдың «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен...» деген жолмен басталатын әйгілі дастан үзіндісін алға тарта отырып, осы күндері Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде әрі дене тәрбиесі мұғалімі, әрі спорт нұсқаушысы қызметтерін абыроймен өтеп жүрген Есенгелдин Арман Ыбырайымұлын ұлттық ойын тоғызқұмалақтағв жетістіктері хақында берісі аудан, арысы аймақ аумағында білмейтін жан кемде-кем болар. Оның бағындырған белестері менен алған асуларын түгел айтуға біршама уақыт керек. Ол өткен күндердің алтынмен апталып, күміспен қапталған қорындай.

Биылғы жылдың 17 – 30 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында өткізілген тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының командалық біріншілігіне Еаенгелдин А.Ы. төреші болып, жарыстардың адал өтуіне барынша үлесін қосып қайтты. Арман Ыбырайымұлының айтуына қарағанда, аталмыш додаға еліміздің тоғыз облысынан тоғыз құрама қатысқан көрінеді. Біздің облыс құрамасында Ақтаев С., Қаймолдин Ж., Иманғалиев А., Кенина Д., Райымбекова Р., Адамжанова А. сынды таңдаулы ойыншылар жарыс жолына түскен екен. Осынау алтылыққа бас жаттықтырушы болып Қапаев Д.И. тағайындалыпты.

Осыншама уақыт аралығын қамтыған біріншілік барысында павлодарлық тоғызқұмалақшылар тегеурінді һәм жігерлі ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлер ықыласына молынан бөленген көрінеді. Әр ойынша өзіндік ойын өрнегін қарсыластарына ұсына отырып, әрдайым жеңістің тәтті дәмін татып, командалық ұпай қорын көбейтіп отырған. Бейне тұлпарлар бәйгесіне бара-бар осынау дода қорытындысы бойынша ұпайы түгел болған біздің құрама өзге командаларды шаң қаптырып, сырық-құрық бойы озып, мәре сызығын алғаш кесіп, жалпыкомандалық бірінші орынға мейілінше иелік етіпті. Павлодарлық жеңімпаз тоғызқұмалақшылардың әрбіріне алқа тағылып, мадақтама ұсынылса, бүкіл құрамаға біріншілік Кубогі салтанатты түрде табыс етілгенін әңгіме барысында Арман Ыбырайымұлы қуана-қуана айтып отыр.

Ақтөбеден үлкен абыроймен оралған Есенгелдин А.Ы. 2 – 3 мамырда облыс орталығы Павлодарда Қазақстан Республикасы халықтары бірлігі күніне һәм Ұлы Жеңістің 64 жылдық мерейтойына арналып өткізілген ХІІ облыстық білім қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиадаға Лебяжі ауданы құрамасының сапында тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып, командалық үшінші орынды жеңіп алу жолында қомақты үлесін қосыпты.

Міне, табыс пенен жетістікке толы күндер һәм қайталанбас жарыстардан өз ауылына оралған Арман Ыбырайымұлы әріптестеріне додалардан көрініс беретін фотосуреттерін, мадақтамаларын көрсетіп, аймақтың, ауданның тоғызқұмалақшыларына деген шексіз алғыс-ризашылығын бүгіп жасырмай, алақандағыдай жайып салды.

Асылында, ортамызда осындай қарапайым да құрметті Тұлға жүргеніне сырттай да, іштей де қуанады екенсің. Ылайым солай болсын да.

ИБРАҺИМ-ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1257 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: