Кітап үзіндісі
15/04/2024, 22:43

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Ата-бабамыз оң жақтағы қыздың өзі түгіл, отауына шаң жуытпаған; қыз абыройын қызғыштай қорыған. Қыз балаға қасқыр боп тиген еркекте еш қасиет болмайды.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Тіршіліктің тартысында кімнің жеңілгісі келеді? Нашар, қайғылы тұрмысты кім жақсы көреді? Әрине, ешкім тіршіліктен жеңілуді, құл болуды, қайғылы дәурен сүруді қаламайды, амалсыздан жеңіледі.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

 

Еркектің бақыты да, тақыты да жақсы жар болады, шырағым. Саған айтар ақыл, берер кеңесім, қарағым: өзіңді тапқан анаңды сыйласаң – анау адал жарыңды сыйла. Сенің де анаң бір кезде осындай жас келін боп түсіп, жан ұшырып жүріп, сені дүниеге келтірген. Ана болғаннан кейін дана болған. Адамның екінші қымбаты – арыңды қадірлесең, жарыңды қадірле, қарағым.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Егер адам бір рет бақытсыздыққа кездессе, өмір бойы жылап өтуге тиісті ме? Жоқ, ол мүмкін емес? Адам бақыт үшін жаралған! Сондықтан оның шын бақытты көктемі болуға тиісті! Әйтпесе дүниеге келудің не қызығы бар? Алдағы күнге сеніміңді жоғалтушы болма, сонда ғана өмір сені ұмытпайды. Біздің заманымызда қандай адам болмасын, айдалада жеке біткен ағаш емес, ол қоғам өсірген қалың ормандағы көптің бірі: қайың ба, емен бе, әлде басын аспан сүйген қарағай ма, оны тек сол адамның жаратылысы, өзінің басына біткен қасиеті ғана айырады. Орман құлпырса ол да құлпырады, орман қуарса ол да қуарады. Жалпы алғанда, адам сол қоғамның өткенінің, бүгінгісінің, біркелкі болашағының қорытындысы. Бірақ сол адамның, жаратылыстың дегеніне қарай өскен ормандағы ағаштан бір айырмасы бар. Ол — оның сана-сезімі. Miнe, осы сана-сезім адамды өзін өсірген сол қоғамның гүлденуіне, көркеюіне қолынан келгенше атсалысатын шын ұлы ете алса, бұл үлкен бақыт. Ал адам құлқы оны кейде бөтен жолға бұрады. Мұндай адам қоғамға беруден көрі, алғанын жақсы көреді. Өмірдің бар қызығы қоғамның өркендеуінде емес, өз басын қадірлеуінде деп есептейді.

Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»

 

Театр – өмірді, ақиқатты, жақсылық-жамандықты көзбен көргізіп, қолмен ұстататын орын. Бір сөзбен айтқанда, сезімді тәрбиелейтін зор құрал.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 4 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: