Кітап үзіндісі
08/04/2024, 11:44

Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Бір досы әкемнен қоңыр құнанды сұрап келгенде әкем: «Оны бір жиенге берем деп ниет етіп, іштей атап қойып ем», – дегені есіме түсті. Анау «болмаса атқа ауысыңыз» деп қоймай сұрайды. Сонда әкемнің: «Оған әлі айтпаған болсам да атап қойдым, ол енді соның малы, тіпті болмаса сол жиеннің өзінен сұрарсың», – дегені де ап-анық есімде.

Бұл не, сірә? «Амалдар ниетке байланысты» деген Алла тарапынан айтылған ұлы қағида қазекемнің тұрмыс-тіршілік, туабітті болмысына осылайша сіңіп кеткен екен-ау.

Біреуге іштей беріп қойған дүниесін (ол білмесе де), енді біреуге беруді қиянат көретін қазағымның осындай асыл болмысын бұл күнде кімге айтып түсіндіре аласың?..

Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы»

 

Көп қыздардың ішін сұлуламай, тек сыртын сұлулауға тырысуы өкінішті. Қыз қанша боянғанымен саналы жігіт оған салғаннан құлап түспесе керек қой. Қызға ажары үшін ғана емес, адамгершілігі үшін ғашық болмай ма? Ғашық адам сүйгенінің бойынан сұлулықтан басқа да асыл қасиеттер іздейді. Ол қасиеттер: ақылдылық, адамгершілік, сыпайылық, сыйластық, еңбексүйгіштік болса керек. Жалқау қызға жан жоламауға, еріншек қызды ер алмауға тиіс.

Мұның растығына көптеген мысалдар бар. Еңбекте үздікті сүйеді. Оқуда озықты қалайды. Қай қыз жұмысты жақсы істесе, жұмысшы жігіт соған ұмтылады. Қай қыз сабақты жақсы оқыса, студент жігіт соған қырындайды. Нашар оқитын қыз өзін сүйікті етіп көрсетуге тырысады. Жігітті де қыз танауы үшін емес, та- ланты үшін сүйеді. Еріншек жігітке ешкім қарамайды. Ендеше махаббаттың басты шарты сұлулық емес.

Әзілхан Нұршайықов «Махаббат қызық мол жылдар»

 

Қазақша айтқанда, құрғақ білім, жаттап алған кітап, жаттыққан тілмен жұмыс бітпейді, жаңа дүние жасалмайды, мақсат орындалмайды.

Алаш айтқан асыл сөз

 

Қыздар бос күйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға бірге баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты. Осылай жұптасып, зайыптылық өмірдің алтын босағасы достық пен махаббатты берік ұстаған берекелі семьяны ғана көрші ұнатады, қоғам құптайды.

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат қызық мол жылдар"

 

Бақытты болашақтың ең басты негіздерінің бірі — бұл жалпыға бірдей жақсылық тілеу. Ал өкінішке қарай, біздің күндерімізде жамандық тілеу әлі де етек алуда. Бұл әрқалай байқалады. Кейбір басшылар шындықты айтқысы келгендердің аузына қақпақ болса, тағы біреулер қабілетті жастардың өсуіне жол бермейді. Ал талантты қайраткерге ең үлкен бақытсыздық — оны шығармашылық қауымның қабыл алмауы.

Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»

 

«Пейілі кетпесе ел деген өзін-өзі асырайды ғой» деп отырушы еді қариялар.

Ел деген шіркін!..                                          

Ұларбек Нұрғалымұлы «Дайағашшы»

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 7 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: