Кітап үзіндісі
25/03/2024, 21:45

 Кітап жолдарына көз жүгіртіп отырған уақытта ойыңызға не келеді? Қандай жолдар жүрегіңізге жол таба алды? Сөздің сиқыры санаңызды жаулады ма? Осынау серияда сондай үзінділер беріледі.

Әлқисса...

 

Күн өткен сайын ұзап бара жатқан адамның шын қадірін, шын сырын енді біле бастағандай. Адам, бар болғаны жел өтінде өскен бір тал құрақ, жаратылыстың ішіндегі ең әлсізі. Бірақ та ол – ойлай алатын, сезе алатын құрақ. Оның ғұмырын қию үшін бүкіл болмыстың күшінің керегі жоқ. Бір тамшы судан қысса болды, семеді де қалады. Артынан қара боран соқса, тамырынан жұлынып кете барады. Бірақ болмыс адамды жоя алғанымен, адам бәрібір болмыстан биік, себебі ол... болмыстан әлсіз екенін, өмірінің таусылғанын сезе алады, жанын қиып кете алмай қиналады, ал болмыс ештеңені сезбейді, ештеңені түйсінбейді. Адам өзі жақсы көретін етжақын адамының өлгенін көрмейінше өлімнің не екенін пайымдамайды, түсінбейді. Жақсы көрген адамың өлгенде ғана өліммен шын жолығысасың. Өлімде ешқандай мағына жоқ.

Таласбек Әсемқұлов «Талтүс»

 

Американың тележурналисі Фил Донахьюдың бір сөзі қатты әсер етті. «Алдағы мақсатыңыз не?» – деген сұраққа: «Әке ретінде, жар-жолдас ретінде, азамат ретінде жетіле түсуді қалаймын», – деді. Өзіне-өзі сын көзбен қарап, жақсы бола түсуге тырысқан азаматтың отбасы бақытты болар-ау.

Ер-азамат – отбасының жетекшісі, басшысы. Бірақ басшы болуды бастық болу деп түсінетін жігіттер бар. Өз міндетін әйел, бала-шағасын жұмсап қойып, көбірек қыдыруға айналдырған немесе «басшы болған – осы екен», – деп, ақырып-зекіріп үстемдік құрған еркектің үйіндегі ауа райы дұрыс деуге болмайды.

Алма Қыраубаева «Жаным садаға»

 

Сіздердің негізгі міндеттеріңіз мұғалімдерден сұрап «екіні» «үшке», «үшті» «төртке» түзету емес, балалардың өзін оқытып, өздеріне түзеткізу.

Бексұлтан Нұржекеұлы «Бір өкініш, бір үміт»

 

Мен адамдарды құрмет тұтам. Бірақ олардың Американы немесе бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқандықтан немесе ғарышқа ұшуымен емес, тек таза көңілмен сүйе білу және жақсылық жасап, әділ бола білу, біреудің қайғысын бөлісе білуіне қарап. Өйткені, адамды адам ететін және мәңгілік ететін біріншісі емес, екіншісі — әйтпесе бәрі де апат болар еді... Тіпті, егерде ең ұлы ашылымдар болмаса да бәрібір адамзат өмір сүрген болар еді, ал егер сүйіспеншілік жоқ болса — ол тез арада құрып бітер еді.

Ілияс Есенберлин «Ойлар, баяндамалар, күнделіктер, хаттар»

 

Міне, өмір деген осы екен! Мұнда адалдық пен әділдікке орын жоқ. Құладың ба – құрығаның! Демек, мықты болу керек екен.

Джек Лондон «Текті сарын»

 

Ораза жақсылықты үйретіп, жамандықтан жирендіреді.

Кей адам ораза ұстайды, кей адамды ораза ұстайтын көрінеді.

Мәлік Отарбаев «Таңғы шық»

 

Адамдар біріне-бірі қарауылдай қадалып жүрмесе, айтар сөзінен, атқарар жұмысынан, ішер асынан жаңылып қалатын тәрізді. Қарауылдың да түр-түрі бар. Ал адамдар да даусыз солай. Адалмын деп жүріп алдап кетеді. Күліп тұрып, ашу шақырады. Пәктікке тамсанып, артынан баттитып күйе жаға салады. Азаматтық туралы бар даусымен жар салады да, қара басының қамы ойына оралғанда, бәрін ұмытып жымысқы тірліктің құлы болып, мысық табандап қалады.

Сүлеймен Мәмет «Көңіл көзі» (Қамшының сабы немесе айқаспаған кірпік)

 

Баланы тәрбиелеп өсірмек – ата-анаға қарыз. Сол қарызды мойнынан түсіру керек. Балалар сотқар, әдепсіз, ибадатсыз болып өссе, бұлардың ата-анасы бұлар үшін о дүниеде құдай алдында жауап берсе керек.

Серік Жолдасбай, Еркін Ерланұлы «Алаш айтқан асыл сөз»

 

Қыздар, бай деп, бақты деп ешқашан да шалға шықпаңдар. Жаның сүйген тең құрбы, досына балғын бал көңілмен берген уәденді өлсен де бұзба!

Әзілхан Нұршайықов "Махаббат қызық мол жылдар"

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 8 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: