Абайдың хакімдігі
08/04/2024, 11:48

СҰРАҚТАР

(Қырқыншы қарасөз)

Абай сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар деп, қатарынан жиырма бір сұрақ қойған. Бұлардың бас-басына тоқталып жатсақ, көп сөз болмақ. Сондықтан айтарымыз Абайдың осы оқырманға арнап сұрақ қоюдағы мақсаты туралы.

Сұрақ қою бар, оған жауап беру бар. Бұл – танымның бір тәсілі. Абай сұрақтар қойған, бірақ жауап бермеген. Бұл да құптарлық ойлау дәстүрі. Өйткені кей-кейде жауапқа қарағанда сұрақтың мағынасы басым болуы таңғаларлық іс емес. оның бірнеше себептері бар.

Біріншіден, сұрақ қою білмегенді білуге тырысушылықтан қойылады. Демек, сұрақ – білмектің белгісі. жас бала да өміртанымын сұрақтан бастайды. Сұрақ деген – танымға ынтықтық. Сұрақтың мәнісін ұқпаған – білімсіздік. Сұрақ өмірдің өзінен туады, демек, сұрақ беру – өміртанудың басы.

Екіншіден, сұрақ сынақ үшін қойылады. Бұл жағдайда сұрақ қоюшы берілер жауаптың бағыт-бағдарын біледі. Біліп тұрып сұрақ қоюшылық – оқу, тәрбие ісіндегі қажеттілік. Ол – шәкірт пен ұстаз, ата-ана мен бала арасында болатын жай. Бұл – арнайы мақсатқа орай жасалатын тәртіп.

Үшіншіден, нақты жауапты қажет етпейтін сұрақ болады. Бұл сұрақтың мәнісі өзгеше. Оған мысалға билер шығармашылығы айғақ. Ел аузында мынадай сөз бар.

Төле би елдің игі жақсылары жиналған бір мәжілісте жұмбақтап:

- Бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз, тоғыз, он, - деген екен. Отырғандардың ешқайсысы бұл жұмбақты шеше алмаған соң, жұмбақты шешуге Қаз дауысты Қазыбек рұқсат сұрапты. Сонда:

- Бір дегеніміз – бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніміз – егесіп өткен ер жаман.

Үш дегеніміз – үш бұтақты шідерден шошынған ат жаман.

Төрт дегеніміз – төсектен безген жас жаман.

Бес дегеніміз – белсеніп шапқан жау жаман.

Алты дегеніміз – асқынып кеткен дерт жаман.

Жеті дегеніміз – жас келіншек жесір қалса, сол жаман.

Сегіз дегеніміз – серпілмеген қайғы жаман.

Тоғыз дегеніміз – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесе, сол жаман.

Он дегеніміз – оңалмас кәрілікке дау болмас, - деген екен Қаз дауысты Қазыбек.

Төле бидің жұмбақтап айтқандарын Қаз дауысты Қазыбек осылайша шешіп береді. Өзге би, мүмкін, өзгеше айтар ма еді?.. Демек, жауап беру, жұмбақты шешу міндетті түрде Төле бидің ойындағысын табу емес, дәлелді сөзбен оның ойынан шығу. Бұл екеуі бір нәрсе емес. билер көбінесе жауап беретін адамға еркіндік беріп, дәлелді жауапқа тоқталып отырған.

Абайдың сұрақтарына да дәл жауап жоқ, мәселе Абайдың ойындағысын табу емес, оның ойынан шығуда. Бұл сұрақтарға нақтылы жауаптан гөрі қарсы дәлелдер келтірген дұрыс. Дәлелдер жауап орнына жүреді. Мұндай сұрақтарға дәлел-жауаптар да жеткілікті. Әңгіме жауап берушінің қиыннан қиыстырып дәлел табуында. Сондықтан қазақ осындай жағдайларда «Аталы сөзге арсыз араласады» деген. «Аталы сөз» деп отырғанымыз – қойылған сауалға берілген дәлелді жауап.

Қазақта көбінесе сұрақтан жауаптың қысқа болатын тұстары көп. Содан барып халықта «бір ауыз сөз» деген ұғым пайда болған. Қалың жұрт аталы бір ауыз сөзге тоқтаған.

Абайдың қалған сауалдарына жағдайға байланысты, заман түсінігіне орай әр қилы жауап қайтаруға болады, бірақ жалпы сұраққа толық жауап қайтарылуы мүмкін емес. қандай да болмасын жауап бағыт-бағдарды белгілейді. Ал сұраққа толық жауап беріліп, сұрақ мәні сарқылса, ол нағыз сұрақ болып есептелмес еді.

Сұрақ деген – философиялық ұғым. Қазақ санасында «сұрақ» деген бар да, «сұрау» деген бар. Соңғысын қоюшы – Алла, алғашқысын қоюшы – адам.

Адамның адамға сұрақ қоюы – болмысты, ғаламды танудың басты шарты. Алланың адамға сауал қоюының мәні – пендесінің адамшылығын тексеруі. Абай сұрақты адамдар қылығына орай қойған. Адам болмысы мен санасындағы қайшылықтарды, қарама-қарсы қылықтарды ашып берген. Бұл сұрақтардың мәні берілетін жауап-дәлелдермен құнды.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 5 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: