09:14
Жады-нама

ҚАЙТАЛАУ – БІЛІМНІҢ АНАСЫ

Қашан қайталау керек?

Жаттаудың түрлі әдісін (ассоциация, бейнелеу, мағына беру, т.б.) қолданып жаттаған ақпарат тағы бір рет қайталанбаса, бір сағаттан соң бұзыла бастайды. Адамның жадысы сондай. Жоғарыда айтқандай, алғашқы қайталау жаттап болған соң бірден жасалауы қажет.

Одан кейінгі қайталау туралы айтсақ, оның танымал екі түрі бар.

1. Егер ақпаратты жаттауға 2-ақ күн қалса, онда мына тәсілмен жаттау керек:

- Бірінші қайталау – жаттап бола сала қайталау;

- Екінші қайталау – бірінші қайталаудан кейін 20 минуттан соң қайталау;

- Үшінші қайталау – екінші қайталаудан кейін 8 сағаттан соң қайталау;

- Төртінші қайталау – үшінші қайталаудан кейін 24 сағаттан соң қайталау.

2. Егер уақыт жеткілікті болса, ақпаратты ұзақ уақытқа есте сақтағың келсе, онда мына әдіспен қайталау ыңғайлы:

- Бірінші қайталау – жаттап бола сала қайталау;

- Екінші қайталау – бірінші қайталаудан кейін 20-30 минут өткен соң;

- Үшінші қайталау – екінші қайталаудан кейін бір күн өткен соң;

- Төртінші қайталау – үшінші қайталаудан кейін 2-3 апта өткен соң.

Қазіргі заман ғалымдарынан Хью Томпсон және Боб Салливан өте тиімді қайталау жүйесін ұсынған:

- Бірінші қайталау – жаттап болған соң 5 секундтан соң қайталау;

- Екінші қайталау – бірінші қайталаудан кейін 25 секундтан соң;

- Үшінші қайталау – екінші қайталаудан кейін 2-3 минут өткен соң;

- Төртінші қайталау – үшінші қайталаудан кейін 10 минут өткен соң,

- Бесінші қайталау – 1 сағаттан соң;

- Алтыншы қайталау – 6 сағаттан соң;

- Жетінші қайталау – 24 сағаттан соң;

- Сегізінші қайталау – 5 күннен соң;

- Тоғызыншы қайталау – 25 күннен соң;

- Оныншы қайталау – 4 айдан соң;

- Он бірінші қайталау – 2 жылдан соң.

Әрине, бұл уақыт өлшемдері жатталатын ақпаратқа байланысты өзгереді. Егер мақала не кітаптың мәтінін жаттасаң, онда екінші қайталау бірінші қайталаудан кейін 15 минут өткен соң; үшінші қайталау – 8 сағаттан соң; төртінші қайталау – үшінші қайталаудан соң 24 сағат өткенде жасалады.

Егер нақты әрпіне дейін жаттау керек ақпарат болса, онда екінші қайталау – 1 сағаттан соң; үшінші қайталау – 3 сағат өткен соң; төртінші қайталау – 8 сағатан соң. Ары қарай келесі күні араға 3-4 сағат қайталап отыру керек.

«Осыншама көп қайталау керек екен» деп қорқып отырған шығарсың. Бірақ ойша қайталау кітапқа қарап қайталаудан оңай әрі қызығырақ. Оның үстіне, ойша қайталауды кез келген жерде жасауға болады: тамақ ішіп жатқанда, қоғамдық көлікте, кезекте.

«Мұның бәрін қалай бақылап жүремін?» десең, оның да оңай жолы бар. Осы қайталау жүйесімен жұмыс жасайтын қаншама бағдарлама бар. Смартфонға жүктеп ал да, пайдалан. Мысалы, Anki, Memrise, т.б.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: