21:27
Жады-нама

МӘТІН, ӨЛЕҢ ЖАТТАУ, ЖҰРТ АЛДЫНДА СӨЙЛЕУ ӘДІСІ

Мәтін жаттау тәсілі

Егер жаттау керек материал ішті пыстыратын, қызықсыз болса, онда оны басқа автордың жазғанымен салыстыр. Соған ұқсас материал оқы. Соған қатысты видео, шоу, документалды фильм көр. Материалда берілген кесте, схема, иллюстрацияға мән бер. Ақпарат мынадай жағдайда есте сақталмайды: егер ол қажет болмаса; қиын болса; пайдасы болмаса; логикасы болмаса; қызықсыз болса.

Мәтінді жаттау кезінде біз оны бөлік-бөлікке бөлуіміз керек. Әр бөліктен бір тірек сөз шығару керек. Кейін әр бөліктің тірек сөздерін бір-бірімен байланыстыру керек. Төмендегі мәтінді оқып шығайық.

Хош иісті нанның қыртысы пісіру кезінде қамырдың сыртқы қабатындағы судың булануынан пайда болады. Судың бір бөлігі сыртқы қабатына кетсе, қалғаны ішкі жұмсақ бөлігіне кетеді. Осымен бірге ақуыздар ыдырайды. Ыдыраған ақуыздар өнімі (аминоқышқылдар) қантпен әрекеттесіп, меланоидин деп аталатын заттек түзеді. Осы заттек нан қыртысына қоңыр түс береді.

Ал күйген қабат нанның пісу технологоиясының бұзылуынан пайда болады. Егер нанның сыртқы қабаты күйіп кетсе, оны жемеген дұрыс. Себебі денсаулыққа пайдасыз канцероген деп аталатын улы заттар пайда болады.

Нанның сыртқы қабаты (қыртысы) тек дәмді ғана емес, сонымен қатар өте пайдалы болып табылады. Ол халық медицинасында кең қолданыс тапқан. Мысалға, тісі жаңа шыққан балаға беретін болса, тісінің қышуын қандырып әрі иегіне массаж болады.

Ғалымдар нан қыртысында антиоксиданттар болатынын анықтады. Олар жасушаларды бұзатын бос радикалдардың қызметін тоқтатып, қатерлі ісік аурулары (мысалы, тоқ ішек) мен атеросклероздың (қан тамырларының ішкі бетіне холестериннің сіңіп, жиналып, түйін тәрізді шоғырланып қалуын) алдын алады.

Бірінші абзацтан тірек сөз: нан қыртысы қалай пайда болады? Екінші абзацтан: күйген нан. Үшінші абзацтан: нан қыртысының пайдасы. Төртінші абзацтан тірек сөз: антиоксидант. Осы тірек сөздерді байланыстырып, санада ұстасаң, тұтас мәтінді айтып бере аласың.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: