19:08
Жады-нама

ЕСТЕ САҚТАУДЫ КҮШЕЙТЕТІН ЛАЙФХАКТАР

Өтірікшінің де есте сақтау қабілеті мықты болуға тиіс

Мидың жұмысын жақсартатын, есте сақтауға пайдасын тигізетін жаттығулар, әдістер, лайфхактар бар. Соларды тізбелеп, түсіндіріп шығайық.

 

Қолды ауыстыру

Бала кезден әдеттеніп қалған істерді істегенде ми автопилот режимінде жұмыс істейді. Мысалы: тіс жуу, бәтіңке бауын байлау, киім кию, жазу, т.б. Ми негізінен автопилотқа қою арқылы энергия үнемдейді. Бір ретке жарайды, бірақ ғұмыр бойы автопилотқа, яғни ұйқы режиміне өткен ми оянбай қалса, қалай болады? Қолданылмаған ми сасиды. Сондықтан өзіңе таңсық дүние ретінде қолдарыңды ауыстыр. Оңқай болсаң, сол қолмен, солақай болсаң, оң қолмен істеп көр. Оңқай адамға тісін сол қолмен жуу біраз әбігерге салады. Ал мида жаңа нейрондық байланыс түзіліп, жасушалар пайда болады.

 

Екі қолға екі шаруа

Біз екі қолмен бір жұмыс істеп үйреніп қалғанбыз. Енді екеуімен бір мезгілде екі іс жасауға талпынып көр. Қағаз бен қалам алып, бір қолыңмен шеңбер, бір қолыңмен төртбұрыш сал. Кәдімгідей қиын болады. Шеңберің төртбұрышқа ұқсап, төртбұрышың шеңберге ұқсап кетеді. Ми үшін ерекше тапсырма ерекше күш-қуатты талап етеді.

 

Хош иіс

Хош иістің еске сақтауға, миға пайдасы өте зор. Көмбеге піскен нанды иіскеп, ұмыт болған біраз балалық шақ естеліктері қайтадан миыңа сап ете қалатыны бар. Оны «Пруст феномені» деп атайды. Өзіе ұнайтын иісті иіскегенде, адамдар жаны тынышталып, өзін бақытты сезініп, көңілі көтеріледі екен. Тыныс алуды бірқалыптандырып, жүрек қағысын реттейді. Жақсы естеліктер өзіңе сенімділік деңгейін арттырып, оптимистік рух береді. Тіптен бала кезде тыңдаған музыка да осындай әсер береді.

Өзіңе ғана шабыт сыйлайтын, сенімділікті арттыратын жұпар иісіңді тауып алуға кеңес береміз. Мейлі ол басқаларға ұнамасын, бірақ қажетті кезде көңіл-күйіңді көтеруге жараса болды. Батыс елдері азаматтарына бақытты сезіну үшін ванил, сергектік үшін цитрус, тынышталу үшін лаванданың иісі қажет екен. Ал Шығыс елдері үшін тыныштық кепілі – жасмин, бақыт иісі – розаның жұпары екен.

Бір зерттеудің нәтижесі: кофе мен жаңа піскен нанның иісін иіскеген адамдар басқаларға қарағанда көмекке асығып, сәлемдесуге құштар боп шыққан. Мүмкін таңғы уақытта жұмысын кофесіз бастай алмайтындар негізінен кофенің өзіне емес, иісіне бүйрегі бұрып тұратын шығар. Шығармашылық қабілетіңді оятуға, өнімділікті арттыруға көмектесетін иістер де бар.

 

Төңкеріп қою

Әбден көзің үйреніп қалған заттарды өзгерту арқылы  миыңа әдеттен тыс әрекет тауып бере аласың. Суретті астын үстіне төңкеріп қою, кітапты теріс қою, қабырға сағатты қисық қою, әмияныңдағы жеке куәлікті теріс қою арқылы оған ерекше назарыңды аударатын боласың.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 88 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: