10:13
Туыстық атаулар сыры

Жиен (ер, әйел) – қыздан туған бала. «Қыздан туғанның қиығы жоқ, яғни бөтендігі жоқ» дейді халық. Нағашы ауылы үшін ерке әрі аса құқылы бар адам осы жиені. Ол нағашыларынан нені қаласа да үш рет алуға құқылы, ал нағашылары қымбат зат болса да оны сөзсіз беруге тиіс. Оны – «жиенқұрық» деп атайды. Жиен сол елдің кемшілігін, қатесін ойынды-шынды батыл айтып отырады.

Оның сөзін кектеуге, ұрсуға болмайды. Осындай батыл сөздер үшін нағашылары «жиен ел болмас» деп мақалдайды. Сонымен бірге «жиен мыңнан үлкен» деп тағы да қатты сыйлайды. Нағашылы-жиенділер кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. Жиен мұндайда өзін еркін сезінеді. «Балалығың ұстаса нағашыңа бар» деген осыдан шыққан. Нағашы мен жиен бірін-бірі ешқашан күндемейді, керісінше олар бірін-бірі жақсы болса мақтаныш тұтады.

Жиендік те жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы мүмкін. Мұның нағашы-жиендік ресімдерге кедергісі жоқ. Жиен жасына қарай жиен аға, жиен апа, жиен сіңілі т.б. болып аталады.

Ел ішінде нағашылы-жиенділер арасында аңыздар, күлкілі әңгімелер көп.

Жиен кейде нағашылардан қыз алады. Оны жиен күйеу дейді. Әрі жиендігіне, күйеулігіне басып, ол еркелікті одан әрі үдете түседі. Ал нағашылары әрі қайнылары оны көтере береді.

  • Жиен мыңнан, күйеу жүзден үлкен.
  • Жиен назары жаман.
  • Жиен келді дегенше – жеті бөрі келді де.
  • Жиен ел болмас, желке ас болмас.
  • Жиен ел болады – малы болса,

Желке ас болады – жалы болса.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 224 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: