22:36
Туыстық атаулар сыры

Қыз (әйел) – ата-ананың, ауылдың сүйікті баласы. Оң жақта отырған бойжеткен. Елдің назы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – ел, ауыл еркесуі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы, басқа елдің болашақ келіні, анасы, «қыз – өріс, қыз – қонақ» деп туған туыстары оларды аялап, мәпелеп өсірген. Қызға қатты сөз айтылмауға тиіс. «Кім де кім үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, бой жеткізіп, құтты орнына қондырса, оның сыйлығы жәннат» деген Мұхаммед пағамбар (с.а.с.). Ырым бойынша қыз туғанда «көйлек тігер», «қырық жеті» деп тұспалдап атаған.

Қазақта қыз тәрбиесі мен оны құрметтеудің жолдары өте көп. Бір рудың ұзатылған қызы жас, кәрілігіне қарамастан сол елдің «Қызы» деп аталады, ауыл адамдары, туыс-туғандары оны «қыз» деп атап дәріптейді. Үлкендер оны «Қызымыз» деп, кішілер «апай» деп ерекше сыйлауға, сәлем беруге тиіс. Қыз еліне еркелеп, еркіндеп сөйлейді, туған-туыстарына базынасын айтады, назданады. Үлкен-кішілер оның сөзін тыңдап, сенікі дұрыс деп елпектейді, құрмет көрсетеді. Қыз кейде еліне ұлттық дәстүр бойынша «төркіндеп» келеді. Бұл оның ерекше келуі болып саналады. Мұндайда төркіндері жолынан жығылмай, сый-сияпат жасап, мал, қымбат заттар беріп, риза етіп аттандыруы шарт.

Арғын руының Жылқыайдар тайпасында Солтан деген кісінің әйелі Найман қызы Ақбикеш атты анамыз келін болып түскеннен кейін, 3-4 жыл бойы бала көтермепті. Сол кісі еліне төркіндеп барып, өзінің жақын сіңілісі Мақпалды өз күйеуіне екінші әйелдікке сұрап қолқа салыпты. Дәстүр бойынша төркіндеп келген қыздың өтініші сөзсіз орындалуы керек. Кейін Ақбикеш те, Мақпал да көп құрсақ көтеріпті. Одан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін «Ақбикеш», «Мақпал» балалары деп аталып келеді.

Қыз ауыл ақсақалдарымен, жас болса ағаларымен қатар, әйелдерден жоғары отырады. Жеңгелеріне әмір бере сөйлеп, мен сенің қожаңмын деп айбат көрсетуге де хақы бар. Жеңгелері оны мойындап, айтқанын көтеруге тиісті. Бұдан олар арасындағы татулық пен сыйластық қалпы бұзылмайды. Қыздың сыбағасы – төс, орны – төр, жолы үлкен деп есептеледі. Қызға кәрі жілік, өкпе тартылмайды.

  • Қызы бар үйдің назы бар.
  • Қыз өссе – елдің көркі,

Гүл өссе – жердің көркі.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 221 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: