17:46
Тіл тарихы

БІР ТІЛ МЕ, БІРНЕШЕ ТІЛ МЕ?

Жергілікті диалектіні қай кезде қолдану керек? Қай кезде ресми тілде сөйлеген дұрыс? Бұл – өте қиын сұрақ, әсіресе жұрттың алдында сөйлейтіндерге қиын. Жергілікті тіл – жақындық пен таныстықтың белгісі, ресми тіл билікті білдіреді. Аудитория үлкен болған сайын, одан бетер ыңғайсыз бола бермек. Кино, радио, телевизия сияқты ауызша хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралдары көптеген елдің қалың халқына сөз жеткізеді, бірақ көп адамға диктордың өзі түсініксіз болады. Ол білімсіз болып көрінуі мүмкін. Диктор түрлі факторларды ескеріп, таңдау жасауы керек. Екі жақтан да сөздер мен сөз тіркестерін алып, компромиске баратындар бар.

Осылай арабтілді елдерде қарапайым және өте архаикалы жазба тіл жалпыға ортақ ресми тілдің үлгісі болып қалыптасты. Оған қоса, әркім өз диалектісінде сөйлейді, оның басқа диалектілерден де, жазба тілден де, ресми сөйлеу тілінен де айырмашылығы өте көп. ХІІ ғасыржағы Оңтүстік Еуропа осыған ұқсас жағдайды басынан кешкен болса керек. Ол кезде ауызекі тіл нұсқалары жазба тілден де (латын тілінен), көршілес ұлттар мен ұлыстардың тілінен де алыс болған. Шіркеулер мен монастырьларда қолданылатын латын тілі бір бөлек болды. Кей дін қызметкерлері күнделікті ауызекі тілдегі сөздер мен сөз тіркестерін көптеп енгізіп жүрді. Уақыт өте келе, ауызекі тілден француз және итальян тілі сияқты жаңа жазба тілдер өрбіп шықты да, латын тілін біртіндеп ығыстырды.

Арабтілді елдерде осындай нәтижені елестетуге болады. Мысыр немесе Марокко елдеріне негізделген жаңа жазба тілдер болуы мүмкін бе? алыс болашақта ол тілдер классикалық араб тілінің ғұмыры таусылғанын білдіре ме?

Болашақты болжау мүмкін емес, бірақ осы екі жағдайдың ұқсас тұстары мен айырмашылықтары туралы ойлануға болады. Латын тілі католик шіркеуіне өте жақын болды. Жазба араб тілінің Құранның тілінен ауытқымай тұрғанының басты себебі: Батыс Еуропада білім беру жүйесі шіркеудің құзырында болды, дәл солай арабтілді мұсылман елдерінде исламды араб тілінде оқып-үйренуге қатты көңіл бөлінеді, әсіресе бастауыш мектептерде. Дін мен білім тұрғысынан қарағанда, бұл аймақтардың арасынан маңызды параллельді байқауға болады. Еуропада шіркеу билігінің әлсіреуімен латынның рөлі де азайды.

Бірақ саяси жағдай басқаша. Орта ғасырлардың аяғында бірнеше еуропалық тәуелсіз ел тез күш алды. Олар саясатта басымдық көрсету үшін, бір-бірімен бәсекелесті; бөлек жазба тілдер өздерін автономды агент деп таныды. Қазіргі арабтілді елдердің көбі кейін пайда болған, олар айтарлықтай саяси проблемалармен бетпе-бет келуде. Барлығы дерлік көршілерімен бәсекелесуден гөрі Еуропа мен АҚШ-тың ықпалынан шығуды көбірек ойлайды. Көптеген адамдар панарабтық идеялардың соңында жүр. Осы себепті арабтілді елдердің саяси жетекшілері қазір ұлттық жазба тіл идеясымен айналысады деп айту қиын.

Жазба тілді саясаткерлер жасамайды. Жазба тілді жазушылар мен ағартушылар қалыптастырады, ал саяси шешімдер кейінірек қабылданады. Жаңа жазба тіл оған қажеттілік туындағанда пайда болады. Арабтілді елдерде атақты авторлар тек классикалық араб тілінде жазады, қоғам жаңа жазба тілде жазылған әдебиетті талап етпейді. Ауызекі тілге жақынырақ жазба тілдің керектігін айтып жүрген ағартушылар бірен-саран ғана.

Сондықтан әзірше жаңа жазба тілдің жасалуы, оған ресми рұқсат берілуі екіталай. Күндердің күнінде солай болады деп те айту қиын. Әйтсе де лингвистикалық жағдай өзгереді. Қазір сауатты болуды міндет етіп, қоғам өзгеріп жатқандықтан, классикалық араб тілі күнделікті өмірде бұрынғыдан көбірек қолданылады. Жазу стандарты өзгермей қоймайды, бірақ ол жаңа қолданушылар мен қолданушылардың жаңа түріне бейімделуге мәжбүр болады. Жазба тілдің жаңа регистрлері электронды пошталарда, ұялы телефон хабарламаларында, блогтарда жетіліп жатыр. Әзірше мұның неге апарып соғарын ешкім білмкйді.

Жалпыға ортақ ресми ауызекі тілге ерекше көңіл бөлінеді. Заманауи бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде телевизия арабтілді азаматтарға өзге елдердегі қоғам қайраткерлерін көруге және тыңдауға мүмкіндік берді. Жалпыұлттық ауызекі нұсқа ескі сөздер мен формалардың кейбірін өшіріп, заманауи сөздер мен сөз тіркестерін енгізуі керек. Ол кейбір ауызекі нұсқаның кейбір бөлшектерін сіңіруі мүмкін, әсіресе мысырлық араб тілінен көбірек алынуы мүмкін, өйткені медиа әлемінде Мысырдың жетекші рөл атқарып отырғаны сөзсіз. Осылай араб тілінде сөйлеудің жаңа, барша арабқа түсінікті қатынас құралы пайда болар еді. Бірақ бұл – тек жорамал ғана. (жалғасы бар)  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 149 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: