20:08
Тіл тарихы

БАСҚЫНШЫЛЫҚ және ТІЛДЕР

Бастапқыда араб тілінің рөлі грек тілінікіндей болды, бірақ арабтілді иммигранттар о бастан көптеп келді. Көп кешікпей ауылдық жерлердің өзінде араб тілінде сөйлеуге көшті, бірақ оның үстемдік құруына әлі көп уақыт бар еді. Араб тілі келгеннен 400 жылдай кейін, ХІ ғасырда христиан дініндегі копттар әдеби шығармаларын араб тілінде жаза бастады. Бұл олардың қандастарының көбі араб тілінде сөйлеуге көшкендіктен болар. Халық копт тілінде көпке дейін сөйледі, бірақ оның қолданыстан шыққанына бірнеше жыл болды. Христиан копт шіркеуі әлі де бар, ол бүгінде де ежелгі тілді қолданады. Копт халқы дінін өзгертпесе де, тілін өзгертуге мәжбүр болды.

Батыста, Африканың солтүстік жағалауындағы халық тығыз қоныстанған жерлерде араб тілі латын және грек тілдерін ығыстырды. Ол жерлерде де жалпы халықтың араб тіліне көшуі өте баяу жүрді. Бірақ ХІ ғасырда Араб түбегінен иммиграцияның екінші толқыны келіп, шешуші рөл атқарды. Шағын қалалар мен ең құнарлы ауылдық жерлер араб тіліне сол кезде ауысты.

Бірақ Солтүстік Африка халқының басым бөлігі бұл аймақта есте жоқ ескі мезгілден финикийлер, гректер, римдіктер, вандалдар және арабтардың шабуылдарынан бұрын қолданылып келе жатқан бербер тілінде қалуды талап етті. Берберлердің көбі елдің ішкі бөлігінде өмір сүрді, кейбіреулері көшпелі болды. Араб басқыншылары келгенде, бербер жетекшілерінің көбі келімсектермен сыбайласты, сөйтіп, олао жаңаша құрылған елдерде маңызды қызметтер атқарды. Берберлер тез арада мұсылман дінін қабылдады, бірақ араб тіліне көшкендер аз болды. Сөйтіп, бұл жақта бірнеше ғасыр бойы екі тілі қатарынан жүрді. Араб тілін қабылдау процесі өте баяу өтті, бірақ Марокко мен Алжирде бербер тілінде сөйлейтін үлкен топтар бүгінге дейін бар.

Осылай VII ғасырдағы түбегейлі төңкерістердің лингвистикалық нәтижесі – Ирак пен Жерорта теңізі жағалауында орналасқан, қазіргі Ливан мен Сириядан Мароккоға дейінгі елдер арабтілді болып шыға келді. Араб тілінің ауылдық жерлерге ену процесі ұзаққа созылды, кем дегенде 400-500 жыл жүрді. Ана тілінде сөйлейтін тайпалар әлі де көп.

Бұдан бірнеше сұрақ туындауы мүмкін. Араб тілі неге бұрынғы Рим империясында үстемдік алып, Ирактан өзге, бұрынғы Парсы империясында елеусіз қалды? Жауап: Персияның қала халқы да, ауыл халқы да түгел парсы тілінде сөйледі. Арабтар кей қалаларға тұрақтады, бірақ олардың саны бүкіл халыққа ықпал ететіндей көп болған жоқ. Екінші жағынана, батыста қалалардағы билеуші-басқарушы аз ғана топ ауыл халқы білмейтін тілде сөйледі. Бұл арада осыдан екі ғасыр кейінгі уақытқа дейін ауыл халқының саны қала халқынан кем дегенде он есе асып түскенін де ескеру керек. Грек және латын тілдері сәл ғана із қалдырып, «сүріліп» кетуі мүмкін. Ауылдық жердің адамдары ана тілінен басқа тілге оңайлықпен өтпейді, бірақ араб тілі үлкен және шағын қалаларда үстемдік құра бастаған соң, ауылдық жерлер де араб тілінің иммиграциясын қарсы алса керек. Келімсек гректілділер мен латынтілділерден келімсек арабтардың саны анағұрлым көп болды. Осының бәрі араб тілінің көп жерде табысқа жетуіне септігін тигізді.

Ал дін ше әрине, көп адамның мұсылман дінін қабылдағаны маңызды рөл атқарды, бірақ ауызекі тілдің өзгеруі оның логикалық салдары деуге болмас. Кей адамдар ислам дінін таңдамаса да, араб тілінде сөйледі. Копт халқы тілінен айырылса да, дінінен айырылмады. Парсылар, күрдтер, берберлер тілдерін өзгертпей-ақ мұсылман дініне өтіп кетті. Бұл екі түрлі өзгерістің табиғаты екі басқа. Адам жаңа дінге тез өте алады, ол үшін саналы таңдау жасаса немесе белгілі бір жоралғыдан өтсе болғаны. Бірақ адам жалғыз өзі өзге тілге толығымен өте алмайды, өйткені ана тілін ұмыту мүмкін емес. Екі тілді әке-шеше баласына бір тілді ана тілі етіп таңдап, сол тілді үйреткен уақытта қиындық туындайды.

Тілдің өзгеріске түсуі әдетте әртүрлі тілде сөйлейтін көптеген ұлт өкілдері жақын араласып тұратын ортада оңай жүреді. Мұндай жағдай ауылдық жерлерден гөрі қалаларда жиі болатыны түсінікті. Сондықтан ассимиляцияның тізгіні қалалардың қолында болады. Ніл өзенінің халық тығыз қоныстанған сағасында тұратын копт халқының араб тіліне өтуі мен Сахара шөлінің шалғайындағы берберлердің өз тілінде қалуы таңданыс тудырмаса керек.  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 129 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: