09:02
Тіл тарихы

БАСҚЫНШЫЛЫҚ және ТІЛДЕР

611 жылы араб түбегінде өмір сүретін халықтың тілі араб тілі болды, ал ислам дінін ол кезде әлі ешкім ұстанбайтын. 711 жылы арабтілді мұсылмандар қазіргі Испанияның басым бөлігін жаулап алды, ал өзге мұсылман әскерлері қазіргі Пәкістанның алты мың шақырым шығыста жатқан Синдке күшпен кірді. Осы екі арадағы жердің бәрі мұсылмандардың қарамағына өтті.

Тарихты мұндай түбегейлі өзгерістер көп болмаған, ал тілдердің жаппай ассимиляцияға түсуіне әкелген өзгерістер тіпті аз. Бұл басқыншылықтың тағы бір ерекшелігі бар: арабтар тек жер мен билікті тартып алумен шектелмей, өздерінің дінін де күшпен таратып жүрді.

Бірнеше тілдің дінге азды-көпті қатысы бар. Иврит тілі о бастан иудей дінінің тілі болып қалыптасты, әлі де сол дінге қызмет етуде. Иврит тіліндегі кейбір кітаптарды христиандар мен мұсылмандар да киелі санайды. Индуизм үшін санскрит тілінің маңызы зор. Буддашылар пали тілі мен санскрит тіліне ерекше ықылас қояды. Бұған дейін айтылғандай, грек тілі мен латын тілінің екеуі де христиан дінінде айрықша орынға ие. Бұл тілдердің бәрі де біреулердің ана тілі болудан қалса да, дін саласында жазу әрі сөйлеу тілі болуын әлі тоқтатқан жоқ. Араб тілінің жағдайы сәл өзгеше. Арабтар көптеген халықтардың арасына жаңа дін таратуда жеңіске жетті, біраз уақыттан кейін ол халықтар араб тілін өздерінің ана тілі деп қабылдады. Құран жазылған VII ғасырдан бері араб тілі сәл ғана өзгеріп, әлі қолданыста жүр.

Мұсылман дінінің негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ықпалының аясын кеңейтуді мақсат еткен саяси жетекші де болған. Ол қайтыс болғанға дейін-ақ көптеген ізбасар тауып үлгерді, қайтыс болғаннан кейін, сол ізбасарлары оның ісін әскерге қолбасшы бола жүріп жалғастырды. Өзара ішкі қақтығыстарға және көршілес елдермен соғысып, тісқаққан араб жауынгерлері әскер ісінде өте тәжірибелі болатын.

Әйтсе де шөл даладан келген сол жауынгерлердің аз ғана уақыттың ішінде алып жерді иемденіп алуы – таңданарлық жағдай. Мұны арабтардың жартылай әлсіз, арып-ашқан елдерге тап болуымен түсіндіруге болады. Ол кезде Парсы империясы Араб түбегінен Үндістанға дейін созылған жеді алып жатты. Солтүстігі мен батысында Византия импеирясы орналасты. VII асырдың басында бұл елдер бір-бірімен ұзақ та ауыр соғысты. Парсылар Византия аумағының үлкен бөлігін жиырма жылдың ішінде басып алды. Бірақ Византия императоры қарсы жауап беріп, тіпті олардың астаасы Ктесифонды қоршап алды.

Арабтар 640 жылдары шабуылдағанда, Парсы империясы ішкі қиындықтардан діңкелеп, жартылай қираған ел болатын. Шығыс Рим империясының да жағдайы мәз емес еді. Парсылармен жақындасу игі іс болғанымен, елдің экономикасы әлсіреп, әкімшілік-басқару жүйесі жұмыс істемеді. Бір-бірімен соғыста бүкіл күшінен айырылған екі бірдей ірі мемлекетке қол салған арабтарға бұл саяси жағынан да, әскери тұрғыдан да жеңілдік әперді.

Шығыста Парсы империясы түгел тізе бүкті, арабтар бәріне ие болды. Батыста Византия империясы тіршілік етіп жатты, бірақ ол қатты кішірейіп кеткен еді: ол тек бүгінгі Түркияның жері мен Оңтүстік-Шығыс Еуропаның кей бөліктерінен тұрды. Арабтар Сирия, Палестина және Мысырды аннексиялады. Африка жағалауымен ілгері жүріп, Атлант мұхитына дейін барды, бұғаздардан өтіп, Испанияның басым бөлігін иемденіп алды. Осылай олар бір кездері Батыс Рим империясы болған жерді өздеріне қаратып, аумағын кеңейтті.

Халиф билеген бұл алып халифат бірнеше ғасыр бойы саяси тұрғыдан жақсылы-жаманды, іс жүзінде болмаса да, теория жүзінде бірікті. Бірақ аймақтың барлық бөлігін бақылауда ұстайтын мықты орталық билік ешқашан болған емес. Шындығын айтқанда, аймақтар тәуелсіз болды, бірнеше қақтығыстан кейін бірнеше дербес ел бөлініп шықты. Сондықтан бұл жаулап алу берік империяның бастауы болды деп айта алмаймыз.

Екінші жағынан, басқыншылардың өз дінін таратуда бар күш-жігерін салып, тырысуы өте табысты болы. Ислам арабтар алған барлық елдің негізгі дініне айналды, әлі де солай болып тұр. Оған қоса, ол содан бері бірнеше бағытта ілгерілей түсті. Қазіргі уақытта Бангладеш пен Индонезия сияқты ірі мемлекеттердің халқы – түгел мұсылман, Африканың Сахара шөлінің оңтүстігінде де басты дін – ислам. Діни экспансия соғысып, жеңіске жетуден анағұрлым ғұмырлы, анағұрлым ықпалды болып шықты.

Араб тілі ондай үстем болған жоқ. Бұған дейін айтылғандай, саяси өзгерістер тілдік өзгерістерден тезірек жүреді, қырып-жойған соғыстар лингвистикалық жағдайды үнемі өзгерте алмаған. Киелі кітаптар жазған діндер кем дегенде бір тілге байлаулы болады, бірақ ол тілдің дінмен бірге таралуы міндетті емес. (жалғасы бар)  әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 154 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: