16:53
Тіл тарихы

ҚАЛА-МЕМЛЕКЕТТЕРДЕН ИМПЕРИЯҒА АЙНАЛУ

Біздің заманымызға дейінгі V ғасырда көптеген грек мемлекеттерінің арқасында афина қаласының билігі нығая түсті. Соған сай, афиналықтардың аттик диалектісінің де мәртебесі жоғарылай түсті. Алайда уақыт өте келе, Афина билігінің саяси ықпалы төмендеді. Ал б.з.д. 330 жылы шешуші жағдай болды.

Грекияның солтүстігін мекендеген македониялықтар аз ғана уақыттың ішінде империяның аумағын кеңейтті. Олар Грекияны түгел жаулап алды. Өзге де елдерге шабуыл жасады. Жерорта теңізінің шығыс бөлігіндегі барлық елдер – Түркиядан бастап Мысырға дейін; шығысқа қарай орналасқан Ирак, Иран сияқты елдер; тіпті Ауғанстан да гректердің қоластына өтті. Македониялықтар жорық кезінде Үндістан шекарасы – Инд өзеніне дейін жеткен.

Македониялықтардың ұлты грек емес. Олар өз тілдерінде сөйледі. Бірақ қай тілде сөйлегендері белгісіз. Дегенмен грек мәдениеті олардың билік басындағы адамдарына айтарлықтай ықпал етті. Атақты Ескендір патша өзге де көптеген македониялықтармен бірге грек тілінде білім алды. Оның ұстазы ұлы философ Аристотель болған. Ескендір мен оның қолбасшылары билік құрған жылдары грек тілін әкімшілік-басқару тілі деп таныды.

Ескендірдің қазасынан кейін көп ұзамай империя да құлады. Мысыр елі бір мемлекеттің түпқазығына айналды. Қазіргі Түркиядан бастап Иранға дейінгі алып аумақ екінші бөлшек болып бөлініп кетті. Ал Македония мен Грекия үшінші саяси бірлікті құрды. Осыған қарамастан, үш елде де ресми тіл грек тілі деп жарияланды. Әскери қызмет пен билік өкілдері грек тілінде сөйледі.

Олар грек тілінің аттик диалектісін қолданды. Бірақ уақыт өте келе, бұл диалект өзгеріске ұшырап, түрленген күйінде, бүкіл аймаққа ортақ жазба тілге айналды. Ол koine деп аталды, «жалпыға ортақ» (тіл) деген мағына береді. Осы стандарт ресми тілге айналып, дәстүрлі диалектілерді біртіндеп ысыра бастады. Бірнеше ғасырдан кейін ол диалектілер жазбаларда біржола жойылды. Сосын ауызекі сөйлеуде де қолданылудан қалды.

Осылай грек тілі әртүрлі мемлекеттергетән диалекті формаларынан құралған жазба тілден бірқатар ірі мемлекеттердің ресми ортақ тіліне айналды. Бұл елдердегі халықтың басым бөлігі грек тілінде сөйлеген жоқ, кейінірек болмаса, бастапқы кезеңде сөйлемегені анық. Грек тілінің қолданылу аясы отарлау кезіндегі Үндістан мен бірнеше африкалық елдегі ағылшын тілінің жағдайындай болды.

Мемлекеттер бірқатар өзгеріске ұшырағанына қарамастан, грек тілі ұзақ жылдар бойы ресми тіл болып саналды. Ескендірдің жаулауынан кейін бір ғасыр өткенде, Жерорта теңізінің шығысындағы елдерге Рим империясы ықпал ете бастады. Жүздеген жылдарға созылған экспансиядан кейін римдіктер Мысырдан бастап Грекиядағы барлық мемлекеттерді біріктіріп, өздерінің империяларына қосты.

Римдіктер батыста, яғни жаулап алған елдерде өздерінің тілін жүйелі түрде насихаттады. Бірақ шығыста олар мұндай саясатты ұстанбады. Рим империясының ұзақ жылдар бойы жүргізген билігі кезінде грек тілі әкімшілік-басқару мен билік тіліне айналды. Рим империясында екі ресми тіл болды: батыста латын тілі, ал шығыста грек тілі (бірақ кей жағдайда латын тілі де қолданылған).

Рим империясы кезінде грек тілі христиан дінінің жазба тілі ретінде тағы бір маңызды рөл атқарды. Иса пайғамбар арамей тілінде сөйлеген. Бірақ «Жаңа өсиет» үшін жиналған христиан діні туралы мәтіндер грек тілінде жазылған және ол көптеген христиандар үшін әлі күнге дейін ең маңызды тіл болып қалды. Алайда ертедегі христиан діні тек осы тілді қолданумен шектелмейді.

Батыста латын шіркеу тілі болды. Шығыста ежелгі қауымдар өз тілдерінде сөйледі, олардың арасында армян, араб және копт тілдері бар. Маңызды мәтіндер осы тілдерге аударылды.

Рим империясының ақыр аяғында екіге бөлініп кету себептерінің бірі – оның шығыс және батыс бөліктерінің ресми тіліндегі айырмашылықтар. Шығыс бөлікті жаулаудан кейін арада үш ғасыр өткенде, Босфор бұғазында Константинополь қаласының іргесі қаланып, Риммен тең дәрежедегі екінші астана деп жарияланды. 395 жылы Рим империясы Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді. Шығыс бөлігі Константинополь арқылы басқарылып, іс жүзінде жазба тіл ретінде грек тілі қолданылды. Константин грек тілінің дамуына басқа жағынан да атсалысты. Ол көптеген діни сектаның арасынан христиан дінін бөліп алып, империяның ресми дініне айналдырды. Шығыс аймақтарда шіркеу қызметкерлері негізінен грек тілінде сөйледі.

Византия империясы ретінде танылған Шығыс Рим империясының аумағы айтарлықтай үлкен болды және ол ұзақ уақыт бойы билік құрды. Ислам билігінің күшеюіне байланысты аумағы тарыла бастады. Бірақ 1453 жылы түріктер біржолата жеңіске жеткенге дейін Константинополь қаласы императордың резиденті болды. Осы уақыт аралығында грек тілі ресми жазба тіл болып саналды және ежелгі koine сияқты қызмет пайдаланылды. Осылайша Ескендір Зұлқарнайын билік еткен жылдардан бастап XV ғасырға дейін, яғни 1700 жылдан астам уақыт бойы үзіліссіз қолданылды.    

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 166 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: