22:27
Тұлғалану толқындарында

АҚЫЛ, ҚАЙРАТ, ЖҮРЕКТІ БІРДЕЙ ҰСТА!

Жақсы адамның ақылы – жүрегінде,

Жаман адамның ақылы – білегінде.

Мақал

Ғылымдағы кейінгі жылдары ғана пайда болған эмоциялық зердені хакім Абай бір ғасыр бұрын дөп басып кеткеніне таңғалмасқа шараң жоқ. Ол кісі 1889 жылы жазған өлеңі арқылы эмоциялық зерденің үш негізін көрсетіп, түйінді өзегін тарқатып береді.

Әуелде бір суық мұз ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.

Ақыл да, ашу да, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

Абай адам сезімдерінің қайнар көзі ретінде жүректің маңыздылығына, кез келген ақпаратты сараптаушы ретінде ақылдың рөліне назар аударады. Сондай-ақ жүрек пен ақыл ықпалдаса жұмыс істеп, дұрыс нәтижеге қол жеткізу үшін қайраттың қажеттілігінен сөз етеді.

«Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек», - деген сөздері арқылы қайратқа басқаша анықтама береді. Оның негізгі қызметі ретінде ақылды толықтай сезім жетегіне жібермес үшін «қалыпты жағдайды сақтауды, шыдамдылық пен кідіріс жасап, тоқтай білуді» айтады.

Абай ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адамның есі толық болатындығын, ал біреуі кем болған жағдайда ақыл өзінің функциясын толық атқармағандықтан «жарым ес» дәрежесіне түсетіндігін «Жеке-жеке біреуі жарытпайды, Жол да жоқ жарыместі жақсы демек», - деп айтады. Ал Шәкәрім данышпан:

«Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,

Ой ойланып, орынды іс қыла алмас.

Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,

Ыза менен мастықтың түбі жалғас», - деп ашуға ерік берген адамда ақыл болмағандықтан, ойланып орынды іс жасамайтындығын ескерткен. Ашу ызаға ұласса, қате істердің жалғасатындығын білдірген.

Бүгінгі зерттеулер дәлелдегендей, басым көпшілік қылмыс пен өкінішті жағдайлар ашудың алғашқы 20 секундында орын алады екен.

Демек, кемел адам болу үшін ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау қажет. Абай өзінің «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп басталатын өлеңінің аяғын:

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деп түйіндейді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 7 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: