23:35
Тұлғалану толқындарында

ТУАБІТТІ МІНЕЗ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.

Абай

Адамның табиғатында туабітті мінезі болады. Ол өзгереді һәм өзгермейді. Бұл түйінді қалай түсінуге болады? «Бір биеден ала да туады, құла да туады» демекші, бір әке-шешеден дүниеге келген балалардың әрқайсысы бір-бір әлем, өзінше мінезге ие. Біреуі қайсар, екіншісі жұмсақ, үшіншісі жомарт, төртіншісі көшбасшы дегендей. Әрқайсының бедерленіп, алдыға шығып тұрған ерекше қасиеті, өзгеше қабілеті бар. Мәселе адамға берілген осынау қабілет-қарым дәнектерін дұрыс бағытта жетілдіруде. Өйткені кез келген жақсы-жаман мінездің әу баста адам табиғатындағы мәйегі мен өзегі біреу. Мысалы,мкішіпейілділік пен ынжықтықтың, үнемшілдік пен сараңдықтың, жомарттық пен ысырапшылдықтың өсіп шығатын тамыры біреу. Дұрыс қолдансаң, қасиетің, теріс қолдансаң, қасіретің болмақ. Үлкенді сыйлайтын, көркем мінез иесі болсаң, «кішіпейіл», ал бүгежектеп, көрінгенге бас исең «ынжық» атанасың.

Сондай-ақ өркөкіректік пен тәкаппарлықтың да өзегі біреу. Оны жақсылыққа жұмсасаң, Хаттабтың Омарындай мінезі өр, әділетті халифа боласың. Ал теріс жаққа қолдансаң, перғауындай жауыз боласың. Әзіреті Омардың исламға дейінгі өміріне көз жүгіртсек, мінез тұрғысынан кейінгі Омармен көп айырмашылықты байқай алмайсыз. Омар ол кезде де көшбасшы, айбатты, тік мінез, айтқанынан қайтпайтын қайсар, намысшыл еді. Осы мінезін дұрыс бағытта қолданбағандықтан, көбіне қатыгездікке, әлімжеттікке бой алдыратын. Ал жүрегі иман шуағымен нұрланып, ислам қағидаларымен қуаттанғаннан кейінгі Омар әділетсіздікті көрсе, найзағайдай жарқылдап, күндей күркірейтін өр мінез, айбынды, қара қылды қақ жаратын әділ де мейірбан халифаға айналды. Омардың туабітті табиғи мінезі өзгерген жоқ, тек дұрыстыққа бет алды, кемелденіп, жетілді. Парасатты, сабырлы да ұстамды, жомарт Әбу Бәкірдің де, жібектей жұмсақ биязы Османның да мінезі өзгерген жоқ. Тек жақсы жаққа кемелдене түсті.

Абай Құнанбайұлының: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», - деп кісі бойындағы табиғи мінезін түбегейлі өзгертуді емес, оны жақсы жаққа бұруға, кемелдендіруге болатындығын айтып отыр.

Қазір «Gallup» атты адамб ойындағы алдыға шығып тұрған негізгі қабілеттерін анықтайтын арнайы тест бар. Осы тесттен өтіп, бойыңыздағы ерекше қабілет-мінезіңізді тауып, жетілдіруге тырысыңыз.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 16 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: