14:04
Тұлғалану толқындарында

ЖҰМЫСТЫҢ БӘРІН ӨЗІҢІЗ АРҚАЛАМАҢЫЗ

Өзіңіз ұнататын әрі қолыңыздан келетін іске басымдық беріп, ынта-жігерңізді соған шоғырландырыңыз. Ал басқа істерге лайықты адамдарды жалдаңыз.

Льюис Хауэс

Барлық істі жалғыз өзіңіз атқаруыңыз маңызды емес. Бастысы, мақсат еткен ісіңіздің орындалуы. Ал оны қалай эүзеге асырасыз, бұл сіздің кәсібилігіңізге, ұйымдастыру қабілетіңізге, адам тану мен маман таңдау қадамыңызға байланысты. Сондықтан қол байлайтын отбасылық шаруалар болсын, жеке ұсақ-түйек істеріңізде, басқарып отырған ұжымыңыз бен дөңгелетіп отырған кәсібіңізге қатысты әрдайым жұмысты лайықты адамдарға тапсырып, сағат секілді ақаусыз істейтін жүйе құра білу маңызды. Бұлай жасау арқылы сіз ең әуелі уақытыңызды үнемдейсіз. Екіншіден, жұмыстың жылдам әрі сапалы орындалуына жол ашасыз. Үшіншіден, басқа адамдардың жетілуіне жағдай жасаған боласыз. Төртіншіден, кез келген іс белгілі бір жүйеге байланып, дұрыс ұйымдастырылған кезде ол сіздің қатысуыңсыз-ақ жасала береді.

Балаларыңызға да қандай да бір жұмысты сеніп табыстау оларды еңбекқорлыққа, дисциплинаға, жауапкершілікті сезінуге тәрбиелейді. Әуелі әр балаңызға өз бөлмесін таза ұстауды міндеттеңіз. Сондай-ақ үйдің ішіндегі ортақ аумақтарды, есік алдындағы ауланың тазалығын, реттілігін әр балаңыздың жасына сай бөліп, жауапкершілік жүктеңіз. Алғашқы кезде балалар тапсырылған жұмысты сіз ойлағандай сапалы жасай алмауы мүмкін. Оларды жұмысқа үйрету, тазалыққа баулу айтарлықтай уақыт алатындығы сөзсіз. Бірақ белгілі бір уақытан кейін қолыңыз ұзарып, уақытыңыз үнемделгенін байқайсыз. Оларды жетістіктеріне сай ынлатандырып, марапаттап отырған жақсы.

Күнделікті ұсақ-түйек шаруалар басымдық танытатын негізгі ісіңізге ынта-жігеріңізді шоғырландыруға кедергі келтіріп жатса, ондай шаруаларды атқаратын әрі жеке көлігіңізді жүргізетін арнайы көмекші жалдаған тиімді. Қаржылық жағдайыңыз жетіп тұрса, бұған ақша үнемдеп, аянып қалмаңыз. Бұлай жасау арқылы көп уақытыңызды үнемдеп, ұсақ-түйек істерден қолыңыз босайтындықтан миыңыз әрдайым сергек жүреді. Басымдық беретін маңызды істеріңізге ойыңыз бен ынтаңызды шоғырландыруға көбірек мән бересіз. Көлік тізгінінде өтетін уақытыңызды тиімді пайдалана аласыз.

Кәсібіңіз бойынша білімді, іскер мамандардан тұратын мықты команда жасақтаңыз. Компания есебінен олардың кәсіби дамуын жетілдіріңіз. Оларға жауапкершілік жүктей отырып, жеке шешім қабылдау сенімін кеңейтіп, емін-еркін әрекет етулеріне, қабілет-қарымдарын көрсетулеріне мұрсат беріңіз.

Кейбір кісілер басқа адамдарға сенім білдірмей барлық істі өзі жасауға ұмтылады. Өзі меңгерген істі басқаларға үйрету уақытымды жейді деген оймен жұмысты басқаға толық табыстаудан тартынады. Бұл қателік оны ұзақмерзімді стратегиялық қадамдарға апармайды. Бар жүкті өзіне жүктеп алған адамның ісі тайғанақтап, бір орнында айналған шығырық секілді алға жылжымайды. Тіпті кері кетеді.

Кез келген жұмысты лайықты адамдарға табыстай білудің пайдасы жайлы америкалық кәсіпкер Джеймс Кэш Пенни былай дейді: «Өзім қабылдаған шешімдердің ішіндегә ең дана шешім – кейбір жұмыстарды бір өзім әрі қарай сүйреуге шамам келмейтінін түсініп, бизнесті еркіндікке жібергенім». Расымен де, Пенни осы шешімінің арқасында жүздеген ірі дүкендердің өмірге келуі мен мыңдаған маманның жетілуіне жол ашты. Қысқасы, «Әр істі тек өзім істеуім керек, менің айтқаным бойынша ғана жасалуға тиіс» деген ұстаным – басқалардың мүмкіндігін шектейтін әрі өзіңізді қат-қабат жұмыстың астына қалдыратын әрекет. Одан аулақ болыңыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: