21:44
Тұлғалану толқындарында

ӨЗ ІСІҢНІҢ ШЕБЕРІ БОЛ!

Ғажайып істі жасаудың жалғыз жолы – істеген ісіңді шынайы жақсы көру ғана.

Стив Джобс

Ғалым ғылымында, кәсіпкер кәсібінде, құрылысшы құрылысында, дәрігер емдеуде, мұғалім сабақ үйретуде, қықсасы әркім өз саласының «жілігін шағып, майын ішкен» хас шебер болуы ләзім. Бір адам әр салада хас шебер болмауы мүмкін. Оған қамшының сабындай ғұмыры да, қарым-қабілеті де жетпеуі ықтимал. Бірақ әр адам бір саланың шын шебері болуына толық мүмкіндігі бар. Бір саланың майталман маманы болу үшін 10000 сағат жұмсау қажеттілігі айтылады. Әр саланың басын бір шалғаннан, бір істің мықты маманы болған әлдеқайда артық. Алла елшісі бір хадисінде: «Алла тағала сендердің араларыңда істі кемеліне жеткізіп сапалы істейтіндерді жақсы көреді», - деген.

Абай айтпақшы, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі». Белгілі бір істің хас шебері болу үшін әуелі ол істі шын сүюің керек. Таңдаған салаң қолыңнан ең жақсы келетін іс болуы қажет. Сонда жасаған жұмысыңнан ләззат аласың. Адам өзі сүйетін, қолынан жақсы келетін, халыққа пайдалы іспен айналысқанда жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Кез келген іс махаббатпен нұрланады. Шын сүйіспеншіліктен туған дүние ғана сұлу һәм құнды болмақ.

Шеберлік ұдайы біліміңді жетілдіруді, қажырлы еңбекті, ұзақ уақыт табандылықты талап етеді. Әсіресе қазіргі заманда барлық сала өте жылдам өзгеруде. Әр салада күн санап жаңа дүниелер пайда болуда. Кешегі білгенің бүгінге жарамайды. Сондықтан кәсібилігіңді дамытуға тоқтаусыз инвестиция құйып, жетілдіріп отыруың міндет. «Тоқтаған су борсиды». Тұлғалық дамуыңа һәм кәсібилігіңді жетілдіруге күнделікті уақыт бөл. Шеберлігіңді арттыру үшін – қай жерде, нендей елде, қандай курс болса соны үйренуге талпын. Өкініштісі, бізде көптеген мамандық иелері университетте алған білімімен шектеліп қалған.

Кейбір кісілер кәсіп бастай сала бірден баюды көздеп, түскен қаржыны өз кәсібін дамытып, өркендетуге қимай жатады. Соңында бәсекеге шыдас бермей, дағдарысқа ұшырайды. Бұл сапалы іс істеу құндылығының бойға сіңбеуінен туындайды. Бірінші орынға ақшаны емес, елге сапалы қызмет ұсынуды қойғанда бәрі басқаша болады. Мейрамхана аштыңыз ба, әуелі ақшаны емес, халыққа ең сапалы, пайдалы тамақ беруді ниеттеніңіз. Кез келген сала солай.

Құранда «(Уа, Мұхаммед!) мұсылмандарға былай деп айт: «Қарекет қылыңдар! Істеріңді Алла да, оның елшісі де, мүміндер де көреді...» («Тәубе» сүресі, 105-аят) дейді. Демек, әр ісімізді Алланың, Пайғамбардың, халықтың назарына ұсынатын деңгейде сапалы атқаруға тырысуымыз қажет. Ол үшін істеген ісіңнен бірінші кезекте қалтаңа түсетін ақшаны емес, көпшілікке пайдалы болуды көздесең, жұмысың нәтижелі һәм сапалы болады. Хақтың разылығын, халықтың алғысын аласың. Ал ризашылық бар жерде мол береке мен биік нәтиже болары сөзсіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: