10:17
Тұлғалану толқындарында

ПРОКРАСТИНАЦИЯ

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Абай

«Тағы бес  минут жата тұрайын», «Ертең жасай салармын», «Келер жылдан бастап қолға алармын», «Университетті тәмамдаған соң бастаймын», «Әуелі айлығы жоғары жұмыс тауып алайын», «Үйленіп алайын», «Кең үйге көшкен кезде бәрі басқаша болады», «Намазды зейнетке шыққан кезде оқимын», «Осы қорапты тауысқан соң, темекіні бір-ақ тастаймын», «Мына тамақты жеп алайын, сосын диета ұстауды бастармын», т.б. Бұл сөздер – өте жиі еститін, бәрімізге таныс сылтаулар. Адамды мақсатына жеткізбей, кері сүйрейтін кедергілердің, жаман әдеттердің бірі – істі кейінге қалдыру психологиясы. Жетістікке жетемін десеңіз, ертеңге қалдырмай, «Here and now», яғни осы жерде сол мезетте жасауды үйреніңіз.

Гүл қоқыста болса да, жайқалып өседі. Жұпар иісімен айналасына көтеріңкі көңіл сыйлайды. Ол өсу үшін кең даланы, құнарлы жерді, таза ауаны күтпейді.

 

Істі кейінге қалдыру әдетінен арылу жолдары

  • Миымыз кез келген істің нәтижесін бірден көруге, дереу рақаттануға бейім һәм соған үйренген. Мысалы, қарнымыз ашқанда немесе шөлдегенде су ішуді, тамақтануды кейінге қалдырмай, бірден жүзеге асырамыз. Өйткені бұлай жасағанда тұла бойымыз бірден рақатқа бөленеді. Арықтау немесе дене бітімін шынықтыру үшін спортпен айналыса бастағанда, көпшілік адам бірінші күні-ақ айнаның алдына барып, бұлшық еттерін ұстап, қайта-қайта қарайды. Немесе таразыға тартылып, қаншалық арықтағанын жиі бақылауға тырысады. Мұның бәрі адам миының тез арада нәтиже көруге ұмтылысының көрінісі. Ал, керісінше, нәтижесі бірден болмайтын істі кейінге қалдыруға бейім тұрады. Сондықтан жалқаулығын жеңе алмай жүрген жандар нәтижесі бірден болмайтын үлкен істерді шағын бөлімдерге жіктеп, орындалатын уақытын меже ретінде белгілеп қойғаны дұрыс. Сонда ми нәтижеге жету үшін жоспарланған жұмысты кейінге қалдырмай, бірден жасауға итермелейтін болады. Мысалы, күніне бес бет кітап оқу, айына екі келі салмақ тастау секілді кішкентай мақсаттарды межелеп алған жөн.
  • Бір істі жасайтын кезде ми бірден ол істің ең күрделі, қиын жағын ойлайды. Сосын оны жасамаудың жолын іздейді. Әлеуметтік желі секілді жеңіл-желпі нәрселерді ақтарып, мәнсіз видео қарап, парақшаларды шарлай бастайды. Ал ниеттеген істі бастауға айрықшы ынта, шалқыған шабыт, қазіргі тілмен айтсақ, арнайы мотивация қажеттігін ойлап, үнемі кейінге ысыра береді. Мұндай кезде істің қиындығына мән бермей, бірден бастап жіберу керек. Ынта кейін өзі-ақ пайда болады. Мысалы, таңертең жүгіруге ниеттендіңіз. Киім киіңіз де далаға шығыңыз. Сіз далаға шығу арқылы жүгіруді бастадыңыз деген сөз. Таңертең немесе кешке кітап оқуды жоспарладыңыз делік. Бірақ кітап оқуға жалқаулығыңыз жар бермей тұр. Еш нәрсеге қарамай қолыңызға кітапты алыңыз да, парақтай бастаңыз. Мазмұнына көз жүгіртіңіз. Әрі қарай бәрі оңай. Дәл осы әдіспен мақала жазыңыз. Орныңыздан тұрыңыз да компьютеріңізді қосыңыз. Бар болғаны осы. Әрі қарай саусақтарыңыз өзі-ақ қимылдай бастайды. «Әрекет бар жерде берекет бар» деп бекер айтылмаған. Оталмай тұрған көлікті итергенде, оның бастапқы кездегі орнынан қозғауы ғана қиын. Бір қозғалған көліктің жүруі оңай. Кез келген жұмыстың басталуы – ол істің жартылай, тіпті 80% біткендігімен пара-пар. Қазақтың «Шешінген судан тайынбас» деген тәмсілі осыны меңзесе керек. Себебі адам миы басталған жұмысты ұмыта алмайды. Оны бітіргенге дейін көңіл бейбақ байыз таппайды. Мысалы, көріп отырған фильміңіз бір себеппен үзіліп қалса, оны уақыт тауып, аяғына дейін көруге тырысамыз. Басталып, аяқталмаған істің адам миында жақсырақ сақталатындығы жайлы Блюма Вульфовна Зейгарник деген ғалым дәлелдеген. Бұны психологияда «Зейгарниктің эффектісі» дейді.
  • Кейде «Іс еш мінсіз, аса керемет дәрежеде болуы керек» деген максималистік психология оны кейінге қалдыруға себеп. Біз істің кереметін күтіп жүргенде, уақыт зулап кетеді де, ол сол күйі өзгеріссіз қалады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: