22:41
Тұлғалану толқындарында

СЫЙЛЫҚ ЖАСАУ – ЖАҚСЫ ӘДЕТ

Өмірде жақсы мінез жомарт деген,

Ізгілер сараңдықты құп көрмеген.

Берген қол бәрінен де құтты болар,

Сол жаман – ала біліп, түк бермеген.

Ахмет Йүгінеки

Кез келген адам қоғам ішінде өзгелермен жақсы қарым-қатынаста болуды, адамдардың өзін жақсы көруін қалайды. Ал мұны іске асырудың жолы – өзара сыйлық беруді дәстүрге айналдыру. Сыйлық беру сіздің сыйлық алушы адамды құрметтейтініңізді білдіреді. Яғни сіздің алдыңызда оның қадір-қасиеті жоғары екенінің айғағы.

Виктор Франкл: «Адамды өмір сүруге құлшындыру үшін оның қадір-қасиетін арттыру қажет», - дейді. Сыйлық – осындай функцияны жүзеге асыратын құрал.

Француз әлеуметтанушы Марсель Мосс: «Сыйлықтың жаны бар», - депті. Расымен де, сыйлық – адамның жанын баурап алады. Өйткені кез келген адам үшін өмір құнды. Ал сол өмірге мән кіргізіп, шаттық сыйлай білген әрбір жан сол адамның досына, жақсы көретін сүйікті адамына айналады. Алла елшісі (с.а.у.) осы мәселені үмбетіне өсиет еткен бір хадисінде: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сонда араларыңдағы бір-бірлеріңе деген сүйіспеншіліктерің артады», - деген.

Жазушы Лев Толстой бір сөзінде: «Адамды біз жасаған жақсылығы үшін жақсы көрмейміз. Оған көрсеткен өзіміздің жақсылықтарымыз себепті де жақсы көреміз», - дейді. Демек, сыйлық беру, сыйлық алушы тараптың ғана емес, сыйлық беруші тарапқа да шаттық сыйлайды. Жоғарыдағы хадистің мәні де осы болса керек.

Әсілінде, адамның көбі сыйлық алғанды жақсы көреді. Бірақ сыйлық беруге келгенде аса құлықты емес. бұл да парадокс. Себебі сыйлық алуды ұнатып, сыйлық беруі ұнатпау – іште жасырын жатқан эгоизм көрінісі.

Мына мәселені ескере кеткен жөн, өзара сыйлық беруді, сыйлықтың құны мен көлемі шарт емес. әркім шамасына қарай сыйлық бергені жөн. Ал сыйлық беруден немесе алудан бас тарту психологиялық тілмен айтқанда, «өзін өзгелерден кем сезіну» комплексі. Сонымен қатар сыйлық сыйлаушы адам өзі де мұқтаж жан болуы мүмкін. Кейбір адам осыны ескеріп оның сыйлығын алмай кері қайтарады. Бұл, әрине, бір қарағанда жақсы амал болып көрінгенмен, дұрыс емес. өйткені мұндай әрекет әлгі адамның көңілін қалдыруы хақ. Сол себепті ондай адамның сыйлығын қабыл алып, оған одан да артық сыйлық берген жөн. Әзірет Айша анамыз мұқтаж бір әйелдің сыйлығын қабыл етпей қойғанда, Алла елшісі (с.а.у.): «мұқтаж болса да, ол әйелдің сыйлығын қабыл етіп, оған артығырақ бір нәрсе беруің керек еді», - деген.

Сыйлық берудің отбасылық жылу үшін де орны ерекше. Бір жерде шаң басып ұзақ тұрған затты сілкіп, шаңнан тазартып, қайта таза қалпына келтірген секілді ерлі-зайыптылардың бір-біріне сыйлық сыйлап тұруы да, негативті энергияға толып, ақырын сөне бастаған арадағы құрмет пен сүйіспеншілік сезіміне серпін береді. Алла елшісі (с.а.у.) отбасылық татулықты мұрат етіп айтқан хадисінде: «Садақаның ең үлкені – кісінің өз әйелін (еркелетіп) аузына бір түйір ас салуы», - деген. Демек, сыйлықтың үлкені – адамның отбасына тарту еткен сыйлығы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 32 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: