21:34
Тұлғалану толқындарында

САУАТТЫ ТАМАҚТАНУ

Өмір сүрудің екі заңын білген адам бақытқа қол жеткізеді: бірі – не болса соны жей бермей, азығына талғаммен қарайтын кісі; екіншісі – кім болса, сонымен дос болмай, достыққа дұрыс адамдарды таңдай білетін жан.

Омар Хайям

Тамақ жеп, ас ішу – адам баласының табиғи қажеттілігі. Алайда мұның өлшемі мен талғамын білмек керек. «Өмірімізді өзгерту үшін әрі тұлғалық дамуды әуелі неден бастау керек?» - деп сұрағандарға, сауатты тамақтануға мән бер демекпіз. Иә, алдыңа үлкен мақсат қойып, жетістікке жетуді талап еткен кез келген адам ең әуелі ішіп-жеген тамағына мән берсін! Құранда «Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әр кез игі іс істеңдер. Шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін» делінген аят ьар. Алла тағала бұл аятта адамзатқа тура жолды көрсетіп, ізгілікке үлгі ретінде жіберілген пайғамбарларға ең әуелі таза әрі пайдалы тағам жеуді бұйырады. Одан кейін игі іс істеуге шақырады. Демек, адам баласы игі іс жасау үшін әуелі сауатты тамақтанып, пайдалы ас ішуі керек.

Өйткені сауатты тамақтануды реттей алмаған адам қай салада болсын жетістікке жетуі екіталай. Сондықтан рухани кемелденуді көздеген сопылық мектеп өкілдері «қиллатут-тағам» - аз тамақ жеу, «қиллатул-манам» - аз ұйықтау, «қиллатул-калам» - аз сөйлеу, «узлату анил-анам» - оңашалану секілді төрт қағиданы берік ұстанады. Осы төрт қағиданың басында «аз тамақ жеу», яғни сауатты тамақтану тұр. Тамақтануды дұрыс жүйеге қоя білген адам жан-жақты дамиды.

Бүгінгі біздің қоғамда сауатты тамақтануға көп мән беріле бермейді. Мысалы, қазіргі таңда қалыптасқан қонақ күту дағдымызға бір сәт көз жүгіртіп көрелік. Қонақ күту үшін кем дегенде бір күн бұрын дайындық басталады. Дүкен мен базардан үйіп-төгіп азық-түлік тасимыз. Дастарқанда бос орын қалдырмай түрлі тағаммен толтырып тастамасақ, қонағымызға құрмет көрсетпегендей ыңғайсыз сезінеміз. Әйел қауымы екі күн бойы таңның атысы, кештің батысы асүйде дастарқан қамымен жүреді.

Әуелі қонаққа буы бұрқыраған қоңыр күрең шай береміз. Самса, бауырсақ, қуырылған балық, духовкаға піскен тауық, туралған жал-жая, қазы-қарта, бес-алты түрлі салат (оның бірнешеуіне майонез араластырылып, ет, шұжық қосылған), бал-вареньелердің неше атасы, сан алуан жеміс-жиек... Бұлар негізгі тамақтың алдында шаймен желінетін «жүрек жалғаудың» кішігірім мәзірі ғана.

Осындай «жүрек жалғар» шайдан кейін астауды қайыстырып жайма нанымен майы сорғалап ет келеді. Тойып алған қонақтар өздерін қинап ет жейді. Артынан майлы сорпа мен қымыз ішеді. Кока-кола ішетіндер, компотқа жоқ демейтіндер де бар.

Алдағы асты «Сүннет қой, тауысып же, ысырап болмасын» деп үгіттеп те жатады. Шын мәнінде сүннет – табақтағыны түгелдей тауысу емес, өлшемнен асырмай аз жеу.

Ет жеп болған соң «тамақ сіңсін» деп 15-20 минут үзіліске шығамыз. Бұл – өзімізді алдау. Әйтпесе, тамақтың қорытылуы үшін кем дегенде 5-6 сағат керек. Кішігірім үзілістен кейін қайтадан неше түрлі торт-тәттімен шай ішеміз. Сосын қарнымыз сыздап түннің бір уағында үйге қайтамыз. Қонақ кеткеннен кейін «өзіміз отырып шай ішейік» дейтіндер де табылады.

Ас толы асқазанмен ырсылдап, зорға тыныс алған күйі ұйқыға жатамыз. Ұйықтады деген аты ғана, ас қорыту үшін ағзамыз түні бойы қиналып жұмыс істейді. Асқазанға, бауырға, жүрекке ауыр салмақ түседі. Таңертең қиналып оянамыз. Көзіміз домбығып, бетіміз ісіп кетеді. Ұйқы қанбаған. Міне, осындай күйде жұмысқа кетеміз. Түнде демалмаған ағза күні бойы селсоқ, ұйқылы-ояу бойкүйез халде жүреді. Мұндайда адамның қандай да бір істі жасауға зауқы соқпайды, энергиясы жетпейді. Екі көзі ашық, бірақ санасы мен тұла бойы ұйқыда. Ойлаңыз, осындай күйдегі адамның жетістікке жетуі мүмкін бе?!

Айтпақшы, қонақтан артылған салат пен тамақтарды «обал болмасын» деп қайта-қайта жылытып, неше күн жейтіндер бар. Жылытылған сайын тамақтың сапасы кетеді, зияны көбейеді. Оны білсек те мән бермейміз.

Үлкен ғалым, медицинаның атасы Ибн Сина ас ішудің әдебі жайлы: «ас ішкенде шақтап қана аз жегін, өйткені астың бойға даруы – оның қорытылуында. Адамның ағзасына ең ауыры – қорытылмаған ас үстіне ас ішу», - десе, қасиетті Құранда «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап етпеңдер! Алла ысырапшылдарды жақсы көрмейді» - делінген.

Өкінішке қарай, көпшілік жоғарыдағы аятты қате түсініп жүр. Ысырап – дастарқанда желінбей қалған тамақ қана емес, шамадан тыс артық желінген ас екендігіне мән бермейді.

Алла елшісі (с.а.у.): «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы – тоя тамақ ішкен қарын. Адам баласына денесін көтеріп жүруге қажет азын-аулақ (бәрнеше асам) тамақ жеткілік. Ал міндетті түрде жейтін болса, онда асқазанының үштен бірін – тамаққа, келесі үштен бірін – суға, ал қалған үштен бірін – ауаға арнасын», - деген.

Атақты сопылардың бірі Ибраһим ибн Әдһам: «Кімде-кім асқазанына кіретін тағамды қадағалай алса, өз діндарлығын да қолға алғаны. Асқазанына артық тамақ кіргізбеген адам көркем мінезге иелік етеді. Қарны тоймай жүрген кісі Аллаға асылық қылудан аулақ болады, қары тоқ кісі асылыққа жақын жүреді», - деп ас ішудің өлшемін үйреткен.

Алла елшісі (с.а.у.) басқа бір хадисінде «Үмбетім үшін ең қатты уайымдайтын нәрсе – қарын шығару, артық тамақ жеу, көп ұйқы және түйсік-танымның таяздығы» деген. Бұл хадисте айтылған кеселдің бәрі артық тамақ жеуден туындайды. Себебі тәнге қажетінен артық ас адамды жалқаулыққа, маубастыққа мәжбүр етеді. Тіпті күніне бірнеше мәрте артық ас ішіп, оны қайта-қайта сыртқа шығару шамадан тыс уақытыңды алады да, уақыт ысырабына жол ашылады. Мидың сергек жұмыс жасауына қажет қан мөлшері ас қорытуға жұмылдырылғандықтан ми жұмысы әлсірейді. Сондықтан тойып ас ішкен адам маужырай бастайды. Үнемі ұйқысы қанбай жүреді. Артық ас ішіп, көп ұйықтаған адамның тәні семіреді. Ал тән семірсе, рух азады, ой-түйсік асқазан төңірегінен әрі аспағандықтан, парасат-пайымы төмен болады. Тіпті бара-бара құлқынының құлына айналып, ол нәпсісін емесе, нәпсісі оны қалаған жағына жіпсіз жетектейді. Мұндай адамның құлшылыққа құлықсыз, жұмысқа жалқау болатыны сондықтан.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: