21:39
Тұлғалану толқындарында

ФЭНШУЙДЫҢ ҮКІМІ

Фэншуй – даосизм наным-сеніміне тиесілі мистикалық сенім жүйесі. «Фэн» сөзі «жел», «шуй» өзі «су» деген мағынаны білдіреді. Даосизм – құрамында діни-философиялық элементтері бар қытайдың дәстүрлі ілімі. Фэншуйді біреулер ілім деп жатады. Бұл ілімге жатпайды. Ол – Ци энергиясының адам өміріне жағымды әсерін іздеу негізінде пайда болған мистикалық сенім жүйесі. Ци – қытай философиясында ғаламды толтырып тұрған энергия немесе табиғи күш. Фэншуй теориясын құрастырған Ян И есімді кісі. Ол жақсы үй тұрғызу үшін немесе жақсы шаруашылық ашу үшін «Айдаһардың демі» қажет деген. Сөйтіп, «Айдаһардың демі» бар деп білген жерлерге жақсы-жаман деп өзінше болжам жасаған.

Фэншуйге әлемдегі ғылыми қоғамдастықтар жалған ілім деген баға берген. Мәселен, фэншуй жайында ақпаратты алғаш болып Еуропаға апарған Эрнст Айтель бір сөзінде: «Фэншуй – соқыр сенім жүйесі. Ол адамдарға байлық пен жақсылық әкелу үшін «Қабірді қай жерден қазған дұрыс, үйді қай жерге салу керек?» деген секілді негізсіз болжамдарды үйретеді», - дейді.

Ғалымдар фэншуйдың әу баста өлілерге қатысты әдет-ғұрып негізінде пайда болғандығын айтады. Ю.з.д. ІХ ғасырда ежелгі Қытайда өлілерді жерлейтін ортақ қабір салу ғұрпы болды. Қайтыс болған кісіні жақындары қалаған жерге және өліге ыңғайлы деп білген жерге көметін. Осылайша, бұл бірте-бірте соқыр сенімге айналып кеткен. Ежелгі Қытайдан бастау алған бұл соқыр сенім бідің дәуіріміздің ХІ-ХІІ ғасырында үйдің құрылысы мен үй ішіндегі жиһаздарды орналастыру ісіне ауысты. Сондықтан қазіргі таңда пәтер ішін бөліктерге бөліп, қытайлық сувенирлерге (көкшіл айдаһар, құрбақа, құрбақа-айдаһар, үш аяқты құрбақа, т.б.) толтыруды ілімге балап, оның тарихын алты мың жылдық деп жүрген адамдарға сенудің ешбір негізі жоқ.

Жалған сенім бола тұра адамдардың фэншуйге сенуінің астарында «Сенде бәрі жақсы, мына сувенирді қойсаң үйіңе ақшаның легі ағылады; айнаны былай қой; есік мына жақтан ашылатын болсын; мұның бәрі сен үшін жақсы энергия әкеледі», - деп оңай олжа мен тез баюды уәде ету жатыр. Оңай пайдадан үміт еткен адам, оның дұрыс немесе бұрыстығына және қаншалықты ақылға қонымды екендігіне мән беріп жатпайды. Сөйтіп, өмірін қалайша мистикалық жалған сенім принципіне негіздеп жібергенін байқамай да қалады.

Шариғи және ғылыми негізі жоқ жалған, мистикалық сенімдерге иланып, өмірді соған негіздеу – үлкен адасушылық және күнә. Сондықтан жалған сенім мәселесінде абай болған жөн.

Әсілінде, мұсылмандық сенім бойынша ризық-несібені беретін – Алла. Адамнан талап етілетін нәрсе болса, жақсы ниет пен қажырлы еңбек. Біреудің қолымен жасалған бақа-шаян немесе айдаһар мүсіндері ақша шақырады деп сену – сау ақылға сыймайтын дүние. Байлық пен ақша тартатын асыл зат – адамның шынайы ниеті мен еңбегі. Абай да бұл принципті төртінші қарасөзінде: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», - деген.

Олай болса, елімізде өздерін «ментор, коуч» анап жүрген кейбір отандастырымыз адамдардың сауатсыздығы мен аенгіш мінезін пайдаланып, дінімізге қайшы өзге елдің жалған сенімін тықпалап, еш пайдасы жоқ мүсіндерді, әмияндарды сату арқылы қалталарын қампайту әрекеті – шариғи һәм адами тұрғыда күнә болмақ.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 33 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: