23:20
Тұлғалану толқындарында

БАЛТА ҚАЙРАУДЫ ҰМЫТПА!

Көпшілік ғалымдардың креативті дүние тудыра алмауы – олардың ойланбауы емес, керісінше, ойлауды бір мезет тоқтатып, кідіріс жасауды білмегендігінен.

Экхарт Толле

Ғұлама бабамыз Мәшһүр Жүсіп денсаулықты сақтауға көңіл-күйді көтеріңкі ұстаудың, шаттықтың қажеттігін айтады. Көңіл-күйімізді өзіміз көтеруге әрекет ету керектігін ескертеді. Ешқандай тынығуға мүмкіншілік бермей, үздіксіз харекет ете берсек, миымыз шаршайды. Ынта-жігеріміз әлсірейді.

Мынадай тамаша тәмсіл бар: Екі көрші отын жинауға орманға аттанады. Біреуі көп отын жинап, тезірек үйге қайтамын деген ниетпен тоқтамастан шаба береді, шаба береді. Ал екіншісі оқтын-оқтын дем алып, арасында балтасын қайрайды. Кеш батқанда дем алмастан отын шапқан бірінші көршінің сілікпесі шығып қатты шаршайды. Оның үстіне шапқан отыны да көңіл көншітерлік емес. ал екінші көршінің арбасы отынға лық толған. Көңілі көтеріңкі. Өзі де анау айтқандай шаршамаған. Бірінші көрші мұның сырын сұрағанда анау айтқандай шаршамаған. Бірінші көрші мұның сырын сұрағанда «Арасында тынығып, балта қайрауды ұмытпа!» деп жауап береді.

Тәмсілден жұмыс арасында дем алу, бойымызға қуат жинау маңыздылығын түсінеміз. Тынығу жұмыстың сапасын арттырады. Ісіміз өнімді болады. Олай болса, сен де арасында тынығып, балта қайрауды ұмытпағын!

Құранның «Шарх» сүресінде мынадай аят бар: «Бір істі бітірсең, дереу басқа бір іске кіріс» (5-аят). Бұл аяттан іс ауыстыру арқылы тынығудың қажеттігін түсінеміз. Мұның мәнісі адам бір істі ұзақ жасаған кезде жалығады, концентрациясын жоғалта бастайды. Сондықтан белгілі бір уақыттан кейін жасап жатқан ісіңді тоқтатып, басқа бір іспен айналысу арқылы да тынығуға болады екен. Мұны психологияда «белсенді тынығу» дейді. Мысалы, кітап оқып шаршай бастағанда, жаттығулар жасаңыз немесе намаз оқыңыз. Сосын басқа шығармашылық жұмысыңызды жалғастыруға болады. Арасында музыка тыңдаңыз. Сол сияқты домбыра секілді музыкалық аспаптарда ойнау арқылы да керемет тыныға аласыз. Кездесулерді де бір істен жалыға бастаған тұста өткізген тиімді. Санаға салмақ түсіретін кез келген істен кейін бойға қан жүгіртетін дене қозғалысын қамтитын жаттығуға көшкен пайдалы.

Оқыған кітабыңыздың маңызды тұстарын немесе өмірде тап болған оқиғалардан түйгеніңізді мазмұндап «ойтамшы» жазу арқылы да дем алуға болады. Мұны өзіңіз үшін жаңалықтар жазып отыратын күнделік деуге болады. Бұл сізді ойыңызды ашық та анық білдіруге машықтандырады. Талдау қабілетіңізді арттырып, логикалық тұрғыдан дамуыңызға айтарлықтай ықпал етеді.

Мақсат еткен қандай да бір істі ұйымдастыруға байланысты интеллект картасын сызу арқылы тынығудың орны ерекше. Басыңыздағы шашыраңқы ой-жоспарларыңыз әжептәуір жүйеленіп, біршама реттеліп қалады. Интеллект картасын сызу – алға қойған мақсатыңызды елестету және оған жету жолдарын алдын-ала көре білу қабілетңізді жетілдіре түседі.

Мүмкіндігіне қарай саяхатқа шығып тұрыңыз. Шетел болмаса да, еліміздегі бұры болмаған жерлерге қыдырыңыз. Апта соңында табиғат аясында серуендеуді әдетке айналдырыңыз. Сарқырап аққан судың сылдырына құлақ түріп, жапырақтың сыбдырын, жаңбырдың тырсылын, жыршы құстардың әнін тыңдаңыз. Жап-жасыл жайқалып тұрған ағаштарға, сан алуан реңге боянған өсімдік әлеміне көз тастаңыз. Иісі аңқыған гүлдерді құштарлана иіскеңіз. Қыс мезгілінде шаңғы тебіңіз.

Театрға барыңыз. Актерлердің рөл орындау, тұлға сомдау шеберлігін көріңіз. Режиссердің жұмысын бағалаңыз. Пьесаның астарындағы күрмеулі мәнді шешуге тырысыңыз, ой жүгіртіңіз. Бірге барған адамдармен талқылаңыз. Бұл сізге тамаша көңіл-күй сыйлайды. Ойлау, талдау қабілетіңізді арттырады. Ән айтыңыз. Көңіліңізді көтеретін музыка тыңдаңыз. 

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 40 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: