08:40
Тұлғалану толқындарында

ҮНЕМДЕУ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Абай

Қаржы үнемдей білу – адам өмірінде аса маңызды рөл атқаратын харекет. Адам үнемдеу құндылығын үйрену арқылы межелі мақсатына оңай жетеді. Үнемдеу ұғымына адамның бойындағы қажыр-қайраты мен сабыр-тағаты секілді дүниелер де кіреді. Мәселен, бойдағы сабыр-қуатын үнемдемей, болмашы нәрселерге сарқып берген кісі қажет сәтте байсалдылық таныта алмайды. Өткен іске өлердей өкініп немесе болашақты қатты уайымдаған кісінің дәл қазіргі шақа қажыр-қайраты, сабыр-қуаты жетпей қалады. Адам бойындағы күш-қуатын үнемдемей, ұсақ-түйек істерге төгіп тастаса, маңызды жұмысқа клегенде күш-жігері жетпей әлсіздік танытады. қаражат та солай. Үнемдеуді өмірлік қағида етіп алған кісінің табысы берекелі болады. Бірақ үнемдеуді сараңдықпен, жомарттықты ысырапшылдықпен шатастыруға болмайды. Орынсыз жерде үнемдеу – сараңдық. Ал жөнсіз шашып-төгу – жомарттық емес, ысырап. Үнемдеуге байланысты қазақтан мынадай жақсы сөз қалған:

«Тарта-тарта жесең, тай қалар,

Қоя-қоя жесең, қой қалар,

Қоймай жесең нең қалар?!»

Қолындағысын үнемдеп қолданатын кісі Алла берген нығметтердің қадірін түсініп, шүкірлік жасап жатыр деген сөз. Шүкірлік тек қана «Е-ее, Алла, бергеніңе шүкір» деп айтумен бітпейді. Шүкірлік қолдағыны үнемдеп әрі керек жеріне жұмсаумен жүзеге асады. Мұндай шүкірдің сыйы еселенеді. Алла тағала аятта: «Егер шүкір етсеңдер, нығметімді арттырамын», - дейді.

Қаражаттың бір бөлігін жинай берумен байып кетпеуің мүмкін, бірақ дәл керек кезде жеке қорың болады, қысылтаң шақта ешкімге алақан жаймайсың. Бұл жайында Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Үнемшіл кісі ешкімге қол жайып мұқтаж болмайды», - деген. Сондықтан әркім өзінің шынайы қажеттілігін анықтап алуы керек. Өзіне не керек екенін анықтай алмаған адам әрдайым ысырапқа бір табан жақын жүреді. Мәселен, қымбат мейрамханаға бару үшін қарыздану керек пе? Әлбетте, жоқ. Болмашы ләззат үшін қарызға кірудің қажеті жоқ. Бір мәрте ләззат алды, ләззаттың әсері кетті, ендігі жерде бір ай бойы күйзеліске түсіп, қарызын жаба алмай жүргеннің несі жақсы?! Сол сияқты, жарты қойдың етіне кететін ақшаны бір отырғанда шашып тастап, жарты ай бойы етсіз отырудың қандай мәні бар. Хакім Абай ебін тауып дүние жинауға әрі оны жұмсауда ысырапқа салынбауға шақырады. Ол өзінің «Қуанбаңдар жастыққа» атты өлеңінде:

«...Адалдан тапқан тиынды

Сал да сақта қапшыққа.

Қолдағыңды қорғап бақ,

Мал арзан деп аптықпа.

Сыпайы жүр де, шаруа ойла,

Даңғойланып аптықпа...» дейді. Адалдан тапқан ақшаны ақылмен жұмсау талап етіледі. Даңғойланып, алды-артын аңдамай ақшасын шашқан адамның шаруасы ешқашан оңалмайды. Қолдағы барды әрдайым ойын-сауыққа, пайдасыз жиындар мен керексіз нәрселерге шашу – ысырап. Ысырап – берекенің қас жауы.

Біле жүріңіз, ысыраптың кесірінен:

  1. Әлемде жыл сайын 1,3 миллиард тонна тағам қалдық болып қалады екен.
  2. Босқа кеткен немесе жоғалған тағам шамамен бір триллион АҚШ долларына тең.
  3. Тағам қалдығының төрттен бір бөлігі әлемде аштықтан зардап шегіп жатқан 795 миллион адамды тамақтандыруға жеткілікті.
  4. Бай елдердегі тағам қалдықтары (222 миллион тонна) Сахараның оңстүстігіндегі барлық Африка мемлекеті өндіретін тамақ көлеміне (230 миллион тонна) пара-пар.
  5. Бір Еуропаның тағам қалдықтары 200 миллион аш адамды тамақтандыра алар еді.
  6. Тағам қалдықтары жаһандық климаттың өзгеруін жеделдететін 3,3 миллиард тонна көмірқышқыл газын шығарады.
  7. Әлемде өндірілетін барлық тағамның 1/3 бөлігі қалдық болып қалады.
  8. Әлемдегі таза судың 25%-ы қолданылмайтын тағамдарды суаруға пайдаланылады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 49 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: