07:13
Тұлғалану толқындарында

АШУ – ДҰШПАН

Ашу деген – ағын су,

Алдын ашсаң арқырар.

Ақыл деген – дария,

Алдын тоссаң, тоқырар.

Әйтеке би

Біз күнделікті өмірде күйзеліске түсіретін түрлі жағдайға тап боламыз. Кейде орынсыз алаңдаушылыққа беріліп жатамыз. Жағымсыз жаңалық естіп-ақ күйзеліске түсіп кетуіміз мүмкін. Ашуланғанда немесе қобалжығанда адам денесінде физиологиялық бірқатар өзгеріс орын алары мәлім. Мысалы, тынысы тарылып, дем алысы мен жүрек қағысы жиілейді. Қан айналымы жылдамдап, бұлшық еттер жиырылады. Дене қызуы көтеріледі.

Осындай сәттерде байсалдылық танытып, кідіріс жасаңыз. Бастан кешіп отырған сезім неліктен туындағанын ойлаңыз. Егер бұл стресс, ашу сезімі болса, 5-10 минут жалғыз қалып аяғыңызды нық басып, терең тыныс алыңыз. Терең тыныс алып, баяу шығару арқылы жүйкеңіз тынышталып, санадағы өзгеріс қалпына келеді. Сананы қалыпқа келтірудің төте жолы – тәндегі өзгерісті қалпына келтіру. Ашу, стрессті өткізіп, эмоцияның ықпалы басылған соң, көңіл-күйіңізді толық бақылауға алып, жағдайға қатысты ең дұрыс шешім қабылдап, сол бойынша әрекет етіңіз.

Мұндай кезде салқын су ішкен де пайдалы. Сондай-ақ сумен жуыну арқылы ашуды азайтуға болады. Алла елшісі: «Ашу шайтаннан, ал шайтан оттан жаратылған. Отты су өшіреді. Сондықтан ашуды дәрет алу арқылы басыңдар», - деген. Демек, ашу қысқанда салқын сумен беті-қолымызды жуу немесе дәрет алған пайдалы. Су бойымыздағы жағымсыз энергияны басатыны белгілі.

Қазір кейбір мамандар ашуланған сәтте жата кетудің пайдасын айтып жүр. Ашуды ауыздықтауға қатысты бұл техниканы Алла елшісі (с.а.у.) хадисінен де кездестіреміз. Хадисте «Ашуланғанда тұрып тұрсаңдар, отырыңдар. Ашуларың сонда да қайтпаса, жантая кетіңдер. Тіптен болмаса, жатыңдар» делінген. Ашуланған сәтте түрегеп тұрған адамның бойындағы адреналин, картизол гормондары аз уақытта үш есеге көбейетін көрінеді. Ал отырғанда немесе жатқан кезде бұрынғы қалпына келеді екен. Адам денесіндегі физиологиялық бұл өзгерісті қалпына келтірудің жолын көрсеткен Алла елшісінің бұл хадис мұғжизасы болмақ. Ашуланған сәтте сыртқа шығып серуендеп немесе спорттық жаттығулар жасауға да болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 48 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: