20:14
Тұлғалану толқындарында

МИНИМАЛИЗМ

Өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Абай

Минимализм – қазір трендке айналған өмір сүру философиясы. Минимализм, яғни үнемшіл ғұмыр сүру – ең әуелі санада қалыптасуға тиіс. Қазіргі қоғамның проблемасы аса қажет емес заттарды, құралдарды, киім-кешекті, азық-түлікті өмірлік зәрулік деңгейдегі қажеттілікке айналдырып алуында жатыр. Өткен жолы бәз біреу: «Дүкен кассасының жанында тұрып, адамдардың не сатып алып жатқанына әдейі мән бердім. Сонда байқағаным, алынған заттардың көбісі онсыз да өмір сүруге болатын аса қажеттігі жоқ кәкір-шүкір бірдеңелер екен», - деп еді.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бөлмесіндегі заттарға назар аударсаңыз, барынша минимализммен өмір сүргеніне көз жеткізесіз. Смартфон әлемінде төңкеріс жасаған Стив Джобс та азғантай жиһаз, қарапайым декорлы жерде жұмыс істегенді ұнатқан.

Түрлі таныстарының жанында өзін олардан төмен сезінбеу үшін көптеген адам өздеріне қажет емес, өмір сүру стандартына сай келмейтін қымбат заттарды алуға мәжбүр. Сөйтіп, қарызға кіреді. Мысалы, адамдар қолында әп-әдемі, бүкіл қажеттігін өтеп тұрған сапалы телефоны бола тұра, жаңа серия шықты десе, қарызданып болса да, қымбат телефон алуға тырысады.

Кейбір бизнес-коучтар «Қарыздансаң да, бағасына қарамай қымбат болса да, ұнаған нәрсеңді сатып ал» деп желіктіреді. «Неліктен?» деп сұрасаңыз, «Әлгі затты алған соң оны төлеу, қарыздан құтылу адамға мотивация береді» деген ессіз жауапты естисіз. Бұл біздің ысырап етпеу құндылығымызға қайшы. Қарыздану мұсылман адамға моитвация бола алмайды. Қолдан жасалған қысым арқылы стресске түсудің қажеті жоқ. Қанша жерден есебің мықты, еңбегің күшті болса да, ризықты беретін Алла тағала екенін ұмытпау қажет.

Осындай мотивацияны естіп алған бір кәсіпкер 130000 долларға қымбат көлік алғалы жатқанын айтып қалды. Себебін сұрағанда, «Араласатын жолдастарымның бәрі қымбат көлік мінеді. Олардың қасында мына көлігіммен ыңғайсызданамын», - деді. Оның ыңғайсыз сезініп жүргені бір жыл ғана болған жап-жаңа көлік. Ал ана көлікті алу үшін керекті ақшаның жартысын қарызға алғалы тұр. «Сенің мына көлігіңді менсінбейтін достың саған қажеті қанша? Одан да сол ақшаңды кәсібіңе салып дамыт», - деп кеңес берген де болды біреу...

Абай айтпақшы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Елден ерекшелену үшін дөңкиген көлік мініп, биік үйде тұру үшін белшеден қарызға батудың еш қажеті жоқ. Сыртына қарасаң, керемет бай, ешқандай проблемасы жоқ бақытты адам сияқты көрінуі мүмкін, бірақ белшеден қарыз. Өмір сүру стандарты мен тапқан табысы бір-біріне сәйкес келмейді. Біреуден ерекшеленіп, көрініп қалуға тырысудың өзі – санадағы дерт. Өз өміріңді емес, өзгенің өмірін сүру.

Ал шынымен қажет болса, үнемшілікке бармай қалағаныңды алу керек. Бірақ «Жұрт көрсін, ел айтсын» деп емес.

Осындайда Шәкәрім данышпанның мына бір сөзі еріксіз ойға оралады:

«Қайтер еді, жігіттер,

Тым қымбатты кимесек.

Мақтан үшін борышты,

Үсті-үстіне үймесек.

Қаладағы байлардың,

Ыңғайына билесек.

Аяғында қайтеміз,

Банкрот боп күйресек.

Орта кисек ұрса ма,

Біз ешкімге тимесек...

Мұнша неге құмарсың,

Түбі пайда емеске.

Күміс тұрман тағынып,

Мен қалай деп егеспе.

Қарызданып күн сайын,

Шаруа кетті келмеске...»

Шәкәрімнің айтуынша, ысыраптың түбінде мақтангөйлік жатыр. Байлардың ыңғайына билеу тұр. Елдің сөзі, жұрттың пікірі үшін даңғойлыққа салынып, қарыздану – ақылды кісінің ісі емес. Мұның түбі кәсіптің кері кетуіне, дағдарысқа жол ашады.

Кісі қолындағы қаржысын дұрыс басқаруды білмей, мақтангөйлік пен дарақылыққа салынса, сөзсіз ысырапқа жол береді. Ал ысырап адамды қарызға батырады. Белшеден қарызға батқан кісінің жағдайы қайта оңалуы қиын.

Қарыздар кісі қарыз берген адамның алдында төменшіктеп тұрады. Ал қарыз берген кісі өктемдік жасап қарызын қайтарғанша тізесін батырып, бетіне салық салуы мүмкін. Мұның бәрі адамның көңіл-күйіне, өміріне кері әсер етеді. Мәшһүр Жүсіп жөнсіз қарыз алудан сақтандырып былай дейді:

«...Сүйкімді біткен, жұртқа, болам десең,

Ешкімнен дүние сұрап аузыңды ашпа!

Біреуден, соң берем деп, борыш алма,

Басыңды байлауда қып, кілтке салма.

Кісіден дүние алғаның – құл болғаның,

Кіріптар өз-өзіңнен болып қалма!

Қазақтың той-домалағы мен өлім-жітімі де ысырапсыз болмай тұр. Көбінесе «ұят болады» мен «ел не дейдінің» кесірінен мәнсіз істерге ұрынуда. Орынсыз той-думан көп. Тұсаукесер, тілашар, он жылдық, түген жылдық деп шалылып той жасау сәнге айналды. Оның үстіне шамасына қарай той жасаудың орнына өсімге ақша алып, қарызға батуда. Той жасағанда «көрпеге қарап көсілуге» әбден болады ғой. Қымбат көліктер керуенін ұйымдастырмай-ақ, лимузинге мінбей-ақ, қымбат әншілер мен бағасы удай мейрамханаларды жалдамай-ақ, қарапайым жерде, ең жақын деген адамдарды шақырып, ақ батасын алуға болады емеспе?! Не нәрсе болсын, елден тым ерекшеленбей, орта жолды ұстанған дұрыс.

Бұл жайды Шәкәрім қажы:

«Сыртын түзеп кейбіреу аласұрды,

Киіміне мақтанған бала сынды.

Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,

Құба төбел істі қыл жарасымды.

Құба төбел дегенді ұқсаң керек,

Орынсызды істеме, болсаң зерек.

Мүйізі бар кісідей едірейіп,

Өзге жаннан болмасын түрің бөлек...» - деп, ысырапқа жеткізбей, сараңдыққа салынбай, орта жолды ұстануға шақырады.

Ұмытпаңыз, «Басына һәм өзіне өзгешелік бермек – адам ұлын бір бұзатын іс» деп Абай айтқандай, ысырап – мақтангөйліктен, көрініп қалудан, өзін өзгеден төмен санаудан, нәпсі құмарлықтан туындайды. Ал бұлардың бәрі рухани аштықтан, ішкі бостықтан, өмірдің мәнін түсінбеуден шығады. Нәтижесінде, мұндай адам ішкі бостықты материалдық дүниелермен толтыруға талпынады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 60 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: