20:18
Тұлғалану толқындарында

АҚЫЛДАСУ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Келісіп пішкен тон келте болмас.

Мақал

Эмоцияның ықпалына түспей, байсалды әрекет етіп, дұрыс шешімге келудің бір жолы – ақылдасу. Лайықты адамдармен ақылдасуды өмірлік дағдыға айналдыра білген адам – нағыз парасатты тұлға.

Араб тілінде ақылдасуды «истишара» дейді. Бал арасының неше түрлі гүлдерге қонып, олардан нәр жинап, оны омартаға әкеліп балға айналдыру әрекеті де «истишара» етістігінің түбір сөзінен шығады. Байқағанымыздай, ақылдасу мен бал жинаудың ұқсастығы бар. Өйткені бал арасы тәрізді ақылдасқан адам басқалардың келелі кеңесін тыңдап, оны өз пайымынан өткізіп, тиімді пайдалана біледі.

Құранда ақылдасу жайлы: «Сондай-ақ олар Раббыларының үндеуін қабыл алып (Оған қалтқысыз мойынсұнады). Намазды толық оқиды және барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді һәм өздеріне берілген ризықтан ізгілік жолында жұмсайды» («Шура» сүресі, 38-аят) делінген. Осынау аяттан байқағанымыз, Алла тағала «ақылдасуды» иман, намаз, зекет секілді құлшылық қатарына жатқызған. Ұлы Жаратушы ақылдасудың маңыздылығын білдіру үшін «Олармен әр істе кеңесіп тұр» («Әли Имран» сүресі, 159-аят) деп Алла елшісінің (с.а.у.) өзіне сахабаларымен ақылдасуды бұйырған. Атам қазақ «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген.

Пайғамбар бір хадисінде: «Өзара ақылдасып, кеңескен қоғамды Алла тағала ең дұрыс һәм пайдалы шешім қабылдауға бағыттайды» деген. Неліктен? Өйткені ақылдасу арқылы басқа адамдардың білімі мен тәжірибесін, білікті мамандардың кәсібилігін пайдалану мүмкіндігі туады. Мәселені бір ғана қырынан емес, жан-жақты қарастырса, мейлінше азаяды. Сондай-ақ, әр адам өзі көре алмайтын, байқамай қалатын «соқыр» тұстар да болады. Міне, кеңесу арқылы осы кемшіліктер жойылады. Лайықты адамдармен ақыладсу нәтижесінде қабылданған байсалды байламда эмоцияның ықпалы аз, нәтижесі көп болмақ.

Біз ақылдасудың пайдасын білсек те, іс жүзінде оған көп мән бермейміз. Кей-кейде өз тәжірибемізде ақылдасуға атүсті қарап, эмоциямен қабылданған шешімдеріміз бен жасаған істеріміз көбінесе опық жегізеді ғой. Ал тәжірибелі адамдармен, білімді мамандармен асықпай ақылдасып, жан-жақты зерттеп, елеп-екшеп барып, байсалды әрекет еткен істеріміз нәтижелі қайырлы болатыны анық.

Ақылдасуда мына жайтты ескерген жөн. Ақылдасқан адамдардың пікірі мен кеңесін айна-қатесіз бірден қабылдауға болмайды. Айтылғанды өз ой елегінен өткізіп, шешімге ақыл мен көңілің әбден тоқтағаннан кейін барып әрекет ету қажет.

Ақылдасу нәтижесінде қабылдаған байлам жайлы күмәнданбаңыз. Тәуекел етіп, нәтижесін бір Аллаға тапсырыңыз. Алда-жалда сіз күткендей нәтиже болмаса, оған өкініп, қайғырмаңыз! Ешкімді кінәлаушы болмаңыз! «Қайырлысы» деп, нәтижеден сабақ ал да, алға ұмтыл! Кемелдік бір Аллаға ғана тән.

Қазақтың бас адамдары! Әуелі, сіздер адаспаңыздар, адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 57 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: