09:02
Тұлғалану толқындарында

ҒАЙБАТТАН АБАЙ БОЛ!

Қоғамды іштей ірітіп-шірітіп, адам арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіретін жаман әдет – өсек айту. Құранда ғайбат айтуды өлі адамның етін жеуге теңеген. Неліктен? Өйткені өлі адамға не істесең де ол өзін қорғауға, мән-жайды түсіндіруге қауқарсыз. Міне, ғайбатталған адам да өзі жайлы айтылған жаман сөзден өзін қорғай алмайды. Сырттай айтылған сынның түк пайдасы жоқ. Себебі ғайбатталған адам оны өзі тікелей естімегендіктен кемшілікті түзетуге мүмкіншілігі болмайды.

Қандай да бір адам жайлы мейлі ол айтылған жайт оның бойынан табылса да, табылмаса да сырттай жағымсыз әңгіме айту ғайбатқа жатады. Пайғамбарымыз «Ғайбат – кісінің артынан жағымсыз сөз айту болмақ. Егер айтылған кемшілік оның бойында шынымен де бар болса, ол – ғайбат. Ал нақақ жамандасаң, бұл – жала» деп кісінің көңіліне қаяу салатын сырттай айтылған кез келген жағымсыз сөздің өсекке жататындығын ескерткен.

Өкінішке қарай, кейбір кісілер «мұны бетіне де айтамын» немесе «ғайбат болып кетпесін» деп қойып өсектің түр-түрін айтады. Мұндай сөздермен ақталу ғайбат күнәсін ауырлатпаса, жеңілдетпейді. Сондай-ақ «сен оның қандай жаман адам екенін білмейсің ғой, айтсам ғайбат болып кетеді» деу де ғайбаттың ауыр түрі. Себебі жалпылама «өте жаман адам» екендігін айту арқылы тыңдаушыны ауқымды күмәнді ойға жетелейсің. Әсілінде, өсек айту қызғаныш пен кешіре алмаудан туындайды. Өсек арқылы адам іштегі қыжылын кетіруге, сырттай өш алуға, есесін қайтаруға талпынады. Бірақ бұл алыстағы мүлдем естімейтін адамға айқайлап ұрысу секілді түк пайдасы жоқ бекер тірлік. Бетіне айта алмайтын немесе кешіре алмайтын әлсіз, рухани науқас пенденің әрекеті.

Айтылған ғайбат міндетті түрде жамандалған адамның құлағына неше есе ұлғайып, өзгерген кейіпте жетеді. Сондықтан өсек айтуды әдетке айналдырған ғайбатшы басқа адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы мүмкін емес. Абайдың өсек-өтірікті бес дұшпанға теңегені сондықтан.

Кемелдікке ұмтылған жандар өсек-өтіріктен өздерін жоғары ұстайды. Пәс пенделердің деңгейіне түспейді. Олар өсек айту былай тұрсын, әлдебіреулердің сырттай басқаны жамандап, ғайбаттаған сөздерін де тыңдай алмайды. Оларды тыйып тастайды немесе ғайбат айтылған ортадан кетуге асығады.

Саған біреу жайлы ғайбат айтып отырған кісінің сені де басқа біреулерге жамандайтындығын әсте ұмытпа!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 73 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: