21:14
Тұлғалану толқындарында

АДАМ БОЛ, МАЛ ТАП!

Абай хакімнің «Адам бол, мал тап!» деген сөзінің мәні тереңде. Адамдық қасиетке ие болмай тұрып, байлыққа иелік ету соншалық опа бермейді. Өйткені адам баласы өзінің жаратылыстағы миссиясын терең түсінбесе, ол іштегі эгосын уақытша қанағаттандыру үшін өмір сүреді. Яғни нәпсі қалауын тояттандыруға тырысады. Өзгелерден үстем болу, басқалардың назарын өзіне аудару сияқты жалған көріністерге ұмтылғыш келеді. Жұртқа өзін мойындатсам дейді. «Ең ірі байдың бірімін», «Тым мықтымын», т.б. жалған мақсат үшін күндіз-түні тер төгеді. Мұндай кезде оның ішкі эгосы «құдайына» айналады. Сөйтіп, ол өзінің бар әрекетін ішіндегі эго «құдайын» қанағаттандыруға жұмсайды.

Рухани тұрғыдан кемелдене алмаған жандардың қабілет-қарымы жетілген сайын іштегі «мені» қоса семіріп, тәкаппарлығы қатар өсіп отырады. Олар көбінесе байлықты немесе атақ-мансапты өмірінің ұлы мұратына айналдырып алғандықтан, діттеген мақсатына қол жеткізген кезде тәкаппарлыққа бой алдырып жатады. Үнемі басқалардан мақтау-мадақ дәметеді.жасаған жақсылығын міндетсіне бастайды. Ал, керісінше, жиған дүниесінен немесе атақ-мансабынан айырылп қалса, көңілі құлазып, күйзеліске ұшырайды. Өйткені «өмірдің мәні» деп түсінген ақша-байлық, атақ-мансаптан айырылған адам басқаша әрекет етуі әсте мүмкін емес.

Тарихта байлығынан айырылған ірі кәсіпкерлер өзіне қол салған оқиғалар жетіп артылады. Мысалы, Еуропадағы ірі байлардың санатына жататын германиялық миллиардер Адольф Меркель қаржылық дағдарыс уақытында 500 млн-нан аса еуро жоғалтқанын білген сәтте өзіне қол жұмсап, жарық дүниемен қоштасып кете барды. Сол сияқты ұлыбританиялық мультимиллионер, «Olivant Advisers» компаниясының иесі Кирк Стивенсон компаниясы 1,8 милиард доллардан бар болғаны 1,5 миллиард долларға құлдырағаны үшін пойыздың астына түсіп, қаза тапқан.

Дәулет жинап, бай болу – аса терең мәнге ие құбылыс. Мысалы, адам баласына пайдалы кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтып, олардың отбасын асырауларына жағдай жасаймын, жастарды оқу-тоқуға ынталандырамын һәм жан-жақты жетілуіне жағдай туғызып, жақсы азамат болып қалыптасуына көмектесемін деген секілді. Яғни Алла тағала адамға байлықты жеке басы ою үшін емес, жер бетін көркейтсін, жақсылық пен қайырымдылық жасасын деп береді. Егер осы үкімді орындсаңыз, Абай атамыз айтқандай «Алланың сүйікті құлы боласыз». Осы ұлы мақсат жолында жұмсаған дүниең күш-қайратың, сарп еткен уақытың бәрі сауапты іске айналып шыға келеді. Осындағы ұлы мақсат, биік мұратты толық түсінген жағдайда байлықтың мәні ашылады. Олай болмағанда, тек нәпсі тояттандыру үшін ғана ат оздырған, дүние жиған пасық байдың бірі боласыз. Әйтеке бидің:

«Батыр боп жауға найзаң тимесе,

Батырлықтан не пайда?

Бай болып халқыңа пайдаң тимесе,

Байлығыңнан не пайда?» - дегені де осы.

Шәкәрім Құдайберді ұлы малды жан мен ар үшін жию керектігін алға тартады:

«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,

Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.

Арың сатпа, терің сат, адалды ізде,

Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи».

Демек, байлыққа қол жекізу адамның мына дүниедегі негізгі миссиясы бола алмайды. Байлық – ар болғаны ұлы мақсат, биік мұратқа жетудің құралы ғана. Мысалы, атақты имам әрі бай саудагер Әбу Ханифаға өзінің сауда керуені жолда тоналып, дүние-мүлкі түгелдей жоғалды деген хабар жеткен кезде, ол сәл ойланып тұрып: «Аллаға шүкір, - дейді. Кейін ол кісіге: «Керуеніңіз аман-есен, басы бүтін екен. Манағы жаңсақ болды», - деген сүйінші жеткен сәтте де сәл кідіріп: «Аллаға шүкір», - деп үн қатады. Мұны байқап отырғандар:

- Керуеніңіз жоғалғанда да, қайта табылды деген хабар естіген кезде де «Аллаға шүкір» дедіңіз. Мұның мәнісі қалай? – деп сұрайды.

Әбу Ханифа болса:

- Екі жағдайда да жүрегімді тыңдадым, «жоғалды» деп қайғырмады, «табылды» деп шаттанбады. Соған шүкір еттім, - деген екен. Осы оқиғаны естіп сүйсінген бір ақын былай деп толғапты:

Мақсатым ұзақ, алдымда теңіз,

Кетпей ме ұзап, талпынбай жүрсеңіз.

Мәжбүрмін оған – теңізбен өтем,

Дайын ба, кәне, бүтін кемеңіз?!

Әркімге қызық толқынның үні,

Жан біткен суда – қолында жүгі.

Арманың алыс, адыра қалар,

Кемеңнің мінген тесілсе түбі.

Дүние – теңіз, жүрек – бір кеме,

Болмаса сабақ, айтайын неге?!

Астарын ұғын, ақылға жүгін,

Жоқ-барды жырлап, нені айттың деме!

Десе дегендей, дүние бейне бір теңіз іспетті. Егер адамның ниеті асыл мұрат пен биік мақсатқа құрылмаса, жарты жолда кемесі тесіледі. Тесілген кеме суға батып жағаға жете алмайтыны сияқты, ішіне дүние толған жүрек биік мақсатқа жете алмайды. Ұлы мақсатқа жету үшін жүрек кемеңізге дүние-суы кірмеуі шарт. Қол – мүлікте, көңіл Мәликте (бар мүліктің негізгі иесі Аллада) болуы маңызды. Бұлай болмаған жағдайда адам баласы тұғырынан тайып, таттана бастайды.

Адамзаттың таттануы – түрлі қасіреттер мен зұлымдықтарға жол ашады. Бұл жайында түрік ойшылы, әлеуметтанушы ғалым Жемил Мерич: «Адам сүю үшін, ал дүние-мүлік қолдану үшін жаратылған. Әлемдегі бүгінгі хаос керісінше дүние-мүлікті сүйіп, адамды елемеуден туындап жатыр», - деген екен.

Олай болмаса, өмірдегі мақсатымыз, армандаған жетістіктеріміз ұлы мұрат пен биік мақсат аясында қарастырылса ғана биік аңсарға айналады. Сонда сен «адами қарызыңды» өтейсің, Алланың сүйікті құлы боласың! Олай болса, байлық сені емес, сен байлықты басқар. Дүние саған қызмет етсін!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 76 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: