10:01
Тұлғалану толқындарында

ЗЕЙІН ҚОЙЫП, МҰҚИЯТ ТЫҢДА!

Алдыңыздағы адам сізге ашылып сөйлемесе, оның жағдайын, көңіл-күйін, мәселесінің түпкі мәні мен негізгі себебін қалай түсінбексіз? Ал түсінбсеңіз, оған қалай көмектесе аласыз? Ендеше, алдыңыздағы адам толық ашылып, ақтарылуы үшін сіз зейін қойып, жан-тәніңізбен тыңдай біліңіз. Сөздеріне мұқият құлақ түріңіз.

Адамдар көбінесе алдындағы адамның сөзін аяғына сөзін аяғына дейін зейін қойып тыңдамайды. Тіпті «А, солай ма, дұрыс екен» деп тыңдап отырғандай кейіп танытады. немесе тыңдауды сөйлеушінің сөзін бөлмей отыру деп түсінеді. Кісі сөйлеп жатқанда оған қалай оңтайлы жауап берудің қамына көшеді. Тыңдаған кейіп танытса да, ойының басқа жақта екендігі, атүсті, тиіп-қашып құлықсыз отырғаны көрініп тұрады. Тіпті «сөзіңді тезірек бітір, енді мен сөйлейін» дегенге саятын ашық әрекеттерге де барады. Мұндай әрекеттерін байқаған адам толық ашылып сөйлеспейді. Ол адаммен қарым-қатынас құрудан қашады.

Өзі туралы ғана аузы көпіірп, тоқтаусыз айта беру, басқа адам сөйлеп жатқанда қандай да бір ой туа қалса, әңгімесін аяқтауын күтіп жатпастан сөзін бөліп, килігу – өзін ғана ойлайтын өзімшіл адамдардың әрекеті. Мұндай әрекеттер айналаңдағы адамдардың саған деген көңілін суытады.

Пайғамбарымыз сөйлескенде, амандасқанда адамдарға денесімен толық бұрылатын. Адамның сөзін мұқият тыңдайтын, тіпті бала болса да, түсінуге, оқиғаның неден, қалай орын алғандығына мән беретін еді.

Кісіні тыңдай білу – ең әуелі оған деген құрметтің белгісі. Сөзін тыңдап отырған адамға қарай дененңізді барынша бұрып, аздап иіліңкіреп отырыңыз. Көз байланысы құруды ұмытпаңыз. Сөзін соңына дейін асықпай, сабырмен тыңдаңыз. Бір сәт бұл мәселеге қатысты көзқарасыңды қоя тұрып, неліктен бұлай ойлайтындығын, қандай себеппен, нендей көңіл-күйде мұндай әрекетке барғандығын, шын мәнінде не болғандығын ұғуға талпынғаныңыз жөн. Мәселенің негізгі себебін білген соң ғана шешім айтқан жөн.

Сұхбат барысында тергеуші немесе сынаушы кейпіндегі сұрақтар қоймаңыз. Керісінше, оны шынайы тыңдап отырғаныңызды білдіретін, әңгімесіне аса қызығушылық байқататын, оның ашылып сөйлеуіне жағдай туғызатын сұрақтар қойып отырыңыз. Бірақ әртүрлі қажетсіз сауалдарды төпелетіп қойып, жаңылдырмаңыз. Мұндай жағдайда тыңдаушы: «Бұл оған не үшін қажет?» - деп күмәндана қарайтын болады. Іштей қауіптенгендіктен, сізге сырын ақтарып, ашып айтпайды.

Адамдарды жан-тәнімен тыңдай білетін тұлғалардың бірі Зигмунд Фрейд екен. Онымен кездескен адамдар: «Фрейдтен басқа адамадрда жоқ қасиетті байқадым. Оның көздері өңменіңнен өтетін суық емес, керісінше күлімдеп, шуақ шашып тұрады. Жұмбақтап сөйлегенді жаны қаламайды. Алайда оның сізге деген ықыласы, айтар ойымды дұрыстап жеткізе алмасам да, оның жоғары бағалауы басқа адамдарға ұқсамайды», - деп баға беретін болған.

Эмпатиямен тыңдау – мәселені шешуден бұрын адамның жанын түсіну. Рухани демеу беріп, қолдау көрсету болмақ. Жай ғана көңіл бөліп, шынайы тыңдаудың өзі көп адамның жан дүниесіне дауа болмақ. Бір психологтің: «Маған психологиялық көмек сұрап келген кісіні ең әуелі мұқият, асықпай тыңдаймын. Тыңдаған сайын ол ашылып сөйлейді. Арасында көбірек сөйлету үшін сұрақтар қойып отырамын. Ішіндегі шерін тарқатады, жиналған барлық эмоциясын шығарады. Мен алғашқы кездесуде көп нәрсе айтпасам да, оның кетер кезде көңілі көтеріліп, әжептәуір жақсы болып қалғанын байқаймын», - дегені бар еді.

Иә, сіздің шынайы жан-тәніңізбен тыңдағаныңызды сезген сәтте сөйлеп отырған адам да шынайы сөйлеуге тырысады. Айтылмаған сөздерін ағытып, ішіндегісін бүкпесіз ақтара бастайды. Саған деген құрметі артып, өз кезегінде ол да сені мұқият тыңдауға, түсінуге ниетті болады. Арадағы қарым-қатынас беки түседі. Кез келген пенде өзін ден қойып тыңдайтын, жан дүниесін түсінетін адамды іздейді. Сондықтан алдыңыздағы адамның сөзін аяғына дейін тыңдамай жатып ақыл айтудан аулақ болыңыз.

Эмпатиямен, яғни жан-тәніңмен уақыт бөліп тыңдаудың көп уақыт алатыны сөзсіз. Бірақ бұлай жасау арқылы сіз болашақта көп уақыт үнемдейсіз. Мысалы, кез келген дәрігер үшін қанша уақыт кетсе де, науқас адамға дұрыс диагноз қоюы аса маңызды. «Өте асығыс едім» деп кез келген дәрі-дәрмекті бере салмайтыны түсінікті. Ендеше, уақытыңызды алса да, эмпатиямен тыңдауды үйреніңіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 71 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: