20:41
Тұлғалану толқындарында

ЖАМАНДЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ

Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі,

Жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі.

Мақал

Кемшіліксіз адам жоқ. Пенде болған соң бірде артық, бірде кем кетеді. Енді бірде әлсіз мінезі сыр беріп, қателікке ұрынады. Тағы бір ретте сабырсыздыққа салынып, айналасын ренжітіп жатады. Кейде көрінуге тиіс биіктен көріне алмай әлсіздік танытады.

Кемелдікке ұмтылған жандар қателескен адамға әрдайым кеңшілік танытып, жамандығына жақсылықпен жауап береді. Күннің шуағы суық мұзды еріткені тәрізді ізгілік те жамандықты жояды. Көңілдегі кірбіңді кетіреді.

Жамандығына жақсылық көрген адам жіберген өз қателігін мойындайды. Ар-ожданы оянып, ынсапқа келеді. Ал жамандыққа жамандық көбінесе дұшпандыққа ұласады. Көкірекке кек байлатады. Ақыл мен жүректі тұмшалап, қателікті мойындауға мұрсат бермейді.

Құранда «Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықты қолыңнан келген ең керемет жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғаның көресің. Алайда ондай кемелдікке сабырлық таныта білгендер мен адами қасиет пен жақсылықтан нәсібі мол болған жандар ғана қол жеткізбек» («Фуссилат» сүресі, 34-35 аят) делінген.

Мәшһүр Жүсіп жамандыққа жақсылықты мінез еткен кісінің досы көп болатындығын білдірген.

Дос, жолдас қылам десең қауым, көпті,

Бойыңа үйір қылма өкпе, кекті!

Жамандыққа жақсылық мінез қылып,

Бола бер бәріне де ыңғайлы, епті.

Бәреу айғайлап сөйлегенде байсалды мінез танытып, мәдениетті түрде жауап беру де жаманшылыққа жақсылық болмақ. Ашуланып, сізге ұнамайтын сөздер қолдана бастаған кісіге, керісінше жақсы сөзіңізді арнап, игі тілек тілесеңіз, көп жағдайда әлгі адамның ашуы басылып, әуелгі райынан қайтады.

Есіңде болсын: жамандыққа жақсылық жасағанда, бұл ісіңді ешқашан міндетсінбе әрі қайтарым күтіп, дәмеленуші болма! Жаса және ұмыт!

Елден мейірім күтсең, әуелі өзің мейірбан бол. Кездескен адамыңнан күлімсіреген көңіл-күй көргің келсе, сен де әрдайым адамдарға жайдарлы жүзіңді сыйла. Жұрттан жылы сөз естігің келсе, сен де оларға жылы сөзіңді аяма! Айналаңмен жақсы қарым-қатынаста болғың келсе, сен де жұртқа жомарт жүрек, мәрт мінез таныт! Өйткені адамдардың бізге жасаған қарым-қатынасы – біздің оларға көрсеткен мінезіміздің жаңғырығы. Не жасасаң, соның жаңғырығын естуге һәм көруге дайын бол! Саған ұнамаған жаңғырық үшін адамдарды емес, тек өзіңді кінәла!

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 85 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: