12:11
Тұлғалану толқындарында

ТӘНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ

Денең жан нұрлы болса, жөнделмек.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Адам баласы – жан мен тәннен тұратын ғажайып жаратылыс. Бұ дүниесі мен ақыретіне мән бергені сияқты адам баласы жаны мен тәніне де солай көңіл бөлуге тиіс. Адамның денсаулығы жақсы болса, Алла тағала бойына дарытқан қабілет-қарымды толық пайдалана алады. Нәтижесінде, адамдық қарызын өтеп, жетістікке жетеді.

Көздеген мақсатқа жету үшін адамға ең әуелі ішкі энергия, бойдағы қуат қажет. Ал ол болмаған жерде жалқаулық пен еріншектік бой көрсетеді. Оған басатған істі аяғына жеткізе алмайтын шалағайлық еріп жүреді. Желкеден кері тартып тұратын кежір мінез, Абай айтқандай «Ұйқылы-ояу, бойкүйез» жағдайға тап болады. Қазақтың «Тәні саудың – жаны сау» деп мақалдайтыны сондықтан. Дініміз тәннің саулығына аса мән берген. Алла елшісі (с.а.у.) мәшһүр хадисінде адам баласы қадірін білуге тиіс екі ұлы нығметті атап өтеді. Біріншісі – денсаулық болса, екіншісі – бос уақыт.

Адам тіршілігі тыныс алу мен дем шығарудан тұрады. Осы процесс бір сәт тоқтаса, кез келген тіршілік иесінің өмірі аяқталады. Мәшһүрдің «Бір дем ішке, бір дем кері» пәлсапасының мәні осы. Бұл процесс өз кезегінде адам денсаулығына тікелей қатысты болғандықтан, Мәшһүр Жүсіп: «Адамның денесі екі нәрсенің күшімен саламат тұрады. Бұл екі нәрсенің бірі – қызыл қан, бірі – бұзылған қара қан. Таза қызыл қан екі дем алыстың бірімен ауадан ішке қарай кіре береді. Жүрекке барып, жүректен әрі күллі денені аралап қайтуында қара қан (көмірқышқыл газына айналып) болып, тағы жүрекке келіп, дем алыс жолымен далаға шығып тұрады. Міне, Құдіреттің шеберлігі: ішке қарай кірген дем – қызыл қан, далаға шыққан дем – қара қан. Сол үшін айтылады: «Бір дем әрі, бір дем бері». Осы екі дем алыстың бірі тоқтаса, адам бірден өледі», - дей отырып, алты нәрсенің маңыздылығын атап өтеді:

  1. Бұл екі дем алысқа жақсы ауа керек. Адам өзін таза ауада сақтауы керек.
  2. Бұл екі дем алысқа күш беруге жақсы тамақ керек. Қазақ мақалында «Ауру – астан, дау – қарындастан» деп айтылады.
  3. Екі дем алысқа күш беруге әрекет өскін (үскін): қазақша айтқанда қимыл-қозғалыс керек.
  4. Ұйқы мен ояулықты қалыбынан асырмай, кемітпей, орта әдетпен үйрету керек.
  5. Шатлық керек. Адам өз көңілін өзі төмендетпеуі керек. Қазақта «Ит өз құйрығын өзі алып жүрмесе, оны кім алып жүреді?» деген мақал бар. Оның мәнісі – адам өз көңілін өзі көтеріп жүру керек деген сөз.
  6. Ашу, қорқу, өкініш сияқты сезімдерден аулақ болу керек. Бұл айтылғандардың бірде-бірі адамда жоқ болса, ол ауруға шалдығады. Не қалпынан асып кетсе, онда да жаман болады. Аса қорыққаннан, аса қуанғаннан, не зор ашу қысқаннан өліп кеткендер де болған.

Мәшһүр Жүсіптің денсаулықты күтуге қатысты атап өткен жоғарыдағы шарттардың ғылыми астары барын аңғару қиын емес. Аталған шарттарды ғылыми еңбектерден де кездестіруге болады.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 98 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: