12:05
Тұлғалану толқындарында

ТАЙМ-МЕНЕДЖМЕНТ

Денсаулық пен бос уақыт – адам баласы қадірін бағалай алмай алданып қалатын екі байлығы.

Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар

Уақыт – ең үлкен сый және адамзатқа тегін берілген аса құнды ресурс. Уақыт – байға да, кедейге де, даладағыға да, қаладағыға да ортақ. Бір тәулік, яғни 24 сағат немесе 1440 минут жас-кәрі, еркек-әйел демей барлығымызға бірдей берілген. Қолыңызды көкірегіңізге қойып, жүрек қағысын тыңдаңыз: дүрс, дүрс... Әрбір тыныс алған деміңізге мән беріңіз. Сіз жүрек қағысын, шығраған әрбір деміңізді ешқашан кері қайтара алмайсыз. Жиған байлығыңды жоғалтсаң, еңбектеніп орнын қайта толтыруға болады. Достарыңды жоғалтсаң, олардың орнына жаңа достар табылады. Ал уақытыңды жоғалтып алсаң, оның орнын еш нәрсе толтыра алмайды. Өйткені уақыт керіп айналмайды. Сондықтан ең әуелі уақытты жоспарлауды үйренуіміз керек.

Қолымыздағы құнды дүниелерге барынша мұқияттық танытатынымыз айтпаса да түсінікті. Мысалы, ақшамызды банкте немесе ең сенімді жерде сақтаймыз. Оны қалай болса солай көшеде кездескен кім көрінгенге жөн-жосызсыз тарата бермейміз. Алайда құр босқа жоғалтқан жастық шақ пен күш-қайратына, есіл кеткен уақытына адамдар қайғырып жатпайды. Қымбат уақытын баянсыз іске жұмсап, уақыттың өзіне ұрлатады. Уақыт атты ең бағалы ресурсын жеге шашып, бос нәрселерге оп-оңай айырбастай салады. Мұның бәрі уақыт құндылығын дұрыс бағаламаудан туындайды.

Әсіресе біздің қоғамда бір-біріміздің уақытымызды жеу кең етек алған. Көпшілік халық шақырылған жерге, тойға, қонаққа уақытында бара бермейді. Тойымыз ең ерте дегенде екі сағатқа кешігіп барып басталады.

Той басталғаннан кейін кем дегенде 5-6 сағатымызды даңғаза ән мен мәні азайған «жиналыс тілектерге» кетірудеміз. Қонаққа барсақ та солай. Бәрі бір уақытта жиналмайды. Уақытында келгендер үнемі кешігіп жүретін «қадірлі» қонақтарды күтіп отырады. Түннің бір уағына дейін жалғасатын той, кез келген отырыс келесі күннің энергиясын ұрлап, өнімділігін кемітіп жатқанын көбіміз ескере бермейміз.

Ең сорақысы, кешіккен адам «біреудің уақытын ұрладым» деп өзін кінәлі сезінбейді. Ол үшін кешігу қалыпты жағдай. Мұндай қоғамда ешқашан даму да, алға жылжу да болмайды. Ал керісінше, әрбір минутын орынды жұмсап, әрбір сағатын дұрыс жоспарлап, тиімді пайдаланатын жеке адам да, қоғам да өркениеттің көшін бастап, алға қарыштап дами береді.

Күндіз-түні әлеуметтік желіде телефон шұқылап, одан қалса теледидардың алдында телміріп отырып, арзан қалжың, бітпейтін мәні жоқ сериалдар тамашалаумен бар ғұмырын өткізіп жатқандар қаншама?! Кейбір зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда смартфонды орташа қолданатын адамның өзі оны күніне 2617 рет, ал көбірек қолданатындары 5400 дүркін түртеді екен. Apple компаниясы Айфонды белсенді қолданушылар күніне 80 рет, сағатына 7-8 рет қарайтынын растаған.

Уақытын тиімді пайдалана алмаған адамдар оның үнемі жетпей жатқандығын айтып шағымданады. Жаңа нәрсені үйренуге, қандай да бір істі жасауға уақыт тапшылығы себеп деу шындықпен жанаса бермейді. Мысалы, артына мол мұра қалдырған Әл-Фараби, Яссау, Ұлықбек, Абай мен шәкәрім тәрізді барлық жасампаз ұлы тұлғаларға берілген уақыт мөлшері бізге де берілген. Арадағы айырмашылықы – көпшілік уақытты әйтеуір өткізуді, ал ұлы адамдар оны тиімді пайдалануды ойлайды.

Мысалы, 45 жасында дүние салған Имам Нәуауи бес жүз томға жуық құнды еңбек жазып кетті. Ол күндік намаз, ораза, зікір секілді құлшылықтарымен қатар ғылымға, кітап жазуға уақыт табу үшін әр минутын тиімді пайдаланудың жолын іздеген. Ғұламаның күніне бір-ақ рет тамақ жегендігі, жолда кетіп бара жатқанда да пайдалы істермен айналысқандығы айтылады. 45 жас ұзақ ғұмыр емес. бірақ артында мұншалық көп құнды мұра қалдыруы – оның уақытты өте тиімді пайдаланғандығының көрінісі. Сондықтан ғұмырдың ұзақтығы – көп жыл өмір сүрумен емес, қысқа болса да уақытты тиімді пайдаланып, дұрыс нәрселерге жұмсаумен өлшенеді. Ал бос нәрсемен өткен ұзақ ғұмыр – жоғалған көп уақыт қана.

Орынсыз жұмсалған ақшаның ысыраптығын, желінбей босқа төгілген астың обалдығын жиі айтамыз. Ал уақыттың ше? Есіл кеткен уақыттың ысыраптығы мен обалдығы неліктен жиі айтылып, әрбіріміздің бас уайымымызға айналмайды?!

Уақыт – адам баласына Жаратушы тарапынан берілген ұлы нығмет. Ақыретте бұл нығметтен сөзсіз сұраламыз. Алл елшісінің (с.а.у.) бір хадисінде былай делінеді: «Қиямет күні адам баласы мына нәрселерден сұралып, есебін толық бермейінше, Алланың құзырынан жіберілмейді:

  1. Ғұмырын не істеп тауысқандығы;
  2. Жастық шағын қандай іспен өткізгендігі;
  3. Ақшасы мен дүниесін қандай жолмен тапқандығы;
  4. Қаржысын қайда жұмсағандығы;
  5. Үйренген біліміне қаншалық деңгейде амал еткендігі.».

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының Абай атындағы №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 102 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: