21:22
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚҰС АТАУЛАРЫ және КЕЙБІРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Бүркіттерге және олардың ерекшеліктеріне арнайы тоқталған дұрыс болар деп есептейміз:

Жұмыртқадан жарып шыққан бүркіт балапаны – ақүрпек.

Қанат-қауырсыны шыққан кездегі атауы – темірқанат.

Жүндері қошқылдана басатған кезде – қарақанат дейді.

Бір жасар бүркіт – балапан құс.

Екінші жасқа аяқ басқанда – тірнек дейді.

Үш жаста – тастүлек әрі қантүбіт атаған.

Төрт жасқа толғанға дейін бұл жаста құйрығы мен қанатының астында ағы болады.

Төрт жасары – тастүлек анабүркіт аталады.

Бес жасар бүркіт – мұзбалақ. Бұл жаста құйрығы мен қанатының астындағы ақтар жоғалып байқалмайды.

Алты жасар бүркіт – көктүбіт аталған.

Жеті жасар бүркіт – қана немесе құмтүлек деген атау алған.

Сегіз жасары – жаңа әрі қутүлек атанған.

Тоғыз жасар бүркіт – майтүбіт (сұмтүлек, қоңыртүлек).

Он жасында – барқын (кәрі түлек) атанған.

Он бір жасар бүркіт – баршын (ақтүлек) кәрі бүркітке жатады.

Он екі жасар бүркіт – шөгел (ақыр түлек) деген аттар алған.

Бап таңдамайтын бүркітті нағыз қыран десе, баулуға оңайлықпен көнбейтін, тез үйірлеспейтін, сылап-сипағанды жақтырмайтын бүркітті мінезді қыңыр, шәркез бүркіт деген.

Іс-әрекеттеріне қарап бүркітті батыр құс, қу қыс деп бөледі. Батыр құс аңғал, албырт, қомағай, жүректі, күшті, аңға өршеленсе, қу құс адамға тез үйір болмайды, аң алғанда көп алыса қоймайды екен. Қу бүркіттің жүні жіңішке, сырты жылтыр қара, тұяғы иір, жылан бас, су көз келеді. Бұлар күшті аңдарға түспейді, қаршыға, сұңқар қатарлы құстардың жемін тартып жеуге әуес болғандықтан мырза құс атанған. Сондықтан да қу бүркіт – мырза құс күйшіл болатын көрінеді.

Бүркіт есейген сайын табиғи ақшылдарынан басқасы түр-түсін өзгертіп отырады. Ақшыл құстардың жемсау арасы, екі жақ қаптал жүндері қызғылт сары түске айналады. Әрі құйрық түбінің үстіңгі жапырақ жүндері мен балақ шудалары, санындағы ақ бұршақ жүндер қызғылт сары түске өзгереді. Мұндай түске өзгерген бүркітке құсбегілер қандыбалақ деп ат қойған.

Ал кеңсірігі, саусақ салалары түлеген сайын тотияйындай көкшілденген бүркітті – көк аяқтанған, көк тұмсықтанған бүркіт деген.

Есейгенде құйрық шалғыдағы ағы тарландай бастаған бүркітті – тарлан бүркіт деген. Тарлан бүркіт алымыр қыран келеді.

Балапан бүркіттің құйрық ұшы екі елідей қара болып, жоғары жағы ақ болады. Сол ақ жолақтың екі жағында шашыранды қара ноқаттар кездесіп тұрса, ол бүркіт – қара арлан, ноқат жоқ болса, жай тарлан атайды. Ондай бүркіт жақсы қыран бола алмайды. Шашыранды ноқаттар қызғылтым, жүні ұзын әрі толық болса, бұл – нағыз тарлан болғаны. Мұндай бүркіт нағыз қыран болады.

Үлкейіп марқаланған бүркіттің балақ жүні төмендеу бітсе, ол – жолды құс болғаны.

Жіліншік жүні жоғары жағына біткен болса, ол – сидам сирақты жолсыз құс болғаны.

Балақ жүні қалың, саусақтарының арасында төгіліп тұрған бүркіт ол – қыран бүркіт – аңшағар болғаны. Мұндай бүркіттің толарсақ сүйегінің басы жуан, жіліншік жағы сүйірлеу болып бітеді. Егер жіліншік сүйектерінің бас-аяғы бірдей болған жағдайда, мұндай бүркіт желмен ұшатын шабан, бапшыл болғаны.  

баспаға әзірлеген                                                  

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 38 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: