11:37
Рухани-танымдық сүрлеулер

ҚҰС АТАУЛАРЫ және КЕЙБІРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Самұрық – мифологияда бүркіттің ең зоры, құстардың патшасы.

Тоқылдақтар: қара тоқылдақ, үлкен ала тоқылдақ, кіші ала тоқылдақ, жасыл тоқылдақ, үш саусақты тоқылдақ.

Әнші бұлбұлдың түрлері. Кәдімгі шығыс бұлбұлы, зортұмсық оңтүстік бұлбұлы. Сандуғаш атауын да алған.

Кептер – көгершін. Сондай-ақ, тау орамандарындағы кептерді сақау кептер және тұртұр деп атайды.

Құмай қыран құсы – сақалтай, сақалды, бородач, қозықұмай, қозыжегіш, сақалдақ.

Көксіл – ол алғыр, қажымас қайсар қыран. Ал күшігеніміз – ол тазқара.

Құрқылтай (колибри) – кәдімгі құрқылтай, қамыс құрқылтайы, қарабас құрқылтай, тоқымашы деген де жанама атауы бар.

 

Бүркіттерге және олардың ерекшеліктеріне арнайы тоқталған дұрыс болар деп есептейміз:

Туып өскен мекеніне қарай бүркітке тау құсы, құз құсы, ой құсы деп ат берілген. Бітімі кесек, кеуделі болып келсе, ол құз құсы болғаны. Ал денесі шағын, ықшамды, жинақы бітімді ол – ой құсы. Ой құсының екі иығындағы ақ теңбіліне қарап, ақсеңгір деп әспеттеген. Бүркіттердің сипатына қарап мұзбалақ, төртперен, төртсары деп те атайды. Ұрғашы бүркіттің тұрқы 110 сантиметрдің айналасында алғыр болғандықтан қыран десе, еркек бүркіттің денесі шағын – тұрқы 80 сантиметрдей, қуаты әлсіз, нашарлау келгендіктен шәулі немесе сарша деп те атайды.

Бүркіттің мекені мен бітіміне қарай атаулары көп. Мысалы: даламан – ақиық, алғыр тұқымды, аққұйрықты субүркіт, кезқұйрықты субүркіт, бақалтақ қыран, садақсан, жер атын қосып қаракер, қанды көз, сары құс, ақ балапан, аққнат, ақбұршақ, бақабас, бұқатана, барқын, қандыбалақ, қырансары, құлашкер, кершолақ, тақыр тірнек, мартулы қыран, ішжарғыш, кәрішөгел, шегір паян, көк сарша, ұзын шуда, құртырнақ, шырғашыл, жөлер... т.б. болып кете береді.

Биік құздарға ұя салатын бүркіттің балапаны қаракер, көксұрлы болып келсе, бетбақты жердің балапаны қызыл жирен болады екен.

Бүркіттерді өскен өлкелеріне қарап Оралдың мұзбалағы, алтайдың ақиығы, шөгелдер деп атаған.

Орал мұзбалағы қылаң түсті, басы қара қоңыр, иық жүндері сырт қарағанда ақтеңбіл, бауыры керітарлан, балақ жүндері кершұбар, қанат асты қарасы аз, қоңыр аңнан қаймықпайтын қайратты келеді.

Алтайдың ақиығы – балақ, бауыр жүндері қоңыр қаратарлан, өте ірі, қарулы қыран. Олардың шұбар төс, ақ білек, мұзбалақ түрлері бар.

Шөгелдер екі түрлі. Өте қуатты. Олар: мұзбалақ және шашақты шөгел. Мұзбалақ шөгелдің балақ жүні шудаланып, саусағына түседі.

Шашақты шөгелдің шүйдесі шығыңқы, саусақты, тарғыл тырнақты.

Академик Әлкей Марғұлан бүркітті мекендеріне қарай 12 түрге бөліпті. Олар:

Орал мен Батыс Сібірде болатын – Қазықтының қарагері. Сарысу мен Шудың таулы жерлерінде Қаратауды мекендейтін бүркіттер – құмның қызыл көзі. Тағы осылар сияқты – желектінің жирен тұяғы, қарағайдың қоңырлысы, есбалақтың есерсоғы, орманды жерде болатын – өлтірмей бермес Өтеген, таулы, қайыңды жердің – Ертістің сарышолағы, өте көнбіс келетін – несібелі байғасқа, биіктен шолатын нағыз қыран – қарашегір, бап таңдайтын шапшаң – сарықұс, шөгел тұқымдас – сарышегір, дөресіннің тұяғы.  

баспаға әзірлеген                                                  

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: