20:26
Рухани-танымдық сүрлеулер

ЖЫЛҚЫНЫҢ ЖАНДҮНИЕСІНЕ ҮҢІЛІП БІР КӨРШІ, ҚЫРЫ МЕН СЫРЫН БОЙЫҢА СІҢІРЕ БЕРШІ

Жылқының мінез-әрекеттері мен үн шығаруларына қарай берілген атаулары:

Бас асау жылқы – сирек ұсталатындықтан шалқая осқырынып, жүгендетпейтін, мойнына қамыт кигізуі қиын жылқы.

Безер жылқы – құлағын жымитып, тістеп, теуіп маңына мал тұрмақ, адамды да жолатпауға түрліше әрекет ететін мал.

Жеруік – су талғағыш, судан жерігіш жылқы.

Шәді жылқы – жуасуға көнбейтін, шәлкес мінезді, тентек, бұғаулап ұстаған кезде қорс ете түсіп, шалқалай құлай кететін жылқы. ондай жылқының көзінің ағы мол, қарасы аз, алакөз болып келеді.

Қара тартқыш – жол жүріп келе жатып, қарсы келе жатқан көліктіге, алдағы кез келген ауылға жалт бұрылып жүруге әдеттенген жылқы.

Шегіншек, кекжек жылқы – ілгері баспай, жетекке жүрместен тартыншақтап, шегініп тұрып алатын жылқы.

Жебір жылқы – байланып тұрған жеріндегі кез келген нәрсені кеміріп, қажап, мүжіп тұратын мал.

Жерқорқақ жылқы – аяғын батылданып еркін баспай, кібіртіктете, өте баяу қозғалатын мал.

Жерсінбеу – жаңа өңірге өріс ауыстырғанда шөбі ен суын өгейсіп, малдың жүдеп, тым арықтап кету кезеңі.

Желдеу – аңызақ, ыстық пен тым тымырсық түндерде шыбын-шіркейден, масадан қорғану үшін, жылқының желге қарсы қарап тұру әрекеті.

Үйездеу – күннің аптап ыстығында маса-шыбыннан, сона-бөгелектен қорғану үшін жылқылардың топтанып алып, бірінің көлеңкесіне бірі бастарын тыға тұрып, жоғары-төмен шұлғылап, изеп тұруы.

Шыбындау – аңызақ күндері жылқының шыбын-шіркейден, бөгелек, сонадан қорғану үшін, құйрықтарымен сипаңдата шалғылап, басын изеңдетіп тұру әрекеті.

Масалау – іңір мен түнгі кездердегі жылқылардың маса буып кеткен жағдайларда, жайыла алмастан қорғалақтанып, түнгі самал желге қарсы жүре оттап, жүріп кету әрекеті.

Шұдғу – жылқының шыбын-шіркейден қорғану үшін, иектерін жоғары-төменді көтеріп, бас изеуі.

Оқырану – айғырдың шағылысу кезіндегі, жемдеудегі жылқының жем әкелгендегі, құлынды биенің құлынына мекіреніп шығарар үні.

Кісінеу – айғырдың үйірінен бөліп әкеткендегі үйірін іздеп, биенің өз құлынын іздеп, топтан бөлінген байлаулы не арқандаулы жылқының бар даусымен шығаратын үні.

Осқырыну – жылқының тосыннан сескеніп, секем алып, қорқыныштан танауынан шығаратын дыбысы.

Пысқырыну – жылқылардың жайылып жүріп, танауына тұрып қалған шаң-тозаңнан шығарар дыбысы.

Шұрқырасу – тосыннан келген ықпалдың әсерінен жылқылар шошығанда шығаратын үн.

Ықылықтау – жасы кіші құлын-тайлардың үлкен жылқыдан жасқанып, аузын шайнаңдату әрекеті.

Кісіней оқырану – күйі келген биеге шағылысарда айғырдың ұмтылғандағы шығарар үні.

Шыңғырысу – айғыр мен күйі келген биенің иіскелесіп мекіренгендегі шығаратын үндері.

Ышқына кісінеу оқырану – үйірін іздеген айғырдың қаттырақ ышқына кісінеп, бірте-бірте бөле бәсеңдете жай кісінеу емеуірінін көрсетуі.

Айғыр талас – екі айғырдың кісінесе келіп, тезектерін иіскесіп, жер тарпитебісіп, тістесуі.

Шыңғыру – жылқыны бұғалықтап байлағанда немесе қасқыр тартып шошып қиналғанда шығарар үні.

Іңір жусау және түн жусау – үйірлі жылқының тиісінше, кешкі және түн ортасы болған мезгілдерде от оттаймай тыныстап, демалып тұруы.

Таңғы жусау – оты қанып, тойған жылқылардың от оттамай, таң алдында тоғын басып, демалуы.

Ойнақтау – көкке тойынғанда, сонан соң күзгі салқында суық су ішіп іш мұздағанда, жас саяқтардың ойын салып, қуысып, тістесіп, ала шапқын болу сәті.

Мөңку – бас асау тай-құнандарды үйреткенде, басын төменге салып, артқы аяқтарын жоғарыға көтеріп тебінуі.

баспаға әзірлеген                                                  

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 57 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: