08:56
Рухани-танымдық сүрлеулер

ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТҰҚЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІНЕН ӨРБИТІН АТАУЛАРЫН БІЛІП, ЖАДЫҢА САҚТАҒАННАН ЕШ ҰТЫЛМАЙСЫҢ

Түйе атаулары

Түйенің, пірі, сақтаушысы, атасы – Ойсылқара.

«Ойсылқара – келенің бурасы екен, буралығын білдірген шудасы екен» деп, ел аузындағы айтылған аңыз бойынша Ойсылқара – ең алғаш түйе бағып, түйе атасы атанған Уайсхарра есімді қасиеті зор арабтың құрметіне осылай аталып кеткен.

Түйе – бір және екі өркешті ірі маңғаз мал. Күйіс қайырады.

Түйенің жалпы атаулары:

Айыр түйе – қос өркешті, нар түйе – жалғыз өркешті түйелер. Ал жалғыз өркешті піштірілген еркек түйені де нар деп атайды.

Ішінде ботасы бар аналықтарын буаз, ботасы болмағандарын қысыр деп атайды.

Түйелердің шағылысу кезеңі қаңтардан басталып, сәуірге дейін созылады. Үлек 30 түйені, ал бура 20 тү        йені қашыру мүмкіндігіне ие. Еркек түйе шағылысуға бес жастан түссе, ал ұрғашы түйе төрт жаста-ақ бота әкеледі.

Бір өркешті түйенің буаз болу уақыты он екі айға, ал қос өркештінікі – он төрт айға дейін созылады.

Енді түйе атауларына тоқталайық.

Бура – айыр түйенің таза тұқымды келеге түсетін аталығы.

Үлек – бұйра жүнді, бойы биік, алқымдарында ұзын жүні бар, шал құйрықты, жалғыз өркешті нар түйенің таза тұқымды аталығы.

Інген – қос өркешті айыр түйенің аналығы.

Інгенше – бес жасқа жетпеген, боталамаған айыр түйе.

Аруана – жалғыз өркешті таза тұқымды бұйра жүнді түйенің аналығы. Ұзын емшекті келеді, сүтті көп береді.

Мая – жалғыз өркешті нар түйенің аналығы – аруананың қосымша атауы.

Кейуана – жалғыз өркешті құрметті кәрі түйе.

Бота, көшек – жасқа толмаған түйе төлінің жалпы атауы.

Нарбота – аруананың жасқа толмаған төлі.

Нарша – жас нар.

Қоспақ – өркешінің ұшы ғана айыр, інген мен үлекті будандастырудан алынған ұрпақ.

Нарқоспақ – аруана мен бураның буданы.

Балқоспақ – бура мен маяның айыр түйеге ұқсап туған буданы.

Ләкір – таза қанды бура мен аруанадан туған ұрпақ.

Жампоз – жалғыз өркешті аруана мен айыр түйенің бурасынан алынған асыл тұқымды ұрпақ.

Біртума – бір өркешті нар түйенің аталығы – үлек пен інгеннің немесе бура мен аруананың бірінші ұрпағы.

Түс айыр – таза тұқымды айыр түйенің бурасы мен інгенінен алынған бірінші бота.

Арақоспақ – таза тұқымды бура мен мырзақоспақ не балқоспақ інгеннің тұқымы.

Әле нар – таза қанды үлек пен аруананың ұрпағы.

Мырзақоспақ – бура мен балқоспақтан туған нардың үшінші ұрпағы. Дене бітімі мығым, жүні бұйра, түрі сиықсыздау, өркештерінің арасы алшақ емес, бір адам сиярлық кішкентай.

Арақоспақ – таза тұқымды бура мен мырзақоспақ не балқоспақ інгеннен алынған тұқым. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген                                                  

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 66 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: